Қайрат Нұртастың директорымен эксклюзивті сұқбат: «Шындық пен құпияны айтатын уақыт жетті»

0
11 487

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


Қайрат Нұртастың директорымен эксклюзивті сұқбат: «Шындық пен құпияны айтатын уақыт жетті»

Қайраттың жанкүйерлері мен шоу-бизнес әлемі оны жақсы таниды, еңбегін бағалайды. Он жылға жуық мега жұлдыздың жанында жүріп, оның шарықтауына бірден-бір ықпал етіп жүрген директормен көп жұлдыздар бірге жұмыс істегісі келеді-ақ. Бірақ ол үшін қашанда Қайрат Нұртас нөмірі бірінші болып қала бермек...

Менің бүгінгі кейіпкерім - танымал хитмен Қайрат Нұртастың директоры Мира Келімбетова.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Мира ханым! Көпшілік атыңызды естісе де өзіңізді жеке тани бермейді. Мен де сіз туралы көп естігенмін, бүгін танысып отырғаныма қуаныштымын! Бірінші мынаны сұрағым келеді... аңғарғаным, әлеуметтік желіде «Негізі көп нәрсе жазғым келеді, бірақ мамам: «екі балаң бар, тыныш отыр» дейді... Құдай қаласа шындықты айтатын уақыт келеді», енді бірде: «Күндердің бір күнінде мен сөйлейтін кез келер...» дейсіз. Жалпы нені айтқыңыз келеді, нені жасырасыз?

Мира Келімбетова: Шынымды айтсам, сіз хабарласқанда қатты таң қалдым... Күні ертең бір жаңалықты жариялауға ниеттеніп отыр едім, ретін келтіріп сізге сұқбат беруімді Құдайдың жіберген көмегі болар деп жорамалдадым. Оның менің құпияларыма, шындығыма қатысы бар дүние.

Әр адамның өз шындығы, айта алмайтын сөздері болады. Кейде айта алмайтын нәрсенің айтылмағаны да дұрыс шығар деп ойлаймын. Өйткені аузымыздан шыққан әрбір сөзіміз, ісіміз кездейсоқ болмайды. Сондықтан мен ондай «шындықтарды» ұмыта салуға тырысамын. Себебі сенің шындығыңның біреуге зияны тиюі мүмкін, ал мен дүниеде адам баласына зиян келтіргім келмейді. Сол үшін көп дүниені айтуға келгенде үнсіз қаламын...

Қарашаш Есенбай: Инстаграмдағы Мира әзілқой, әрқашан позитивті. Өмірдегі Мира қандай, айырмашылықтары бар ма?

Мира Келімбетова: Әлеуметтік желіде қандаймын, өмірде де сондаймын. Әзілдейтін жерде әзілдеймін, түсінген адамға бәрін астарлап жеткіземін. Оны қалай қабылдауды әр адамның түсіну деңгейі шешеді. Айырмашылығым: инстаграмда мені ғайбаттап жатса үндемей өтіп кетуім мүмкін. Ал өмірде мінезім тік, кіші жүздің қаны бар (күліп). Көңіліме тиетін, әділетсіз жағдай болса қарап қалмаймын. Былайша айтқанда есемді жібере қоймаймын, бірақ ессіздікке де бармаймын.

Қарашаш Есенбай: Сізбен халықты жақынырақ таныстыру үшін балалық шақтағы Мираға орала кетсек. Қандай отбасында өстіңіз?

Мира Келімбетова: Жеке өмір дегенге аса мұқият қараймын. Барынша шынайы болғанмен де айтылмаған, айта алмайтын, айтылмайтын нәрселер болады. Жеке дүниеңе қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ деп білем. Бір жағынан мен өзімнің қиналғанымды айтқым келмейді. Қазір жұртқа өзіңді жыланышты етіп көрсету, елдің аянышын ояту трендке айналып кетті. Осыған жыным келеді, бәлкім заман ағымына қарай ол да дұрыс шығар?! Мен балалық шағымды еске алғанда Құдайға шүкір етемін. Асып-таспадық әкем де, шешем де өмір бойы жұмыс істеген адамдар. Бірақ әкем өмірден ерте кетті. Ол кезде мен оныншы сыныптың оқушысы едім. Үйде негізі бес баламыз, Алла баланың ішінде біреуін еті тірі етіп береді екен. Сол қабілетті маған берген шығар деп ойлаймын. Ерте жастан жұмысқа араластым, жұрт сияқты ананы-мынаны саттым деп айтқым келмейді. Тек ол кездер маған үлкен тәжірибе болғанын айтайын. Мектеп кезінен-ақ белсенді болдым, әртіс болып, сахнада жүретін едім. Бірақ өнер жолын қуамын, атақты болайын деген ой-арман болған емес. Өйткені менің армандауға уақытым болмады. Тағдырыма қарасам "Санта-барбара" сияқты (күліп).


Қарашаш Есенбай: "Санта-барбара" сияқты кинолар көрерменге қызық қой. Жаңа cөзіңізден сауда жасағыныңызды айғартып қалдыңыз...

Мира Келімбетова: Иә, саудамен де айналыстым. Айтқым келмесе де, айтайын... Менің сауда жасауым ең бірінші төртінші сынып оқитын кезімде манты сатумен басталды. Ол кезде ет жоқ, болса да үнемдеп пайдаланатын заман. Сондықтан сегіз жас үлкен әпкем маған көкөністерден манты дайындап беретін, соны әртүрлі мекемелерге сататынмын. Қызылорданың Тасбөгет деген жерінде тұратынбыз, сол жердің мәдениет үйін әпкеммен бірге қарауылдайтынмын. Кейіннен еден жуып, даяшы да болдық. Мен барынша ақша табуға тырысатынмын. Ол кездегі жұмыстар қазіргі өміріме көп көмегін тигізді, соның арқасында шыңдалып, талапшыл болдым. Мінезіме қарап көбі «стерва» деп жатады (күліп), өзім сол сатыдан өткендіктен қазіргілерге қатаң талап қоямын.

Талапшылдықтан бөлек, асығыс сияқтысыз... Орыстар «как белка в колесе» деп жатады ғой, сол сізге айтылғандай. Түрлі жұмыстар атқарып жүріп отбасын құрдыңыз. Алдымен тәтті кездерді еске алайықшы, жарыңыз туралы білгіміз келеді?

Мира Келімбетова: Ажырасқаныма да он жыл өтіпті... Жиырма бір жасымда тұрмысқа шықтым, дұрыс уақытта отбасын құрдым деп ойламын. Тұрмысқа шыққан кезде «Махаббат...» деп шықтық қой! Қыз бала он сегіз жастан жиырма екі жасқа дейін ештеңені көрмейді. Оларға жиырма үштен бастап ақыл кіре бастайды (күліп). Ал жиырма үшке дейін ешқандай проблеманы ойламайтын, бүкіл әлем әдемі болып көрінетін кез. Сондай кезеңде отбасын құрдым, өте жақсы адамға тұрмысқа шықтым, текті отбасына келін болдым. Арада түсініспеушіліктер болса да, ол кездегі таңдауыма өкінбеймін. Ол екеуміздің арамыздағы, оның отбасы мен менің арамда өткен нәрсе болғаннан кейін ашып айтқым келмейді. Бәлкім он жыл бұрын менен сұқбат алсаңыз, ашумен бәрін айтып қояр ма едім?! Дәл қазір барлығын ұмыттым, кешірдім. Мен дәл сол адамға тұрмысқа шығып, сол адамнан екі ұлымды туғаныма шүкіршілік етемін, өкінбеймін.

Қарашаш Есенбай: Екінші балаңыз екі айлық кезінде ажырасып кетіпсіз, кейде «Жастықпен кетіп қалдым-ау» деген ой болатын ба еді?

Мира Келімбетова: Жоқ, өкініш болған емес. Өйткені, бір емес бірнеше рет мүмкіндік берген адаммын. Қазір ажырасу өте көп. Біздің қателігіміз ажырасқан кезде біреуді кіналаймыз, кезінде мен де кінәладым. Бірақ ешкімді кіналамау керек екенін түсіндім. Ажырастың ба, ол сенің таңдауың! Қазір он жыл артқа беретін болсақ, мүмкін ол ситуатциядан басқаша шығар ма едім?

Ажыраспауым мүмкін еді, бірақ артқа қарап өкінудің қажеті жоқ! Мұны тек мен сияқты жағдайда жүрген әйелдерге көмек болсын деп айтып отырмын. Мүмкін болса, күйеумен ажыраспауға тырысу керек. Өйткені біздің қоғам ажырасқан әйелді қабылдай алмайды. Оларға басқаша қарайды, неге қайтып келгеніңді білмесе де сені кінәлі етеді. Кез келген адамның маңдайына жазған тағдыры бар, одан қашып кете алмайсың! Бірақ соны біле тұра артынан ғайбаттап жатамыз, әсіресе көбінде еркектер сондай ұсақ әңгімеге барады. Ер-азаматтарымыз ренжімесін, бірақ ажырасып кеткен әйелдерді пайдаланғысы келіп тұратын еркектер де жоқ емес.


Қарашаш Есенбай: Кішкентай баламен ажырастыңыз, алимент те алмапсыз. Сондай қиын кездерде қалай жол таптыңыз?

Мира Келімбетова: Ажырасқаннан кейін бір теңге алған адам емеспін. Сұраған да жоқпын, берген де жоқ! Мені қиындықтардан алып шыққан мінезім шығар деп ойлаймын. Мен ажырасып кетіп бара жатқан кезде «далада қаласың» деген сөздер айтылған. Сол сөз маған мотивация болды ма деп ойлаймын. Намысы мықты қыздар далада қалмайды. Ажырасқан адамды өмір қайрайды, байқасаңыз содан кейін әйелдің өмірі жаңаша өзгеріп жатады. Бірақ ол үшін әйелге мінез пен намыс керек.

Қарашаш Есенбай: Осы жерде мынаны сұрайыншы, өзіміз білеміз ғой қазақтың әйелдері ажырасқан соң күйеуіне кек ұстап, балаларын көрсетпей, түрлі амалдар жасап жатады. Сізде де сондай кезеңдер болды ма? Қазір балаларыңыз бен әкесінің арасы еркін сияқты... Осы шешімге қалай келдіңіз?

Мира Келімбетова: Шешем маған: «Сені ақылды етіп туғанмын» деп айтады (күліп). Мен балаларымның әкесімен араласуына ешқашан қарсы болған емеспін. Екі адамның арасындағы түсініспеушілікке баланың кінәсі жоқ, оны араластырмау керек. Көп әйелдер баласына әкесін жамандап жатады, бұл мүлде дұрыс емес! Сен сол жамандап отырған адамнан туып отырсың, сенің балаң соның қаны. Қазақтар «Тектіден тексіз туса да, тегіне тартпай қоймайды» дегендей, ол бәрібір сол еркектің жалғасы. Менің күйеуім де ажырасқаннан кейін жоқ болып кетті, балаларына келген жоқ.

... Қазір мұны өмірімде бірінші рет сізге айтып отырмын, балаларым балабақшада жүргенде басқа балалардың әкелерін көріп, «біздің папамыз қайда?» деп сұрайтын. Сонда «Папаларың сендерді асыраймын деп Алматыда жүр. Құдай қаласа, келеді» деп алдайтын едім. Өйткені өз әкесіне кекпен өспесе, әке-шешесіне керек екенін сезініп өссе дедім. Кейін күйеуім хабарласқанда «Сен соларды асыраймын деп Алматыда жүргенсің, солай келесің» дедік қой (Күліп).

Қарашаш Есенбай: Олай айтсаңыз, әкесінің келетініне сенімді болғансыз ғой?! Қайта келгенде бірге болуға да ұсыныс болған шығар?

Мира Келімбетова: Ұсыныс болды, бірақ мен қаламадым. Біреулер «бала үшін қосылмайсың ба?», «балаға ешкім әке болмайды» деп ақыл айтып жатады ғой, негізі біреудің тағдырын біреуге ауызбен айта салу өте оңай. Бірақ оның артында менің қаншама уақытым, көз жасым жатыр... Қазір оның бәрін кешірдім, десе де қайта барғым келмеді.

Қарашаш Есенбай: Балаларыңызға тоқталсақ, олардан да бір мега жұлдыз жасағыңыз келмей ме?

Мира Келімбетова: Ұлдарымды музыкаға баулымадым, себебі өздерінде ондай ниет байқалмады. Бірақ ер азамат өзін қорғай алуы керек деп спортқа бердім. Бала өзінің қалауымен айналысқаны дұрыс, сондықтан талап қоймаймын. Білімді, қайсар болсаң мақсатыңа жетесің, ал білім болмаса алысқа шаппайсың деп жиі айтып отырамын. Бастысы, Алла бастарына бақ берсін! Қазірден бизнеске баулып, өмірге дайындауға тырысып жүрмін. Балаға өмірде тек жақсылық қана болмайтынын түсіндіру керек. Осы жерде мен ажырасқан кезде оларға тәрбие беріп, менің аяққа тұрып кетуіме мүмкіндік жасаған анам екенін айтып өтейін. Ол кісіге алғыс айтып, өмір бойы басымды иемін. .

Қарашаш Есенбай: Жаңа сөзіңізде «Ажырасқан әйелді пайдаланып қалуға тырысады» деп айтып қалдыңыз. Әсіресе, сіз жүрген ортада «шығармашылықтың адамымыз» деген масканы киіп пайдаланғысы келіп тұратындар баршылық қой. Олардың құрығынан қалай шығасыз?

Мира Келімбетова: Шындықты айтайын ба, ондайлар кездеседі ғой... Мен өмірім мен жұмысымды араластырғым келмейді. Жүрген жеріңде таза болғаның жақсы, ол адамның мінезіне де байланысты. Көпшілікке топырақ шашпаймын, бірақ өзіме тоқталар болсам, түрлі ортада, жиындарда әзілмен болса да сондай әңгімелер айтылады ғой. Мен ондайларға әзілмен жақсылап жауап қайтара аламын. Одан кейін әрі қарай дауалай алмайды. Оның үстіне көп адам маған «Сіздің мысыңыз бар, аяқ тартып тұрады» деп жатады. Сол суықтық та әсер ететін шығар?!

Қарашаш Есенбай: Жассыз, әдемісіз... Отбасын құруға ұсыныстар бар шығар, өзіңіздің жоспарыңызда бар ма?

Мира Келімбетова: Мен бір жұмысты аяқтап, екіншісіне кіріскенді жақсы көремін. Қазір өзімнің алға қойған мақсаттарым, жоспарларым бар. Кішкентайымнан тырыштанып осы күнге жетіп отырмын ғой, шүкір. Енді өзімнің орнымды қалдырғым келеді. Балаларым мені анасы деп таныстырғанда мақтана алатындай жетістікке жеткім келеді. Одан кейін барып тұрмысқа шықпасам, дәл қазір өзім жұмысымды бір жолға қоймай отбасын құрсам берекесіз болатындай көрінеді. Миымның бәрі жұмыс болғандықтан ертең күйеуіме, оның жағдайына көңіл бөле алмауым мүмкін. Әрі екі балаң болғандықтан да көп нәрсеге дайын болуың керек.


Қарашаш Есенбай: Жақсы жар бұйырсын деп тілеймін! Енді "Санта-барбараның" екінші бөліміне өтейік, шоу-бизнеске қалай келдіңіз?

Мира Келімбетова: Тұрмысқа шыққаннан кейін мұғалім болып 25 мың айлыққа жұмыс істедім. Менің жолдасым бұрын квн-чик болған, шығармашылық адамы еді. Оған бір кеш ұйымдастыруға ұсыныс келді. Мен үйде отырған адаммын, қызығушылығым оянып мәдениет үйінде есепші болып жұмыс істейтін анама хабарластым. Ол кісі арқылы концерт ұйымдастыру жолдарын білетін адамдармен танысып, кеңес алып, мұрныма иісі бармайтын іске кірісіп кеттім. Ең бірінші Мақпал Жүнісованың концертін ұйымдастырдым, солай басқа да әншілердің Қызылордада концертттерін ұйымдастырып жүрдім. Біршама уақыттан кейін Қайраттың концертін жасайтын болдық. Оған себеп, анамның үйінде ауылдан келген студенттер (күліп). Бәрі үнемі бір музыканы тыңдай беретінін байқап, сұрасам «Арман» деген ән Қайрат Нұртас деген жігіт айтады» деді. Сосын жастардың бәрі тыңдап отырса, концерт өткізу керек екен деп ойлап, анасына хабарластым. Сонымен Қызылордада жарнамасын беріп, концерт өткіздік. Кейін екі-үш концерт өткізгеннен кейін «директор бол» деген ұсыныс түсті. Ол кезде екінші балам төрт айдан енді асқан, анама тастап Қызылорда мен Алматының арасында жүріп жұмыс істедім.

Қарашаш Есенбай: Қайратпен көптеген жобалар жасадыңыз, сіз үшін қайсы жоба қиынға соққан еді? Ал қай жоба өзіңіз үшін қызық болды?

Мира Келімбетова: Шынымды айтсам, мына жоба қиынға соқты деп айта алмаймын. Мен музыкант болмағандықтан, кәсіби баға да бере алмаймын. Бірақ кез келген әнші жан жақты көрінуі керек деп ойлаймын. Орысша, ағылшынша, әр түрлі стильде ән айтып, әртіс өзін дамытуы керек. Қайрат айтқан әндердің бәрін халық жақсы қабылдады. Менің жүрегіме жақын жобалар - концерт ұйымдастыру. Сол кездегі арпалыс, шу, дайындық кезін жақсы көремін. Бірде бір кісі танымал бір адамның концертін ұйымтастыру үшін отыз адам жүрді. Ал сен жалғыз жүріп солардың жұмысын айқай-шумен жалғыз істеп жатсың ғой деп күлі еді. Әрине, ұрыс керіс болады, бірақ мен жақсы нәтиже үшін барымды саламын.

Өзім ізденімпаз адаммын, бірнәрсені ойыма алсам, соған қол жеткіземін. Шоу-бизнеске келгенде көп құпияларымды айта бермеймін. Естуім бойынша, менің көп әріптестерім менің жұмыс істеу тактикамды білгісі келеді. Мен «жұрттар хайп жасау үшін ақша төлейді, бізге тегін жасап береді» деп күлемін ғой. Енді сол құпияларды ашатын уақыт келген сияқты. Менің баста айтқым келген жаңалығым бұйыртса он жылдық тәжірибемді бөлісу мақсатында 11-15 тамыз аралығында тренинг өткіземіз. Шоу-бизнесте хит әнші немесе мықты менеджер болғысы келетіндерге өзімнің жұмыс істеу тәсілімді айтып, біліміммен бөлісемін. Қазір менімен жұмыс істегісі келетін әншілер баршылық, менен ақыл сұрайтындар да көп, сондықтан осындай тренинг өткізуге бел будым. Мұндай жоба елімізде бұрын болмаған. Мені Қайраттан да байқасаңыздар болады ғой, бәрін бірінші жасауға тырысамын.


Қарашаш Есенбай: Осыны бекер жасадым-ау деп өкінетін жобаңыз бар ма?

Мира Келімбетова: Бар, бірақ оның Қайрат Нұртасқа қатысы жоқ. Қайраттан кетіп үш жылдай бөлек жұмыс істеген кезде Қызылордалық жас жігітпен жоба бастағанмын. Шынымды айтсам, Қайраттан кеткен кезде менде күйзеліс болды. Сондықтан ол шақта жұмыс істеуге дайын болмаған сияқтымын, ол да дайын болмады. Сонымен өтті-кетті.

Кейіннен Қанат Үмбетовпен жұмыс істедім. Өзі бұны айта ма білмеймін, бірақ оның Тоқтар ағадан кеткеннен кейінгі өнерін бір саты жоғарылаттым десем артық айтпағаным болар?! Қанатты Әлиямен дуэт жасаған да мен едім. Қазір сол форматта жұмыс істеп жүр, басқа өзгерісі байқалмайды.

Қарашаш Есенбай: Жақында сіздің Мадина Сәдуақасовамен бірге жұмыс бастағаныңызды көрген едік?

Мира Келімбетова: Иә, аз ғана уақыт бірге жұмыс істедік. Оның өнерін жақсы көремін, уайымдаймын. Бірге жұмыс істеген үш-төрт айда нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Соның бірі – жұртқа кең тараған «Үнсіздік» әні. Дегенмен уақыт жетіспегендіктен жұмысты тоқтатайық дедім. Мен біреуден бостан босқа ақша алғанды жақтырмаймын. Адал тапқан ақшаның ғана берекесі болады.

Қарашаш Есенбай: Екеуі де танымал жұлдыздар, олардың жұмыс істеуінен, жанкүйерлерінен жалпы шығармашылығынан қандай айырмашылықтар байқадыңыз?

Мира Келімбетова: Ер адамның фанаттары әйелге қызғанышпен қараса, ал әйел адамның жанкүйерлері қалыпты қарайды. Қайраттың жанкүйерлерінің ішінде түрлі ауыр сөздер жазатындары да бар, оны мен «Қайратты қызғанып жатыр» деп қабылдаймын. Басқа айтарлықтай айырмашылық байқамадым. Өзім салыстырғанды ұнатпаймын, екеуінің де өз дәрежелері бар. Мадина Қайратқа дейін өзінің атын жасаған адам. Сондықтан Мадинаның да қазақ сахнасында өз орны бар. Мадинадан жұмысқа ұсыныс түскен кезде-ақ «Сізді қатты сыйлаймын, бірақ Қайрат мен үшін бірінші орында. Ренжімейсіз» деп бірден айтқанмын. Қайраттың бүгінгі күніне менің бір үлесім болса, оның да менің қазіргі дәрежеме тиген ықпалы бар. Сондықтан біз бір-бірімізге себепкер адамдармыз.

Қарашаш Есенбай: Естуімше, Қайраттың әндерінің барлығын сіз таңдайды екенсіз. Сазгер, ақындармен сіз жұмыс істейді дейді. Қайраттың таңдауыңызға келіспей қалатын тұстары бола ма?

Мира Келімбетова: Иә, әндерді таңдаймын. Қайрат екеуміздің ұқсайтын жеріміз әнге деген талғамымыздың бірдей екенін де шығар. Мүмкін сол Қайратпен музыка әлеміне келгендіктен болар, кез келген әнді Қайраттың дауысымен тыңдаймын.

Әрине кейде оған ұнамай қалатын кездері бар. Мысалы «Жүрегіңнен бір орын бер» деген әнді «Айтпаймын, ұнамайды» деген. Ол әннің сөзін бірінші ақын Саят Әбенов уатсапқа жіберіпті. Оған бірден «Мына сөз менікі» деп айтып, Жолдасбек Әбдихановқа «Тез ән шығаршы» деп жібердім. Ол да он минуттың ішінде ән шығара салды. Сосын ән әрлеушіге екі нұсқасын жасаттым. Біреуі шығыс стилінде, екіншісі осы түп нұсқа болатын. Қайратқа көрсеткен кезде оған шығыс стилінде ұнады. Сосын ондай әндер көп, мына стилде жазайық дегенімде «Маған мүлде ұнамай тұр» деді. Қайратқа «Тек жазып бере салшы, саған қиын емес қой» дедім. Қайраттың бір жақсы мінезі ешкімнің көңілін қалдырмайды. Сол көңілді қалдырмай жазып берген еді, әнді таратқан бойда хит болды ғой.


Қарашаш Есенбай: Әншілердің ішінен фильм түсіріп, елімізден ғана емес шетелдіктерден де жақсы баға алдыңыздар. Алдағы уақытта тағы фильм түсіретін ой бар ма?

Мира Келімбетова: Әрине, бар! Қазір соның келіссөздері жүріп жатыр. Нақты белгілі болмағандықтан ашып айта алмаймын. Уақыты келгенде жариялаймыз.

Қарашаш Есенбай: Бір кездері сіз Қайрат Нұртастан кеткен кезде «ақша жеп кетті, лақтырып кетті» деген әңгімелер тарады. Шындықты өзіңізден естігіміз келеді, ол мәселе қалай шешілді?

Мира Келімбетова: Иә, мен кеткен кезде «Директоры алдап кетті», «жеп кетті» деген сияқты түрлі әңгімелер көп болды ғой. Қазір бірақ нәрсе айтамын, Алланың маған деген көзінің түзу болғанына шүкір!Мені қайта шақыруларының, қазір біре жүруіміз сол кездегі әңгімелерге өте мықты жауап деп ойлаймын. Егер сол кезде жеп кеткен болсам, қайтадан оралмас едім...

Ал кетуіме себеп болған нәрсені қозғап қажет емес. Өтті, кетті... кінә ешқашан бір жақтан болмайды. Бастысы енді Алла абырой берсін!

Қарашаш Есенбай: Қазіргі қарым-қатынастарыңыз қандай?

Мира Келімбетова: Мен директор болып жұмыс бастаған кезде кішкентай едім ғой. Кейде осыны ойлап Гүлекеңе «Жиырма үштен кейінгі тәрибиені сізден алдым ғой» деймін. Өзім әкесінен ерте айырылған қызбын, сол әкенің қамқорлығы мен қолдауын Нұрекең көрсетіп жүр. Ол үшін айтар алғыс мол! Біз қазір бір-бірімізге сіңісіп кеткеніміз сонша, ұрысып алып әріқарай сөйлесіп кете беретін адамдармыз. Керісінше, солай жұмыс істеген жақсы. Бір-біріңнен қымтырылып жүрсең жұмыс өнбейді.

Қарашаш Есенбай: Өнердегі жұлдыздар сіздің әріптестеріңізді қаншалықты бағалайды? Сізді «ТОП 1» директор деп айтуымызға бола ма?

Мира Келімбетова: Біраз директорларды сыртынан білемін, кейде әріптестерімнің жұмысына қарным ашады... Директор деген әншіні басқару керек! Ал бізде көбі әншінің айтқанын ғана орындайды, өздігінен жаңа дүние жасамайды. Менің тренингім де сол дұрыс директорларды тәрбиелеу үшін өтеді. Көбі қарапайым сөйлесуді білмейді, жауап бере алмайды. Мен өз жұмысымды жүз пайызға білемін деп айта аламын.

Қарашаш Есенбай: Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Мира Келімбетова: Тренингті қолға алып, өнерге енді келіп жатқан жастарға жол көрсеткім келеді. Мен жіберген қателікті олар қайталамаса деймін. Одан кейін біздегі жұлдыздың хит болуы өте аз ғана уақыт қой. Біз соны Қайрат Нұртас арқылы өзгертік деп ойлаймын. Қанша уақыт өтсе де Қайрат өз биігінде. Мен оның сондай биік дәреже ұзақ тұрғанын қалаймын. Енді болашақта өнер әлемінің жаңа бейнелері болғанын қалаймын. Мираның жасағаны деп айта алатындай жаңалық алып келгім келеді.

Қарашаш Есенбай: Тілегіңізге жетіңіз, сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!