"Қайратқа еліктеген емеспін!": Нұртас Қайратұлы Қайрат Нұртастың орнын баса ала ма?

0
7 258

"Қазіргі мәдениет министрі біздің ұстазымыз"


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


«Еңбекті жан-тәнімен сүймейінше, ешбір талант та, ешбір кемеңгер де шықпайды», - дейді Менделеев. Шынында адамның биікке шыққан жолдарының бәрінде еңбектің ғана ізі қалатындай.

Ол да осы күнге дейін өнер жолында еңбек етіп, барлық баспалдағынан көтеріліп келе жатыр. Менің бүгінгі кейіпкерім – алты тілде ән салып, он аспапта өнер көрсететін Нұртас Қайратұлы.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Нұртас. Әңгімені сіздің есіміңізден бастағым келеді. Біздің эстрадада қазір мега-жұлдыз Қайрат Нұртас болса, сіздің есіміңіз керісінше Нұртас Қайрат екен. Бұл жаңа есім, мега-жұлдыздың орнын алмастыра ала ма?


Нұртас Қайратұлы: Бұл - Жаратушыға ғана аян(күліп). Әрине, өнер жолында жүргендіктен осы жолға өз үлесімді қосқым келеді. Осы сұрақты маған жиі қояды, алайда мен өз есімімді арнайы таңдап алғаным жоқ. Шын есімім – Нұртас, ал әкем – Қайрат. Қазір осы әнмен өз қолтаңбамды қалдыруға тырысып жүрмін.

Иә, Қайрат ағамның жарқын тұлға екенін бәрі мойындайды. Біз де оның әндерін тыңдап өстік, бірақ еліктеу болған емес! Екеуміз де бір оқу орнының түлектеріміз. Мен оқуға түскен кезде ол кісі бітірді. Сәлеміміз түзу, оның бір концерттік кешінде қонақ болып ән айтқанмын.


Қарашаш Есенбай: Өнер өлкесіндегі тарихта есіміңіз қалуына біз де тілектеспіз! Енді осы бағытқа қалай түскеніңізді айта кетсек, білуімше аспастар бөлімінде білім алыпсыз.


Нұртас Қайратұлы: Рақмет! Иә, мектепті бітіріп өнерге оқуға тапсырғым келді. Бірақ ағам өзі спортқа жақын болғандықтан мені де соған баулыды. Сосын «Егер грантқа түссем ғана өнерде оқимын» деп уәде беріп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжге грантқа түстім. Ол жерде «Халық әні және аспаптар» бөлімін бітірдім. Елге белгілі Гүлфайруз Далбағай, Рамазан Стамғазиев сынды тұлғалардан дәріс алдым. Домбырадан бөлек, гитара, баян, сазсырнай, жетіген, сыбызғы, фортепиано, шаңқобыз сынды аспаптарды меңгердім. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой, бар күш-жігерімді осы салаға арнап келемін. Халық пен эстрада әндерінен өзге опера жанрындағы әндерді де айта аламын. Сол студент кезімде көптеген халықаралық байқауларға қатысып жүлдегер болғаным бар. Түркия елінде өткен сайыста түрік тілінде ән айтып бірінші орын, кейін Санкт-Петербург қаласында Гран-при алдық. Одан кейін консерваторияда оқыған кезімде де түрлі конкурстарға қатысып, өзімді сынап келемін.


Қарашаш Есенбай: Бірнеше тілде ән айтып, аспаптарды меңгергенсіз, кәсіби біліміңіз бар. Қазір бізде мұндайлар санаулы. Бірақ осындай басымдықтарыңыз бола тұра, неге рейтинг жағынан сіздердің ұпайларыңыз «арба айдап әнге келгендерден» төмен?


Нұртас Қайратұлы: Бұл сұрақ мені де қызықтырып келеді(күліп). Халқымыз "Бақ шаба ма, бап шаба ма?",- дейді ғой, бәлкім біздің бағымыз жанбай жатқан болар?! Дегенмен бұл біз қол қусырып отырмыз дегенді білдірмейді, қолдан келгенше еңбектенудеміз. Жеке туындылар жаздырып, сапалы дүниелер шығарып жүрміз. Қазір барлығы қаржыға байланысты заман ғой. Мойындау керек кейбір өнердегі адамдар «ағаларының арқасында» жетістікте жетіп жатыр. Ал мен биікке төгілген термен шыққым келеді. Демеуші де, продюсер де қажет емес, қайта өзің бәрін көрудің арқасында тәжірибе жинап, өнердің қыр-сырын ұғасың. Осыған шүкір деймін.


Қарашаш Есенбай: «Шүкір ету», әрине жақсы. Бірақ осы «шүкіршілік» көбінің әрі қарай жүруіне бөгет болатындай емес пе?


Нұртас Қайратұлы: Жоқ, мен бұл жерде «қазіргі деңгейіммен тоқтаймын» деген мағынада емес, жалпы өткенге өкпе жоқ екенін айтқым келді. Қазіргі таңда бес бейнебаян, 15-ке жуық әнім бар. Осы жылдың өзінде екі бейнебаян түсірдім, оның біреуі екі миллионнан астам қаралым жинаған болатын. Бірақ әсірелеуді ұнатпаймын, өзін тым жоғары бағалайтындардың қатарынан емеспін.




Қарашаш Есенбай: Нұртас Қайратұлын көпшілік эстрада әншісі деп қана таниды. Мен де сіздің әндеріңізді тыңдап жүремін, бірақ ол жерден сіздің өзге өнерлеріңізді байқай алмаймыз. Неге аспаптармен, болмаса өзге тілде ән айтып көрмеске?


Нұртас Қайратұлы: Оқу бітіргелі екі жыл болды, осы уақыт аралығында тек шығармашылықпен айналысып келемін. Енді заман ағымына сай әндер мен бейнебаян түсіруге тырысып жүрмін. Бірақ алдағы уақытта аспаптарды да пайдаланып, өзгеше стилді де тарту ету ойымда бар. Бәлкім басқа тілдерде де ән жаздырып қалармын.


Қарашаш Есенбай: Жақында сіздің замандасыңыз Нұрсұлтан Нұрбердиевпен сұқбаттасқан едім. Ол кісі осы кезге дейін он шақты ән жаздырып жүргенімен, түріктің әнін орындап танымалдылығы артты деуге болады. Сол кісі сөзінде «Қазақ композиторларын мойындамаймын» деп қалды. Сізде өзге елдің хитін бізге алып келу туралы ой жоқ па?


Нұртас Қайратұлы: Нұрсұлтан менің жақын досым, өнер жолын бірге бастадық. Иә, талай ән жазғанымен, түріктің әнімен танылғаны рас. Менің де қоржынымда жақында «Бар менде» деген түріктің әні қосылды. Өзге елдің - әндерін айту қазіргі күні трендке айналған сияқты. Бірақ ешқандай ұрлаған жоқпыз! Арнайы рұқсатын алып, сөз жаздырып, бейнебаян түсірдік.


Қарашаш Есенбай: Тренд демекші, танымал әншілермен дуэт айту да трендтің бір түрі болған сияқты. Өзіңіз де ондай жоспар жоқ па?


Нұртас Қайратұлы: Жоспар бар. Жақында ғана менің көптеген әндерімнің сөзін жазған Қайнар Жұмағожа мен Ынтымақ Тоқтарұлының тамаша тандемі шықты. Дуэт болатын ән, алайда кіммен айтарымды әлі шешкен жоқпын. Рейтингі жоғары әншімен де айтуға болады, бірақ мен өзіммен қатарлас, сахнаға енді аяқ басқан қызбен айтқаным дұрыс шығар деп ойлап жүрмін. Ән жақында ғана бітті, енді қалғанын уақыт көрсетер.




Қарашаш Есенбай: Сізге бірнеше рет хабарласқанымда тойда жүргеніңізді байқадым. Меніңше, тойға жиі шығатын әншілер шоу-бизнесті ұмытып кететіндей. Сіздің де әндеріңіз сондай «тойдың әндерінің» деңгейінде қалып кетеді деп қорықпайыз ба?


Нұртас Қайратұлы: Қазақта «Тойға шықпаймын!",- дейтін əншілер аз секілді, шоу-бизнес өкілдерінің 80 пайызы тойда жүреді. Əншілердің басты табысы – той. Өзім жайында айтар болсам, халық қалап тұрса 4-5 әнімді орындап кетемін. Менің әндерім «тойдыкі» дей алмаймын. Өзім табиғатымнан көңілді жігітпін, сол себепті әндерімнің жанры жылдам, ойнақы. Дегенмен тыңдармандарым «Лирикалық әндер қашан жаздырасыз?» деп жиі сұрай бастағандықтан, бірнеше ән дайындап қойдық. Соның алғашқысы «Көрінші көзіме» деген ән. Жыл сайын 5-6 ән жаздыруға тырысамын, Алла қаласа, жыл соңына дейін тағы бірнеше ән жарық көреді.


Қарашаш Есенбай: Ән жаздыру - аз қаржыны қанағат тұтпайды. Осы жерде отбасыңыз туралы айта кетейікші, ғаламторда «Нұртас Қайратұлы – қалталы адамның баласы» деген пікірді көп оқыдым.


Нұртас Қайратұлы: Иә, менің өзіме де мұндай хабарламалар келіп тұрады. Ән жаздырып, бейнебаян түсіру, жалпы шығармашылығыңды дамыту үшін қаржы керек екенін мойындаймын. Бірақ өзімді бақуатты отбасынан шықтым дей алмаймын, қарапайым отбасында тәрбиелендім. Анам зейнеттегі кісі, қазір менің басты қолдаушым сол кісі. Өзімнен үлкен ағам бар, отбасымен қалада тұрады. Негізі мені өнерге баулыған әкем, сондықтан сол кісінің атын өшірмеу үшін еңбек етіп келемін. Демек менің шығармашылығымдағы әр кірпішті өзім қалап келе жатырмын деуіме болады. Ешқандай демеушім жоқ. Өткізетін концерттерімнің жарнамасын да өзім жасаған кездерім болған.


Қарашаш Есенбай: Нұртас, өзіңіз қазір халыққа жақсы таныс Қуандық Рахым, одан кейін осы жылы аты жиі аталған Абукай сынды әншілердің курстасы екенсіз. Бір сарынды келе жатып, алға шауып кеткен адамдар кейде өзінің таныстарын ұмытады деп жатады. Осы жағдай қаншалықты рас?


Нұртас Қайратұлы: Енді ол адамның өз мінезіне байланысты шығар?! Қуандық Рахыммен аса тығыз байланыстамын дей алмаймын. Бірақ сәлеміміз түзу, арасында хабарласып тұрамыз. Халықты мойындатқан, ерекше дауыс иесі ғой. Халықтың сұранысында жүрген əншілер болғандықтан, уақыттары бола бермейтінін түсінемін.




Қарашаш Есенбай: Кәсіби музыкант ретінде айтыңызшы, біздің эстарадамызда жүруге лайықсыз адамдар бар ма?


Нұртас Қайратұлы: Бәлкім бұлай айту артық шығар, дегенмен ондай әншілердің бар екен рас. Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен фонограммасыз, жанды дауыста ән айтуды қолдаймын! Қазіргі мәдениет министрі біздің ұстазымыз десек болады. Ол кісінің жанды дауыста ән айту мәселесін көтергені қуантты. Егер сондай заң болса, сахнада кәсіби мамандар мен таза таланттар қалады деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Бізде мамандығы басқа сала болса да, ән айтып жүргендер көп. Әрі танымалдылықтың арқасында өз бизнесін де дамытып жатқандары бар, осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?


Нұртас Қайратұлы: Мен кәсіби емес әншілерге түбегейлі қарсымын. Себебі өнерпаз арнайы білім алу керек деп ойлаймын. Жаңа айтқан фонограммамен ән айту тиылса, ондайлар азаяды деген ойдамын.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, түбі таланттар бағаланатыны анық қой. Шығармашылығыңызға табыс тілейміз, сөз соңында өзіңіздің жеке өміріңіз туралы да білгіміз келеді. Әндеріңіздің кейіпкерлері бар шығар?


Нұртас Қайратұлы: Әрине, кейіпкері бар ғой. Оның үстіне үйдегі анама да келін керек. Осы жағын да көп ойланып жүрмін, бұйыртса біздің ауылда да той бола жатар...


Қарашаш Есенбай: Тойда кездесейік, әңгімеңізге рақмет!


Авторы: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ