Қаламқас Өтебай, әнші: "Тойда Қарақат пен Жазираның әнін айтпаймын"

0
4 413

" Әйел адамның той жүргізуін құп көрмеймін", - дейді Қаламқас Өтебай.


Қаламқас Өтебай, әнші:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Кем талант - мүмкіндігінше, шын талант - қалағанынша жазады» деген Асқар Сүлейменовтің сөзі бар-ды. Шынында шын талантқа қай кезде болмасын тұсау болмақ емес, ол өз дүниесінің күйін кез келген нүктеде шерте береді. Біздің кейіпкеріміз де сондай, бала тәрбиесімен өнерден алыстаған шақта да жүрегінен ән есіп тұрды.


Бүгінгі сұхбаттың қонағы –әнші, сазгер, той ұйымдастырушы Қаламқас Өтебай. Араға он жылдай уақыт салып сахнаға оралған әншімен әңгімеміз өскен өлкесінен басталды.


Қаламқас Өтебай: Менің балалық шағым Арқалық қаласында өтті. Тек 1996 жылдары Астанаға қарай көштік. Ол қиын кезеңдер еді, ата-анамыз болашағымызды ойлап үлкен қалаға қоныс аударған болар. Солай Астанада екінші өмірім басталды деуге болады, ал қазір Алматыда тұрамын. Жаңа қалада жаңа өмір басталды.


Қарашаш Есенбай: Өнер өлкесіне келуіңіз қалай болып еді?


Қаламқас Өтебай: Кішкентайымнан өнердің ортасында жүргенмін, нақты мына жас деп айту қиындау.Домбыра мен фортепиано сыныбын бітіргенмін, екі аспапты сегіз жыл оқыдым. Үйде балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында, кейінірек көптеген концерттерден естелік болып қалған біршама суреттер бар.

Басқа әншілер тәрізді өтірік-шынды араластырып, байқауларды тізіп шыққымкелмейді. Тек «Шабыт» фестивальдеріне қатысып жүрдім, бірақ орын бұйырмады. Авторлық әндер фестивалінде бас жүлде алдым, онда автор әрі орындаушы ретінде қатысқан едім.

Негізгі білімім заңгер, бірақ ол салада ешқашан жұмыс істемедім. 1996-98 жылдары яғни тоқырау кезеңі еді. Халық арасында заңгер және экономист секілді мамандықтар сәнде болды ғой. Әке-шешемнің көңіліне қарап оқып, бітірдім. Бірақ ол мамандық жүрегіме жақпайтын, дипломы сол күйі тұр. Менің замандастарымның көбінде солай болды. Қазір әлі де ізденіс үстіндемін. Бірақ заңгерлік мамандықпен қатар өнерді де алып жүрдім. Кейіннен тележүргізуші мамандығын бітірдім. Оған қоса, модельер - конструктор деген де дипломым бар.


Қарашаш Есенбай: Тұрмыс құрған соң он жылдай сахнадан алыстап қалған тәріздісіз?


Қаламқас Өтебай: Үлкен қызыммен талай гастрольдік сапарда болдық, ол қыз сахнада өсті. Кейін тағы да ана атандым, үш баламды бірінен кейін бірін өмірге алып келіп аналық міндетімді атқарып, солардың білім, тәрбиесімен айналыстым

Уақыт зымырап өтіп кетіпті, тура он жыл болғанын өзім де байқамай қалыппын. Әрине, ол жылдар үшін өкінбеймін. Моральдық қиындық болды дей алмаймын, керісінше ана бақытына бөленіп, солардың тәтті қылықтарына алданған секілдімін. Қазір кішкентайым бірінші сыныпқа барып жатыр.

Оған дейін Марат Омаров, Марат Илиясов секілді адамдармен жұмыс істедік. Бастапқы кезде көп өнер адамдары Астанаға көшіп барды, сонда олар ұйымдастырған концерттер мен гастролдерге қатысып жүрдім.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз әнші ғана емес, сазгерсіз. Осы туралы айта кетсеңіз.


Қаламқас Өтебай: Мен 1998 жылы он бірінші сыныпты бітірген кезде авторлық әндер фестиваліне қатыстым. Сол жылдары шығармашылығымда көп жаңалықтар болып, табысты болды. Көптеген әндер жазған едім, қазір есіме түсіре алмай жүргендерім де бар. Сол әндерімнің бірі жақында ғана өңдеуі бітіп, жарыққа шыққан «Жан жарым» деген ән.


Қарашаш Есенбай: Сазгерлер «7 ғана нота бар, бір біріне ұқсауы заңды» деп жатады. Кейде аты енді шығып келе жатқан әншілерге «жиендік» жасайтын танымалдар да болады. Өзіңіз әндеріңізге солай жасағандарды байқадыңыз ба, не сіздің әніңізді ұқсайды дегендер болды ма?


Қаламқас Өтебай: Жоқ, Аллаға шүкір, менде еліктеу деген жоқ екен. Жаңа айтқанымдай, сол бір мектеп бітірген жылдары шығармашылығым үшін табысты болды. Туынды іштен шығады ғой, оны әр адам сезіне алмайды, мен де сөзбен жеткізе алмаймын. Кез келген сазгер, суретші, ақын яғни шығармашылық адамдарында ішінде төгіліп тұратын сезім болады, оны өзіміз де байқамай қаламыз. Құлағымда сол әннің әуені шырқалып тұрады. Оларды түсіргенімде «Мынау біреудің әніне ұқсай ма?» деген күдік ой болмапты. Авторлық әндерімнің құқығы қорғалған.

Құпиясы жоқ, қазіргі сазгерлердің көбі біреулерге еліктеп, ұқсатып жатады. Өзім де ондай болмаған екен. Қазір әндерімді желіге салып, жариялап жүрмін. Әлеуметтік желінің жақсы тұсы өзіңе жазылған ой пікірді оқи аласың. Мысалы, сізбен де солай таныстық. Құдайға шүкір, жақсы пікірлер көптеп жазылып жүр.



Қарашаш Есенбай: Қазіргі буынның сазгерлігін қалай бағалайсыз, оларда кімге еліктеу басым?


Қаламқас Өтебай: Аттарын атағаным орынсыз болар, бірақ жақында түрік әнін айтып шыққан дуэтті тыңдадым. Менің ойымша, әнші, сазгер, не өңдеуші болсын өзін кәсіби тұрғыда көрсетуің керек. Мысалы, мен тойға шықққан кезде Қарақаттың не Жазираның әнін айтып беріңізші деп өтініш етіп жатады. Бірақ мен оларға өзім кәсіби әнші болғандықтан, жеке туындыларымды орындауым керек екенін түсіндіруге тырысамын. Өзге әріптестердің келісімінсіз де олардың қоржынына қол салмағаным дұрыс. Оны қанша халық көреді, желіде тарайды. Біреудің әнін орындап тұру ұят қой?

Бірақ, шүкір, шақырушыларға өз әндерім де ұнап жатады. Көбі артынан алғыстарын айтып, жоғары бағасын береді. Мен тек ән айтып қана қоймаймын, тойды ұйымдастырып, безендіру қызметтерін де атқарамын.


Қарашаш Есенбай: Той туралы бастап қалдық. Қазіргі таңда әйел адамдардың да той басқаратындары көбейді. Бірақ оны сынайтындар көп, сіздің көзқарасыңыз қалай? Барлық ағайын туыстың басы жиналған жиынды әйел басқаруы дұрыс па?


Қаламқас Өтебай: Мен бірден айтып кетейін, той басқармаймын! Мысалы, дәстүрлі әнші, эстрада мен опера әншісі деп бөлінетіні сияқты той басқаратындар да бөлінеді. Өзімді асабамын деп санамаймын. Тек дуэт болып, жұптасып шығамын. Онда да концерт, мерекелерге шығамын. Ал нағыз қазақы тойдың асабасы емеспін. Негізі жүргізе алатын да шығармын, бірақ мұсылман болғандықтан ер адамды басшы санаймыз ғой, сондықтан әйел адамның жүргізуін құп көрмеймін, жараспайтын да сияқты. Біраз жылдар өткенше көзіміз үйрене алмайтын сияқты?! Ер адам жүргізсе, салмақты көрінетіндей. Мен тек неке қию, тұсаукесу секілді рәсімдерді жүргіземін, сол сияқты тек әйел адамдар жүргізетін рәсімдерді орындаймын. Ал, жарысып асаба болу бойымда да, ойымда да жоқ!


Қарашаш Есенбай: Той ұйымдастыру, залды безендіру жалпы осы той саласына қалай келдіңіз?


Қаламқас Өтебай: 1998 жылдары Астанада санаулы ғана әншілер бар еді. Мен тойдың әншісі болмадым, оны репертуарымнан да байқап жатады. Мейрамханаларда ән айтып жүрдім, ол мектептен талай танымалдар өткен. Лариса Долина, Батырхан Шүкенов сынды әншілер де сол жолдан өтті,ол адамдарға бас иемін! Мен де сол мектептен өткенмін. Әсілінде ресторанда жұмыс істеймін деп ойлаған емес едім, қалай бастағанымда есімде жоқ екен.

Өзіме риза боларым, мектеп бітірген жылы-ақ кірісіп кеттім. Ол кездегі музыканттарды қазіргілермен салыстыра алмаймыз, себебі өте сапалы, тың дүниелер жасайтын едім. Сондай жанды музыкамен өнер көрсететін командаға кіріп кетіппін. LiveBend жастарымен жұмыс істегініме қуаныштымын. Бірақ өкінішке орай, командамыз тарқап, көпшілігі Мәскеугекетіп қалды. Қазір аттарын атағаным орынсыз болар, бірақ ол өнерпаздар Ресейдің ең танымал студиясына кеткен болатын. Біз тарағаннан кейін ғана дискке жазу, фонограмма деген дүниелер шыға бастады.




Қарашаш Есенбай: Қазір барлық тойда жанды дауыста айтасыз ба?


Қаламқас Өтебай: Қазір плюс, минус дегенді ажырата алмай жатады. Минус болса жанды дауыспен айтасың, шындығын айту керек плюс қолданатын жерлер болады. Оны көбі енді мойындап жатыр ғой. Не себепті қолданамыз? Себебі залдағы аппаратура, аккустика дұрыс емес. Әсіресе, ашық аспан астындағы шаралар кезінде қиын. Ол тікелей эфирдегі бағдарламалар болса, дауыс дұрыс болмайды, сол үшін міндетті түрде плюспен жазылады.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі музыканттардың талғамын қалай бағалайсыз?


Қаламқас Өтебай: Еуропаға қатты еліктеу бар. Маған да ұнайтын дүниелері әрине бар, бірақ саралай алуымыз керек. Олардың да ішінде жоғары санаттағы туындылары, жаңалықтары бар, бірақ мәні мен сапасы жоғынан қашуымыз керек. Ондайды өзім түсінбеймін. «Сән» деп жұрттың шығарғанына еліктеген жоқпын, сондықтан шығар өзіндік стилім бар.


Қарашаш Есенбай: Мұны сұрап отырғаным, кеше Argonya сұқбатын қарап едім, ол сөзінде ағалары өнерін ұнатпай қалғанын айтыпты. Демек жас буын сіздердің пікірді тыңдап, саралайды деуге болады. Осы ретте өзіңіз кімдерді тыңдайсыз, өнерлеріне қандай баға бересіз?


Қаламқас Өтебай: Шынымды айтсам, он жылдан бері үйде отырып көп адамдарды біле бермеймін. Соңғы он бес жылда мүлде теледидар көрмеймін. Сондықтан да жаңадан шыққан әнші, жүргізушілерді біле бермеймін.

Керісінше өзімді дамытуға, білім алуға бет бұрып, психология саласын зертттеп жатырмын. Өзімді өзгерту үшін арнайы жобаға қатысып жатырмын. Тіпті әлеуметтік желіге де уақыт арнамаймын. Қазір тренерлер айтып жүрген қағидалар менде бұрыннан болған екен, тек соның жібін тарқатып, дамытып жатырмын. Мысалы, психологияға ден қойғалы таңғы сағат 5-те оянамын. Сосын таңғы сегізге дейінгі үш сағаттық уақытты өзіме арнаймын, жаттығуларымды жасап, кітап оқитын, шығармашылығымды саралайтын сағаттар.


Қарашаш Есенбай: Мерекелік безендіру саласында бәсекелестік аз, әрі шар мен гүлдің ғана композицясы. Өзіңіз осы салаға қандай жаңалық керек деп ойлайсыз?


Қаламқас Өтебай: Бізге неше түрлі клиент келеді, олардың бақуаттысы да, қарапайымдары да бар. Олармен сөйлескен кезде бәріне ортақ жолын табуға тырысамын. Мысалы, миллионерге жасаған безендіруді, қарапайым адамның да тойына жасайық, залды түгел безендіреміз, бірақ мынадай жерін үнемдейік дегендей көңілін қалдырмай жасап беруге тырысамын. Кейбір бәсекелестерім өз бағасынан түспейді екен, ал мен екі жаққа ыңғайлы жағын қарастырамын. Неге десеңіз, тойы болғалы жатқан адам бір не, үш жылдан кейін тағы той жасайды, қайта айналып келеді. Қазақтың тойы бітпейді ғой?! Оған қосымша, тойды ұйымдастыру қызметін алып, неке қию рәсімдерін тегін жасайтын кездерім де болады. Ол адамның қуанышы әрі ризашылығы соған қоса өзіңнің күн көрісің де бар.




Қарашаш Есенбай: Қазір карантин басталғалы той тоқтап, осы саладағы адамдарға ауыр тигені белгілі. Қалай қам жасап жатсыздар?


Қаламқас Өтебай: Түркіменстан билігі бұл вирус туралы айтуға тыйым салды, сол секілді қазақ та жаман аурудың атын атамаған. Мен де осыны ұстанған болар едім. Үрей тудырғанша, айтпауға, таратпауға ат салысуымыз керек. Бұйыртса, қазақтың тойы жалғасады ғой.


Қарашаш Есенбай: Әңгіме соңында өз отбасыңыз туралы да бірер сөз айта кетсеңіз, балаларыңызды да өнерге баулып жатсыз ба?


Қаламқас Өтебай: Әрине, өнер жайдан жай қонбайды! Менің де бойымдағы сазгерлік, әншілік аталарымнан дарыды. Балаларым да өнерден алыс емес, ән-биге қызығушылығы бар, қызым бишілікті серік етіп, талай шетелдік шараларға қатысты.


Қарашаш Есенбай: Қаламқас ханым, сіздің шығармашылығыңыздың бұл кезеңі табысты болсын деп тілек айтамыз. Сұқбатыңызға рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ