"Халық талғамын төмендеткен атаққұмар режиссерлер": Түркістандық жас каскадер өз қаражатына фильм түсіріп жүр

0
5 615

Кинода ең қиын және ең қызықты кадрларды көркемдейтін каскадерлар. Олар кадрдағы ең жанкешті, қауіпті тұстарында фильм актерларын алмастырып жүргенін көрерменнің көбі біле бермеуі мүмкін. Бірақ оларды бағалайтын уақыт та келгендей. Қазіргі буын тек каскадер ғана емес, өзі актер, өзі режиссер бола алады. Менің бүгінгі кейіпкерім - жас каскадер, режиссер Мұқағали Әбдішәріп.


Қарашаш Есенбай: Сәлем, Мұқағали! Алдымен өзіңізбен жақынырақ таныссақ, қай жерде дүниеге келдіңіз, негізгі мамандығыңыз қандай?


Мұқағали Әбдішәріп: Аты жөнім Мұқағали Әбдішәріп Мерғазыұлы 1998 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Қазір мамандығымды кім деп айтарымды білмеймін (күліп). Мүмкін “ізденуші” деуге болатын шығар, немесе “оқуды бітірген студент”. Олай деуімнің себебі, дәл қазір мен үйреу мақсатында кинолар түсіріп жүрмін. Ол киноларда өзім - идея автор, өзім - сценарист, өзім - режиссер, өзім - оператор, өзім - актер, өзім - монтажер, өзім - дыбыс оператор, өзім - төбелес қоюшы.

Осы мамандықтардың барлығын кәсіби түрде меңгеріп үлкен киноларымды халыққа ұсынғым келеді. Қазіргі уақытта өзімнің каскадерлық мектебім бар, “360° Қазақ Каскадер Клуб”. Клубтың жұмыс жасап жатқанына 3 айдан асты. Клубты ашудағы мақсатым - Шымкент қаласындағы кино саласының дамуына үлес қосу және өз киноларымда өз каскадерларымның өнер көрсеткенін қалаймын.


Қарашаш Есенбай: Кино әлемі сізді несімен қызықтырды?


Мұқағали Әбдішәріп: Киноға деген қызығушылық ес біле бастаған кезімде оянды. Адамдарға әсер етуші факторлар көп қой, кино, кітап, музыка деген сияқты.

Адамдарды жақсылыққа тәрбиелейтін өнердің бірі - “Театр өнері” дер едім. Дегенмен оны да барып түсініп көріп жатқандар аз. Ал кино саласы қол жетімді, бірақ адамдарға бір тиынға пайдасы жоқ, қоқыс деп айтсақ болады. Өйткені ақша табуға ғана жұмыс істейтін кинолар көбейіп кетті. Қысқасы, біреулер ақша табу мен есерсоқтықтан жарысса, мен жақсылық жасаудан жарысқым келеді. Тәрбие бере алатын заманға сай үлкен мен кішіге айтар ойы бар кинолар түсіріп, айтар ойымды сол кинолар арқылы жеткізгім келеді.


Қарашаш Есенбай: «Төле би» фильміндегі рөліңіз сізге қалай бұйырды? Түсірілім несімен есте қалды?


Мұқағали Әбдішәріп: «Төле би» фильмі менің үлкен кинодағы алғашқы қадамым. «Төле би» фильміне кастинг болып жатқан кезде мен де басқа актерлар сияқты өзімді ұсынып, каскадерлық өнерге қызығушының бірі екенімді айтқан соң, актер және төбелес қоюшы ретінде қабылдандым. Үлкен түсірілімге бірінші рет қатысып жатқандықтан, қиындау болды. Бірақ өз жұмысымнан рахаттанғандықтан шаршамадым.



Қарашаш Есенбай: Қазақстандық каскадерлар шығармашылығы қандай дәрежеде? Өзіңіз кімдерді бақылайсыз?


Мұқағали Әбдішәріп: Каскадерлық өнердің түрлері көп. Соның ішінде, төбелес қою мен тарихи шайқастарды орындауға келгенде Қазақстанның каскадерлық өнері өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Мен білетін “Nomad” “Kazakh Union” каскадерлық топтары қазақ халқының ержүрек, рухты халық екендігін әлемге танытып отыр. Біз осы үшін мақтануымыз керек деп есептеймін.


Қарашаш Есенбай: Неліктен каскадерлер актерлар секілді өздерін жарнамалай алмайды?


Мұқағали Әбдішәріп: Абай атамыздың сөзі бар “Білгенге маржан, білмеске арзан” деген. Каскадерларды халық төбесіне шығармағанымен, өнерді түсінетін жандар өте жоғарғы бағалайды. Каскадерлар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани бай болуы да керек. Сол үшін атақ-даңққа қызықпайтын шығар?!




Қарашаш Есенбай: Негізі мамандығыңыз режиссер. Режиссура туралы айтайықшы, қазақ киноматографиясына қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз?


Мұқағали Әбдішәріп: Өте үлкен өзгеріс керек. Халыққа арзан дүниелер ұсынып халықтың талғамын төмендетіп тастаған өзіміздің ақша, атаққұмар режиссерлер. Ол кісілердің ойында “Халық мынаны үйренсінші” дейтін жанашырлық болмағандықтан, соңы осыған алып келді. Әрине көпке топырақ шашпаймын. Ақан Сатаев ағамыздың сіңірген еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Нұртас Адамбаев ағамыздың “Келинка Сабинка” дейтін киносынан өзгесін, қазақ киносының дамуына қосқан зор үлес деп білемін. “Жақсы кітап сыныр ақпайды” деген сөз бар. Қазақ киносына жетпей тұрғаны осы. Бір деммен астарын түсініп көретін кинолар атымен жоқ. Бір күні халық бос ыржалаңнан шаршаған кезде, көп режиссерлар нансыз қалады.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қандай кино түсіруді армандайсыз?


Мұқағали Әбдішәріп: Жоғарыда айтып кеткен ойларыма қарап менің қандай кино түсіруді армандайтыным түсінікті болып тұрған шығар. Жұрт естіп жүрген емес, халық әлі де түсіне алмай жүрген шындықты кино арқылы жеткізіп және елімізде жоқ дүниені алып келгім келеді.


Қарашаш Есенбай: Қазір түсіріп жүрген еңбектеріңіз туралы айтсаңыз?


Мұқағали Әбдішәріп: Осы уақытқа дейін көптеген еңбектер түсірдік. Соның ішінде өзімнің көңілімнен шыққан 3 туындымды айта аламын. Олар “Өзіңді жең”, “Месть”, “Анонимді клуб”. Жеке тоқталатын болсақ, “Өзіңді жең” менің ең алғаш түсірген туындым. Ол кино арқылы мен Абай атамыздың “Егер шын мықты болсаң, өзіңді жең” деген сөзінің мағынасын ашық түсіндіргім келді. Жасөспірімдерді рухтандыратын мотивацияға толы фильм деп айта аламын. “Месть” фильмі өте аз қаражатпен ешкімнің қолдауынсыз түсірілді. Айтсам сенбейтін шығарсыз, Айфон телефонымен түсірілген. Ол киноның көрерменге берер еш тағылымы жоқ. Түсірудегі мақсатымыз - экшн жанрын орындау қолымыздан келетінін көрсеткіміз келді. Соңғы шығарғанымыз - “Анонимді клуб”. Бұл туындының барлығы қаражатсыз достарымның қолдауымен түсірілді. Осы жұмыстар арқылы, үлкен кәсіби фильмдерді шығаруға дайын екендігімізді көрсеткім келді. Алдағы уақытта, ол күнде жақын шығар деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Сол күнге жетуіңізге тілектеспін! Сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Бөлісу