Ол Роза Бағланованың ансамблінде жұмыс істеп, әншінің барлық концерттерін жүргізген.
Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
Оның еңбек жолы даңқты Роза Бағланованың ансамблінде басталды. Ол кезде бар болғаны колледждің екінші курс студенті еді, одан бері Қазақконцерт ұйымдастырған талай кештің тізгінін ұстады. Ерекше үні мен сахнадағы бекзат болмысы көпшілікке жақсы таныс...
Менің бүгінгі кейіпкерім - Қазақстанның мәдениет қайраткері, танымал конферансье Марал Анарбек.
Қарашаш Есенбай: Алматының кешіндегі біздің әңгімеміз поэзия туралы ойдан басталды...
Марал Анарбек: Мен ақын емеспін, бірақ поэзияны жақсы көремін. Барлық ақындардың поэзиясын оқимын, зерттеймін. Шаршаған, мұңайған кезім болсын, тіпті қуанған кезімдеде сезімімді поэзиямен бөлісемін. Мен түнгі сағат үште оянып Күләш Ахметованың кітабын оқуым әбден мүмкін.
Қарашаш Есенбай: Поэзия сүйетін оқырман ретінді пікіріңізді білгім келеді, жас ақындардан кімдерді оқисыз? Олардың дарынын қалай бағалайсыз?
Марал Анарбек: Айсәуле Бейсенхан, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы... қазір аттарын ұмытып отырмын, бірақ көп жас ақындарды оқимын. Әсіресе, Назираның өлеңдерін оқысам, қайта-қайта оқи бергім келеді. Буындары басқаша, кәдімгі өзінше бір монолог. Оған қоса, қазір әндердің сөзі түзеле бастаған сияқты, оны жазып жүрген жас ақындар емес пе? Демек оларда өсу бар деген сөз. Сондықтан жас ақындарды оқимын, қолдаймын, бағалаймын.
Қарашаш Есенбай: Сізді өнер әлеміне сол поэзияға деген құштарлық алып келген болар?
Марал Анарбек: Иә, бала кезімде диктор болуды армандайтынмын. Ауылда өстім шынымды айтсам, «журналист» деген кім екенін нақты білмедім. Қазір журналистика оқығанымда диктор болу оңай болар ма едім деп ойланамын. Ол кезде білген жоқпын, маған ешкім кеңес те бермеді. Бірақ жетінші, сегізінші сыныптан бастап осы өнермен «ауырдым». Мектептің барлық шараларын жүргізетінмін, қандай да бір мереке, концерт жүргізу керек болса ұстаздар мені алып кететін. Сөйтіп жүргенде мектепке келетін «Ұлан» газетінен «Жүсіпбек Елебеков атындағы колледж «Көркемсөз оқу шеберлігі» деген мамандыққа оқушылар қабылдайды» деген хабарландыруды көрдім. Телефон нөмірлері мен мекен-жайлары көрсетіліп тұр екен. Сол жылы мен 9-сыныпты тәмамдап жатқан кезім. Газеттегі нөмірге хабарласып, ол мамандыққа әр 4-5 жылда бір рет қана бала қабылдайтынын білдім. Мамандықтың көркемсөзге жақын екенін біліп тұрмын, бірақ нақты не істейтінін сұрап алдым. Олар «Бұл мамандықты бітірген соң актер де, радио-телеарнада дикторда бола аласың» деді. «Диктор» деген сөзді естігеннен кейін бірден Алматыға жиналдым. Ол кезде Алматы еліміздің астанасы, үлкен мегаполис. Менің ауылдан кететінімді естіген ағайындар мен ұстаздар «Марал елпілдеп тұрған кезінде үлкен қалаға кетейін деп жатыр» деп айтқан еді (күліп). Әкем мен анама «барамын» деп тұрып алдым. Сосын әкем: «Бала қалап тұр ма, барады! Түссең оқисың, түсе алмасаң мектепке қайта келесің» деді. Мен қайтып бармайтыныма сенімді едім. Солай анам екеуміз үлкен қалаға жолға шықтық...
Қарашаш Есенбай: Өзіңізге сенім күшті болған сияқты ғой?! Сонымен ол сенім ақталып, оқуға қабылдандыңыз ба?
Марал Анарбек: Иә, өзіме сенімді болып келдім. Бірақ емтиханның бәрінен өткен кезде өзім таң қалдым. Содан кейінгі қызықты айтайын, мектепте оқып жүрген кезде сүт тістер түсіп, орнына жаңа тіс шығады ғой. Менің алтыншы сыныпта түскен алдымдағы күрек тісім шықпай қалған. Қазір таң қаламын, бірақ тоғызыншы сыныпқа дейін тіссіз жүре беріппін (күліп). Сонымен ауылда талай концерт жүргізіп, оқуға тапсыруға да солай келгенмін. Емтиханнан кейін мені ұстаздар шақырып алып «Мына тіс қайда? Сен студент боласың, тіссіз болмайды, әрі ол дыбыстарға да әсер етеді. Үнің жақсы, ұстаздар ең жоғары баллды қойып отыр, бірақ тісің жоқ екен. Қалай диктор боласың?» деді. «Қыркүйекте тіспен келемін» деп уәде беріп, анам екеуміз елге қайтқанбыз. Қазір «Тіссіз қалай жүргенмін?» деп өзім таң боламын (күліп).
Қарашаш Есенбай: Дауысыңызбен ұстаздарды жаулаған болып тұрсыз ғой?! Жалпы осы дауыстың ырғағы, үні генетикамен байланысты сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Марал Анарбек: Иә, солай да шығар?! Мендегі дауысты ең бірінші Алланың бергені деп ойлаймын. Нақты қай жақтан екенін білмеймін, бірақ әкем мен анамның шыққан тектері тегін адамдар емес. Қоңыр дауыс, сыңғырлаған әдемі үн екі жақта да бар. Өз аталарым жақта айтыскер кісілер де болған дейді. Бірақ ұрпақтарының ішінде осы өнер маған қонған.
Кішкентайымнан дауысымды құбылтып, радиодан естіген үндердің ырғақтарын қайталап жүретінмін. Ойлап отырсам, бала кезімде қияли болған сияқтымын. Мен «су кешіп, жалаң аяқ жүрдік...» деген сияқты естеліктерді елестете алмаймын, байсалды ғана Маралды білемін. Әркіммен алысып, ойнау деген болмаған. Керісінше кітап оқимын, не тоқыма тоқитынмын, үй жинайтынмын дегендей... жалпы күні бойы істейтін шаруам болды.
Қарашаш Есенбай: Оқуға түстіңіз, ал үлкен концерттер жүргізуді қай уақытта бастадыңыз?
Марал Анарбек: Колледжде екінші курс оқып жүрген кезде Қазақконцерт кеш жүргізушілерін іздеп жатыр деген хабарландыру естідік. Біздің топта көп емес, 7-8 ғана бала оқыдық. Конкурс, кастингтің не екенін білмейміз бірақ жиналып қыздар болып барғанбыз. Ол күні «кастинг болмайтын болды» деп қайтып кеттік. Кейін сабақта жүргенімізде Қазақконцерттің директорының орынбасары Алшынбаев өзі келіп, біздің емтихан тапсырғанымызды көрген, араларынан мені жұмысқа алыпты. Ал мен қайда жұмысқа барайын деп жатқанымды білмеймін, сөйтсем Роза Бағланованың ансамбліне жүргізуші болып қабылданыппын. Сол қара шаңырақта әлі күнге қызмет етіп келемін.
Қызықты қараңызшы, оқуға түспей тұрып Роза Бағланованы біздің ауылға гастрольдік сапармен келгенде көргенмін. Керемет сұлу, тырнағы ұзын, әрі боялған, сөйлегені, ән айтқаны адамды еріксіз баурайтын кісі еді ғой. Есімде қалғаны қызыл көйлегі мен сыртынан ұзын камзол киген, басында бөрік. Менің көзім тырнақта (күліп), осы кісіннің қасында жүрсем, Алматыға барсам деп армандап отырған едім. Көрмейсіз бе, араға көп уақыт салмай-ақ мен сол кісінің қасында жұмыс істедім. Оның көптеген концерттерін жүргізіп, бірге гастролге де шықтым. Кейін ол кісінің көзі қайтқасын да еске алу кештерін жүргізгенмін.
Қарашаш Есенбай: Сіздің алғаш жұмысқа қабылданған кезіңізден бері жиырма жылдан асыпты. Содан бері түрлі шаралар жүргіздіңіз, былайша айтқанда осы саланың хас маманысыз ғой. Сіздің қазіргі концерт жүргізушілеріне деген ойыңызды білгім келеді. Мысалы «ң», «қ» дыбыстарын айта алмайтындар, үндері анық еместер сахнада толып жүр. Олардан қалай «тазартуға» болады?
Марал Анарбек: Қалай тазартуға болатынын білмеймін, солар тазармайтын сияқты. Менің де қазіргі концерт жүргізушілерге көңілім толмайды. Бір кезде сұқбат берген кезімде «әркім өз ісінің маманы болуы керек» деп айтып едім. Әнші ме, әнін айтсын, биші ме, билесін. Бұл «Мен концертке шыға алмай қалдым, әншілер менің нанымды тартып алды» деген ой емес, әркім өз ісінің шебері болсын деген ой. Олар мүлде жүргізе алмайды деп айтпаймын, бірақ концерт жүргізушісінің де өз сырлары, қиындықтары болады. Мысалы, сахнаға шығуы, дұрыс дыбыстауы, әншіні ортаға шақыруы мен шығарып салуы шеберлікті талап етеді. Қазір «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген заман болды ғой. Әншілер жүргізсе де, олардың фактурасына қарау керек.
Қарашаш Есенбай: Менің ойымша концерт жүргізушілерін аса бағаламайтын сияқты. Әншіні хабарлады ма, болды деп қабылдайды. Неліктен сіздерге қазақ аудиториясы немқұрайлы қарайды?
Марал Анарбек: Өйткені кім болса, сол концерт жүргізіп жүр ғой. Мысалы, баяғыда «Әнші балапан» бағдарламасын ән айтатын әншілер үшін емес, Рабиға Аманжолова жүргізгені үшін көретін едік. Өзім сол кісіге еліктеп, сондай болсам деп өстім. Сондай кәсіби жүргізушілер болса, сәні де, мәні де кетпес еді. Әркімнің жүргізгенінен бөлек, бір концертке төрт не алты жүргізуші қоятын болған. Топырлап әншісі де, актері де жүргізеді, осыдан кейін әрине, бағаланбайды!
Қарашаш Есенбай: Ал әншілердің сіздерге деген көзқарасы қандай?
Марал Анарбек: Мен үлкен сахнаға келген кезде танымал, белгілі адамдардың ортасына түстім. Алтынбек Қоразбаевтың қарамағында Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмидинова, Айжан Нұрмағанбетова сынды майталмандардың ортасына келіп, Роза Бағланова апамның қасында тәрбиелендім. Ол кісінің 70, 85 жылдық мерейтойларын, көзі кеткен соң да 90 жылдығын мен жүргіздім. Мен үшін бұлар үлкен мәртебе. Мақпал апамның, Сара Тыныштығұлованың да кештерін жүргізіп жүрмін. Аллаға шүкірлік етемін, осы дәрежеге сатылап жеттім. Бұл кісілер менің концерт жүргізу шеберлігіме сын айтқан емес.
Қарашаш Есенбай: Байқап отырсам, сіз атаған әншілердің бәрі елдің сүйікті аға буын әншілері. Менің білгім келетіні, қазіргі жастар сіздермен қандай қарым-қатынаста?
Марал Анарбек: Жастар бізді «танымайды», қанша рет байқадым, көрген кезде амандаспайды. Мысалы, грим жасайтын бөлмеде отырсақ үндемей өте шығады. Біз амандасуымыз керек сияқты. Сондай бір ерсі дүние қалыптасқан, меніңше ол кім болса да сәлем беру керек. Ол - қарапайым этика.
Қарашаш Есенбай: Оған не себеп деп ойлайсыз? Меніңше, қазір сахнаға сырттан келгендер көбейгеннен емес пе?
Марал Анарбек: Иә, дұрыс айтасыз, мен де солай ойлаймын! Кәсіби маман, Өнер академиясын бітірген әнші ондай қылық жасамайды. Себебі бізде мәдениеттілікті үйретеді. Ал амандаспай, теріс мінез көрсететін әншілер ешқандай баспалдақтардан өтпей, продюсер, демеушілердің қолдауы арқылы тез көтеріліп, танымал болғандар. Олар биікке жету жолындағы өмірді көрмегендер. Кейбір әншілер концертте амандасып, ұшақта көрсе танымай өте салады.
Осы кезде бір оқиға есіме түсіп отыр, айта кетейінші. 2000-2002 жылдары жақсы араласып жүрген әнші болды, кейін отбасын құрып, бала-шағаның қамымен арамыз ажырап кетті. Өткенде бір концерт жүргізіп тұрсам, сол әнші келіп «Сен мұнда не істеп жүрсің?» дейді. Бірақ көңіліме алмай, барып амандасып, жағдай сұрасып, иығынан қаққандай болдым... Кәдімгі күнделікті өмірде бір-біріміздің арқамыздан қағып хәл сұрап жатамыз ғой, солай жасап едім ана танымал әнші менің қолым тиген жерін дереу қолымен қағып тұр (күліп). Атын атамай-ақ қояйын, қазір өте танымал әнші. Бірақ сол кезде екі қадам аттап, оның хәлін сұрағаныма өзіме қапаландым. Сосын дереу өзімді жинап, сахнаға шығып кеттім. Бір кезде өзі қайта келіп, балаларымда сұрап «Баяғы кішкентай қыз қайда, өскен шығар?» деп жатыр. «Иә, ол қызым қазір Кореяда оқып жатыр» деп едім, өзгеріп шыға келді. Сонда олар бізбен не үшін араласады екен деген ойға келдім.
Қарашаш Есенбай: Қызық жағдай екен... Сосын біздің әншілер мақтансүйгіш деп жатады, концерт жүргізушілеріне келіп «менің мына атағымды, дәрежемді айтшы» дейтіндер бар екен. Сол қаншалықты рас?
Марал Анарбек: Иә, қазақ мақтансүйгіш. Бірақ оларды сахнада мақтап, көрерменге сата білу - менің жұмысым. Осы жиырма бес жылда бір адамға «менің атағымды айтшы» дегізген жоқпын. Себебі алдын ала өзім дайындап, сценарийдегі әр әншінің ақпаратын толықтырып қоямын.
Қарашаш Есенбай: Яғни, әншіні сахнада хабарлау мен оны шығарып салу сіздердің тікелей жұмыстарыңыз ғой. Сонымен қатар жаңа «әркім өз ісінің маманы болуы керек» деп қалдыңыз. Бірақ соңғы кезде өзіңіздің де ән айтып жүргеніңізді көріп қалдық. Бұған қалай қадам бастыңыз?
Марал Анарбек: (күліп) «Әу» демейтін қазақ жоқ қой негізі, менің де түбі ән айтамын деген ойым болған. Бірақ жаңағы әркім өз ісінің шебері болуы керек дегеннен шығады, мен концерт жүргізушісі ретінде еңбегім еленген соң ғана ән айтамын дейтінмін. Осы кезге дейін тек концерт жүргіздім, поэзия оқыдым, қара өлеңге бейнебаян түсірдім. Яғни, өз ісімнің айналысында ғана жүрдім.
Сосын бір күні Арбат жақта кетіп бара жатсам, Қазақконцерттен телефон соғып, мені жұмысқа шақырып жатыр. «Тыныштық па?» десем, «Келе беріңіз, жақсы жаңалық» деді. Ойда ештеңе жоқ, Алтынбек ағаның кабинетіне кірсем, екі-үш адам гүл алып, марапаттау болып жатыр. Сөйтіп сол жерде «Мәдениет қайраткері» болып жатқанымды білдім. Ол кезде концерт жүргізіп жүргеніме он бес жылдай уақыт болған еді. Осы оқиғадан кейін бірнеше жыл өткесін ақырындап әндер тыңдап, таңдай бастадым. Менің әнге талғамым ерекше, тез таңдай алмаймын, көп ойланамын. Кез келген ортада ән айта бермеймін. Менің ән айтуымның өзі бір спектакль секілді, кеш жүргізіп үйреніп қалған соң фанфарсыз бастап кете алмаймын (күліп). Әуелі музыкамен өлең оқып, қара сөзімді айтып, артынан әнмен жалғаймын. Ең бірінші Жәкен Омаровтың «Өзіңді аңсау» деген әнін жаздырдым. Кейін оның қатары бірнеше әндермен толықты. Жаман емес, халық жақсы қабылдап жатқандай.
Қарашаш Есенбай: Ал поэзияны оқуды қолға алып, кештер өткізу ойда бар ма?
Марал Анарбек: Иә, ондай жоспарым бар. Бірақ бірде Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойында поэзия кешін ұйымдастыратын болдым. Сол кезде келіні келіп «авторлық құқыққа байланысты ақша төлейсің» деді. Қалай төлеймін, оның өлеңдері бізге мұра емес пе? Біз керісінше оны жастарға насихаттап жатырмыз ғой. Бірақ «рұқсат жоқ» деген соң, сол кешті ғана өткізейін, одан кейін өткізбеймін дедім. Себебі дайындалып қөойған болатынмын, бірақ мен ол кешті коммерциялық мақсатта ұйымдастырған жоқпын.
Қазір бірнеше ақынның өлеңдерін қосып концерт-спектакль ретінде шығару ойда жүр. Ол кеш тек қыздар поэзиясынан тұратын шығар.
Қарашаш Есенбай: Концерт-спектакль деп қалдыңыз, өзіңіз кәсіби продюсер-режиссер емессіз бе? Осы салада да өзіңізді сынап көргіңіз келмей ме?
Марал Анарбек: Негізі оқуға тапсыратын кезде актерлық шеберлікке түскім келген, бірақ бала-шағаммен оқи алмай қалармын деп қорықтым. Өзімнің арасында концерт ұйымдастырып, сценарий жазатыным бар еді, содан продюсер-режиссер мамандығына түстім. Бір кездері аспапта ойнайтын үш жігіттен тұратын топ құрып, продюсерлікпен де айналысып көрдім. Топ жарқ етіп, енді пиарға көңіл бөліп келе жатқанымызда үлкен жол апатына түстік. Топтағы бір жігіттің анасының мерейтойынан қайтып келе жатқан кезіміз еді, апатқа ұшырап екі адамнан айырылдық. Қазір тоғыз жылдай уақыт өтті, продюсерлік деген дүниеден бетім қайтып қалды. Ер адамның жұмысы сияқты, бірнеше адамның жауапкершілігін көтеру, оларды басқару қиын. Әйел адам болғасын отбасың, бала-шағаң бар дегендей...
Қарашаш Есенбай: Ендеше, сөз соңында әңгімемізді әйелдің негізгі міндеттеріне қарай бұрайықшы, балаларыңыз бен жарыңыз туралы айта кетсеңіз?
Марал Анарбек: Аллаға шүкір, үш балам бар. «Нағыз ер-азамат жолықса екен, менен де мықты болса» деп армандайтын едім. Алладан маған таза жолмен табыс тауып, берекемді арттыратын адам бер деп сұрайтынмын, шүкір, сондай адам жолықты. Менің еркелігімді көтеретін, өнерімді түсінетін азаматтың жарымын.
Қарашаш Есенбай: Сол бақытыңыз еселене берсін, сұқбатқа келіскеніңізге рақмет!
Марал Анарбектің орындауындағы "Екі жасқа" әні:
Автор: @karashash_esenbay
Фото: жеке мұрағаттан