Мадина Түсіпбекова, әнші: "Бір әнді "МузАрт" сыйлық ретінде жазып берген"

0
3 902

Бізде аяқтан тарту деген бар ғой, басында мәдениет үйінде ән айта бастағанымда көбі "Жарайсың" деп жүріп, кейін амандаспай кеткендері де болды.


Мадина Түсіпбекова, әнші:

Атақты Мұхаммед Әлидің «Бұл өмірде ештеңе де оңай берілмейді. Өзіңнің діттеген мақсатыңа жету үшін де күшіңді жұмсап, уақытыңды бөліп немесе өзіңе шек қоюың керек. Кейде барлығынан баз кешіп, армандарыңнан бас тартқың келетін кездер болады. Сол сәтте, егер әрі қарай жүрсеңкөп нәрсеге қол жеткізетініңді, егер берілсең барыңнан айрылатыныңды ойла» деген сөзі бар екен. Әрине, өмірде кедергі мен оның сатылары да көп. Бүгінгі кейіпкеріміз - Мадина Түсіпбекова сол сатылардан тек өз күшімен көтеріліп келе жатқан жас әнші.

- Сәлем, Мадина! Қазір сізді үлкен концерттерден жиі көреміз, өнерге келуіңіз қалай болды? Осы туралы айтып беріңізші...

- Әрине, ең бірінші бұл менің бала кездегі арманым ғой. Арман адамды алға жетелейді екен, 2014 жылы Шымкенттегі оңалту орталығына бардым. Сол жерде арбада отырған қыздар мен жігіттердің ән айтып, би билегенін көріп «Маған да болады екен ғой...» деп ойладым. Келесі жылы орталыққа барғанымда тағы да сондай концерттер көп болды. Сол кезде қатты қызығып музыкант Әділ деген досымды үйге шақырып, "маған бір ән жазып берші» деп өтініш айттым. Оның көмегімен Гүлнұр Оразымбетованың " Мереке" және Қарақат Әбілдинаның "Аяулы ана" әндерін жаздырдым, қазан айында оңалту орталығына қайта барғанымда сондағы концерттерге қатыса бастадым. Кейіннен кітапханадағы кештерде ән айтып жүрдім. Бірде «Неге мәдениет үйіндегі концерттерге шықпасқа?» деген ой келді. Менің ән айтқанымды көріп, өзім сияқты үйде отырып қалған қыз-жігіттер алға қарай ұмтылса, қолынан келетінін білсе деген ниетім болды. Сосын Кентау қаласындағы мәдениет үйінде істейтін Ердәулет деген жігітке «Мені концертке қатыстырыңызшы» деп өтініш айттым. Ол алғашында мені ойлап «Қиналып қаласың, суықтап қаларсың» деген, өйткені күздің соңы еді. Бірақ мен қалайда ән айтамын деп алғаш рет 2016 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай өткізілген концертке қатыстым. Содан бастап үлкен концерттерге, танымал әншілердің кештеріне қатысып жүрмін.

- Иә, сізді атақты әншілердің кешінен жиі көреміз, оларды қалай келістіріп жүрсіз (күліп)?

- Бізде аяқтан тарту деген бар ғой, басында мәдениет үйінде ән айта бастағанымда көбі "Жарайсың" деп жүріп, кейін амандаспай кеткендері де болды. Маған менсінбей қарай бастаған кезде атақты әншілермен шығайын деген шешімге келдім. Сосын Кентауға «Мафия мен тақия» театры келе жатқанын естіп, инстаграмнан нөмірлерін тауып Жанатбек ағамен (Бәйтеков. ред) сөйлестім. Ол ағам «Хабарын айтамын, көреміз» дегенмен қайта хабарласпады. Менде қайта мазалауға ыңғайсызданып, «Хабарын айтпады, демек ән айтпайтын болдым ғой» деп тек кешті көруге барған болатынмын. Бір уақытта сол мәдениет үйіндегі апай «Мадина, сен ән айтады екенсің. Бізге айтып қойды» дегенде таңданып қалдым. Сосын үйден киімдерімді алдырып, аяқасты алғаш рет солай атақты адамдармен бірге өнер көрсеттім (күліп).

- Сонда алдын-ала хабарласпаған ба еді?

- Олар хабарласып айтқан жоқ, бәлкім ұмытып кеткен шығар. Бірақ мәдениет үйіндегілерге ескертіп қойыпты, хабарластық деп ойлаған болар?! Шынымды айтсам, сол концерттен кейін маған адамдардың да көзқарасы өзгере бастады.

Тағы бірде қалаға Қанат Үмбетов келді дегенді естіп ұйымдастырушыларға хабарластым. Олар «Қазір хабарласамыз» деп екі сағаттай күттіріп қойды. Сосын сахналық көйлегімді киіп алып, не болса да өзімен сөйлесейін деп мәдениет үйіне бардым (күліп). Ол жерде халық көп екен, кешке қатысатын адамдар тұрған жерге барып «Кім Қанат Үмбетовтың адамы?» деп сұрасам, бәрі соның адамдары екен. Сосын өзімнің хабарласқанымды айтып едім, Асхат Қалмырза деген әнші жігіт екен. Менің ән айтқым келетінін естіп, «Тыңдап көрейін, маған ұнаса айтасыз» деді. Бірақ ән барлығына ұнады, сол кезде Қанат Үмбетовтың өзі келіп қалды. Әр жүргенім тарих ғой, сонымен ол кеште де ән айту бұйырды (күліп).

- Алғашқы кезде солай болатыны рас, бірақ қазір концерттерге арнайы шақырылып жүрген шығарсыз? Инстаграм парақшаңыздан Индира Расылханның кешінде ән айтқаныңызды көріп едім...

- Былтыр оңалту орталығында өзімнің жеке концертімді берген болатынмын, сол кезде
Индира Расылханның бір әнін орындағанмын. Соны инстаграмнан көріп Индира ханым хабарласып «Видеосын жібер, инстаграм парақшама салайын. Керек болса, осы әннің минусын берейін» деген болатын. Өткен жылы біраз уақыт Құлсары қаласында болдым, сол кезде Индира Расылханның келе жатқанын көріп «Әпке, сіз Атырауға келе жатыр екенсіз, сіздің концертіңізде өлең айтсам бола ма?" деп жазып жібердім. Ол «Әндеріңді жібер, тыңдап көрейін» деген, аса ұната қоймады ғой деймін «вокалдан сабақ алмаған екенсің...» деді. «Жарайды» деп қойдым. Кейін түнде «Мадина, сен екеніңді білген жоқпын. Концертке келіп ән айтып кет» деп жазып жіберіпті. Тура 21 желтоқсан күні концерт болды, ол күні менің туған күнім еді. Жеке мерекемде ән айтып, Индира Расылханның ақшалай сыйлығын алып қайттым (күліп)

- Енді қазір вокалдан сабақ алып өзіңізді дамытып жүрсіз бе?

- Қазір жеке жағдайларыммен Атырауда тұрып жатырмын. Сонда әпкем оқытамын деген болатын, бірақ түрлі себептермен сәті түспей қойды. Бірақ барынша білім алып жатырмын. Бірде музыкант ағам «Вокалға барып ақшаңды құртпай, ютубтан-ақ үйреніп алсаң болады» деп айтқан еді. Енді соны қолға алуым керек. Қазір денсаулығыма байланысты шаруаларыммен жүрмін.

- Көктемде өзіңізді Республика сарайындағы ән кешінен көрдік, кәсіби әншілердің киелі жерінде өнер көрсету де бір шабыт сыйлаған шығар?

- (күліп) Иә, керемет сезімде болдым ғой. Бақыттан басым айналып, бастапқы дайындықтарда әннің сөзін ұмытып қалып жүрдім. Бірақ кеште жақсы орындап шықтым. Сол Алматыға барғанымда сүйікті әнші ағам Сәкен Майғазивпен кездесіп қайттым.

- Сіздің Сәкен ағамен танысуыңыздың өзі де бір қызық қой, оқырмандарға да айтып беріңізші.

-Иә, қызық болды (күліп). Осы жылы 8 наурыз мерекесі қарсаңында ол кісі инстаграм парақшасында анасын құттықтап жазба жазған екен. Сол жазбаға "Анаңыз ұзақ жасасын! Сізді көру мен үшін арман!" деп пікір жазған едім. Ол кісі жекеме "Мадина, сәлем! Алла қаласа жолығармыз!" деп хат жазыпты. Сосын 1 сәуір күні Алматыға концертке баратынымды айтып едім, «Келгенде хабарлас» деді.

Алматыға барғанымда хабарласып ол кісіге «МузАрттың» студиясын көргім келетінін айқанымда, сол жерге кездесуге шақырды. Екі сағаттай уақыт ағалы-қарындас болып түрлі әңгімелер айттық. Тағы бір қызығы, сол жерде өзімнің Қанат Үмбетовтың концертіне қалай қатысқанымды айтып отырсам, Қанат ағаның өзі келіп тұр (күліп).

- Жолы болғыш адам екенсіз, керемет! Енді қазіргі жоспарларыңызбен бөліссеңіз, соңғы кезде тойға шығып жүргеніңізді байқадық.

- Әзірге екі авторлық әнім бар. Бірі «Анашым» деген ән. Екіншісі, Сәкен ағаның кеңесімен махаббат тақырыбында жазылған «Сұрақ» деген ән. Оны «МузАрт» студиясында сыйлық ретінде жазып берді. Алдағы мақсаттарымыз көп қой. Қазір енді-енді тойға шығып ән айтып жүрмін. Сол арқылы емделуге қаражат жинасам деген ниетім бар. Тойға барғанда барлығы разы болып, «Аяққа тұрып кет» деп тілек білдіріп жатады. Көптің тілеуі қабыл болар деп үміттеніп жүрмін.

-Мен де соны сізге тілеймін! Негізі, қандай жағдайдың салдарынан болған еді?

- Рақмет! Анамның айтуы бойынша, сәби кезімде арқамда грыжа (омыртқа жарығы, ред) болыпты. Оны алдыруға болмайды деседі. Бірақ бес айлығымда ота жасатып сол грыжаны алмақ болады. Ол кезде медицина қазіргідей дамымаған шақ, омыртқам мен сегіз көзіме зақым келгендіктен жүре алмай қалғанмын. Бірақ болашақта жүріп кетем деген үмітім бар. Қазір алдымен Ташкент қаласына барып тексерілсем деп жүрмін. Нақты диогнозымды анықтан, ота жасатуға болатынын, болмайтынын анықтағым келеді.

- Алла жазса, жақсы жаңалық күтеміз! Шабытыңыз шарықтап, армандарыңыз орындала берсін, Мадина!

Фото: @madina_tuspbekova

Автор: @Karashash_esenbay

ERNUR.KZ