"Маймылдың дәрежесінен шыға алмай жүрміз...": Вирустан хайп іздегендер туралы әріптестері не ойлайды?

0
2 695

Арасында бір-екі рет ұрсып қоясың.


Ernur.kz сайтының оқырмандары үшін сүйікті жұлдыздарының карантин кезіндегі тілектері мен ойларын бөлісуді жалғастырамыз. Пікірге сіз де карантинді қалай өткізіп жатқаныңызды жаза кетіңіз.


  1. Карантин кезінде немен айналысып жатырсыз және уақытыңыздың көп бөлігін қандай іске жұмсайсыз?
  2. Шоу-бизнес өкілдерінің негізгі табыс көзі – той. Қазір той жасауға уақытша тыйым салынды, егер осы тыйым әрі қарай да жалғасатын болса, қандай салаға кетуді қалар едіңіз?
  3. Ғалымдардың зерттеуі бойынша үй карантині кезінде отбасылық жанжал көп болады екен. Сіз карантин кезінде отбасы мүшелерімен сөзге келіп көрдіңіз бе және өзіңіз қаншалықты жиі ашуланасыз?
  4. Вирус тарағалы өзге елде оның вакцинасын іздегендер көбейсе, бізде челлендж жасап, хайп қуғандар көбейген секілді. Осы тұста оқиғаға байланысты ән шығарып жүрген әріптестеріңізге деген көзқарасыңыз қандай?
  5. Оқырмандарға айтар кеңесіңіз бен тілегіңіз?!


Марал Анарбек, әнші-конферансье:


1. Мен өзімді заманауи адамдардың қатарына қояр едім. Өйткені карантин болмай-ақ айлық алатын жұмысыма да, үйдің тірлігіне де үлгеріп жүрген адаммын. Әйел адам бәріне үлгеруі керек, ал үлгере алмайды екенсің, үйде отыр!

Қазір еліміздің басына осындай ауыртпалық туып, карантин жарияланғандықтан бізде үйде отырмыз. Сондықтан да бұрынғымен салыстырсақ бос уақыттым бар. Бірақ соны бос жібермей, тиімді өткізуге тырысып жатырмын. Шынымды айтсам, үйде болсақ та уақыт жетпей жатқан сияқты. Оған себеп - бұрыннан ойда жүрген жобам «Сауатты сөйлеу» тренингін өткізуді қолға алдым. Себебі қазір тілдері сақау ұрпақтар өсіп келе жатыр. Көп балалар орысша мен ағылшынша таза сөйлеп, ал қазақшаны акцентпен сөйлейтін болған. Оларға қазақ тілінің құдіреттілігін түсіндіріп, сөздің қасиеті болатынын, біздің халық «ойнап сөйлесе де, ойлап сөйлейтінін» жеткізгім келеді. Ол бір күндік болса нәтиже бермейді, сондықтан бес күннен тұратын онлайн тренинг болады. Осы мақсатта онлайн сабақтар өткізудің жүйесін жасап жатырмын.

Сонымен қатар Абайдың 175 жылдығының құрметіне оның өлеңдері мен қара сөздерін оқуды қолға алдым. Мәнерлеп сөйлеу үшін ақындардың өлеңін жиі оқу керегін үнемі айтып жүремін. Өзім де осы талапты ұстанамын.


2. Тойға тыйым салуды карантин кезінде жарияланғаны уақытша нәрсе деп санаймын. Себебі той - қазақ халқының қазынасы. Қазақта сәби дүниеге келгеннен тоймен басталады ғой, бірақ ысырапшылдық болмауы керек. Бізде «Қуанышты бөліссең көбейеді», «Тойың тарқамасын» деген тілектер айтылып, бата беріледі ғой сондықтан той халықтың салт-дәстүрінің негізі деп айтар едім. Ал сіздің сұрағыңызға жауап берер болсам, мен той болмаса да өз саламнан ауыспаймын. Өйткені мен үлкен концерттер мен театрдың сахнасында жүрген адаммын, оны қиып кете алмаймын. Соңғы кездері той жүргізуге жиі ұсыныстар алып жүрдім ғой, бірақ ол шақыру болмай-ақ сахнамен күнімді көргенмін.


3. Иа, бұл сұрағыңыз өте орынды. Бірақ қызығы, карантин басталғалы бізде керісінше ұрыс емес, бір-бірімізге деген сыйластық, мейірім деген қасиеттеріміз көбейген сияқты. Өзім соны байқап жүрмін. Бұрындары таңда кетеміз, сосын біріміз түсте, енді біріміз кешке келіп уақыт арпалыспен өтіп жататын еді. Қазір қауышқандай болып отырмыз. Жұмыс істейтін, балалар сабақ оқитын кезде әркім өз ісімен айналысады, бір уақытта дастарханда басымыз қосылып жүр. Үйде бір қалыпты режим қалыптасты. Бірақ ұрсысу, ренжісу болмады (күліп).


4. Басты ұстанымым - тәртіп. Қиын жағдайға немқұрайлы қарамасақ екен. Бұл -Алланың берген сынағы, ал сынақ - уақытша болады.Сол сынақтан біз сынбай өтуіміз керек, оның амалдары да бар. Ең бірінші, тәубеге келіп, ниетімізді түзеп, бір-бірімізден және Алладан кешірім сұрауымыз керек. Бұйыртса бұл күндер де бітіп, шуақты, берекелі, мерекелі күндерде қауышайық деп тілеймін.




Марат Балмырза, әнші-композитор:


1. Өзімнің студиям үйде болғандықтан, шығармашылықпен айналысып жатырмын. Жаңа жобаларға тың идеялар келіп жатыр. Бұйыртса, продюсерлік ретінде жас әнші жігітпен жұмыс бастағалы жатырмын. Негізі өзім үшін ән айту – хобби. Әйтпесе «Ән айтып таң қалдырамын, бірдеңе дәлелдеймін» деген ойым болмаған. Мұның алдында үш жігіттен тұратын топ құрамын деген ойым болған еді, бірақ өте талантты әншіні көріп, ойымды өзгерттім. Себебі оның талантын көріп, басқа әншілерді тыңдағым келмей қалды. Қазір бар ойымды қорытып, соның жұмыстарын жоспарлап жатырмын. Карантин кезінде байқағаным, бұл жағдай әлі де созыла берсе көп адам өз саласында іріктелетін сияқты. Мысалы, нағыз өнерпаздар мен мықты бизнесмендер, мамандар қалатындай. Өйткені бұл кезең үздіктерді айқындап береді. Шыны керек, қазір ән сұрап жатқандар бар, бірақ тапсырыс жоқ. Мұндай арпалыс кезінде ән жазуды ешкім ойламайтыны да белгілі ғой.


2. Тойдың кесірінен өнерді тастап кететіндерді - мен «Өнер адамы» деп есептемеймін. Меніңше осыдан соң той азайса керемет болар еді. Өйткені қазір көп әншілеріміз сол тойға кетіп қалды. Бұл – ақша үшін тамақ жеп отырған адамдарға аузын жыбырлатып фонограммамен ән айтатындар, сапасыз оранжировка жасайтындар көбейген деген сөз. Адам өнерге өзін іздеп келуі керек деп есептеймін. Тойдағы халықтың 90% өнерді түсінбейтіндер болуы да мүмкін. Осы карантин тойды азайтса, концертте жанды дауыста ән айта алатындар сараланар еді. Қазір тойдың әншілері тұрмақ, алпауыт компаниялар да құлдырап жатыр. Оның қасында біздегі кішігірім бизнес құлдырауы таң қалдырмайды...


3. Отбасы жанжалын болуы керек заңдылық деп қараймын. Өйткені бетін жаба бергеннен проблема жоқ болып кетпейді. Қолыңда шиқан болса, оны жауып қойсаң іріңдейді, сондықтан емдеу керек. Сол сияқты керісінше карантин кезінде бұрын айтпаған әңгімелерді айтып, кешірімді жиірек сұрап, бүкіл қарым-қатынасты ретке келтіріп алатын кезең деп ойлаймын.


4. Алғашында Марат Омаров ағам ән шығарған кезде маған өте қатты ұнады. Бірақ бұл әрі қарай қайталанбауы керек еді. Бір адам жасаған дүниеге ұқсатып әріқарай жалғастырудың қажеті жоқ! Қатты айтсам ренжімесін, бірақ біз әлі күнге дейін маймылдардың дәрежесінен шыға алмай жүрміз. Бір адам ерекше дүние тапса, соған бәрі үймелеп бара қалады. Марат Омаровтан кейін басқаша ән шығарудың маңызы не? Әрине, ол өте ұтымды шыққан трек. Оны естіген кезде көңілім көтеріліп қалған еді, ал одан кейінгі әндерді естігенде шынымды айтсам, жиеркенішті болды.


5. Осы кезеңді пайдаланып, сауатымызды ашуға тырыссақ екен. Өйткені біздің халқымыз мәдени даму жағынан артта қалып қойды. Құлдық сана басым, біреу бірнәрсе бастаса соны қайталауға асығатындар көп. Сондай ойлау жүйемізді тоқтатып, өзімізді дамытуға тырысқанымыз дұрыс болар?! Бұл бізге берген мүмкіндік сияқты, қазір әр салада тренерлер де өте көп және ақпараттар да қолжетімді. Бизнес тұрғыдан, не рухани жағынан дамимын десеңіз, болмаса кітап оқимын десеңіз де барлық мүмкіндік бар. Сондықтан өзімізді дамытуды қолға алайық дегім келеді.





Арай Ғалымжанқызы, әнші:


1. Бізде барлық халық секілді үйде отырмыз. Өзім әйел адам болғандық асханадан шықпаймын (күліп). Тағам дайындаймыз, соны тазалаймыз, сериал көреміз деген сияқты дүниелермен уақыт өтіп жатыр. Арасында бір-екі рет ұрсып қоясың (күліп).


2. Мен режиссер және музыкалық білім саласын бітіріп, екі диплом алғанмын. Сондықтан кәсіби режиссермін, воколиспін. Егер той болмаса, өнерден ұзамаймын. Вокалдан сабақ беретін мұғалім болатын шығармын деп ойлаймын.


3. Мен көңілді адам болғандық, жиі ашуланбаймын. Көп ұрыспаймын да, тіпті соңғы рет қашан ұрысқаным есімде жоқ. Үй болғаннан кейін әрине кейде дауыс көтеріп қоясың, күнде сол түрді көре беруде нервке тиеді ғой (күліп).


4. Мен оларды сынамаймын, оған құқым да жоқ! Өздерінің басы, миы бар ғой, сондықтан өздері білсін.


5. Дәл қазір дәрігерлердін айтқанын орындап, бағынайық. Қолымызды жиі жуып, таза жүрейік. Бұл күндер тезірек артта қалу үшін, карантин ережелерін қатаң сақтануымыз керек.




Автор: Қарашаш Есенбай

ERNUR.KZ