Олжас Отар: "Бахтияр Артаевқа шешен өкілі демеуші болғанда, намысқойлар қайда болды?"

0
3 624

"Мысалы, Ринат «Димаш – қытайлардың саясаты» деді, оған мен де келісемін. Ол - Димаштың талантын мойындау емес, пайдалану секілді..."


Олжас Отар:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Режиссер Станиславкийдің «Талант – бұл жұмыс істеуге деген құлшыныс, екіншіден жұмысқа деген қабілеттің барлығы» дейді. Ол да өзінің жан-жақты қырын көрсетіп жүрген білікті маман, жүректі ақын. Өзі "Екі кеменің басын ұстаған суға кетпейтінін" іспен дәлелдеп жүрмін деп есептейді.

Менің бүгінгі кейіпкерім – «Ауырмайды жүрек» әнінің сөзін жазған ақын, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Олжас аға. Есімде, сізден бірнеше жыл бұрын сұқбат алғанымда сіздің өнеріңіз туралы көбірек айтылатын секілді еді, қазір қызметіңіз туралы көп естіп, көріп жүрміз...


Олжас Отар: Халыққа ең керегі - салық. Ол экономикамыздың дамуындағы бірден бір қозғаушы күші ғой. Өткен жылы Астанамызда жастарға 1000-нан астам пәтер берілді, бұл – мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осындай үлкен жұмыстар жасалып жатқан кезде тек өзімнің шығармашылығымды насихаттап жүргенім менмендік болар еді. Себебі, біз халыққа пайдалы, танымдық ақпараттарды жеткізуіміз керек. Қазір салықтық мәдениет пен сауаттылықты арттыру үшін түрлі байқаулар ұйымдастырып жүрміз. Мысалы, «Түбіртек талап ет те, сыйлық ұтып ал», «Азаматтық бақылау» науқаны бойынша түбіртек бермегейтіндерді анықтауға көмектескендер үшін ақшалай сыйлық алу секілді шаралар. Яғни сіз бар болғаны бірнеше минуттың ішінде түбіртек бермегендерді айтып, телефоныңызға бірлік салдырып алуыңызға болады. Осындай пайдалы дүниелерді кеңінен насихаттауымыз керек.

Негізі қазір біздің қоғам сын айту мен жамандауды ажырата алмай қалғандай?! Жақында бір жерде Нұр-сұлтан қаласының әкімі туралы жақсы пікірімді айтып едім, біреу «ол пәленшенің күйеубаласы ғой» дейді. Қызметіне оның қандай қатысы бар? Мысалы, өзіме әкімнің жұмыстары ұнайды, «Болашақпен» оқып келген, білімді жігіт. Біз оның сондай жетістіктерін емес, қатысы жоқ кемшіліктерін тереміз. Осыған тағы бір дәлел - «Зекет қоры» өткен жылы 117 отбасының баспаналы болуына ықпал етті. Бірақ оны айтып жариялап жатқан ешкім жоқ, біздің журналистер мүндайды насихаттамайды. Олар тек шу шығаратын ақпарат жазатын болды. «Мемлекет қызметкерлері сұқбат бермейді» деп өкпе артады, біздегі журналистика дұрыс дамымағандықтан солай болып отыр. Сын айтамыз деп, жұрттың жынына тиеміз. Сосын сол жерін ғана көрсетіп, жариялаймыз. Қазір бәрі рейтингке жұмыс істеп кетті, ал оның ұрпаққа не беретінін ойламайды. Ештеңенің мәніне бармай қаралай жөнелетініміз тағы бар. Жақында бір оқиғаны оқыған едім, Англияда қыз зорлау ісі сотта қаралады. Сонда сот қыз зорлаушыны ақтап шыққан. Себебі қыздың өзі соған жеткізген, сондықтан ер-азамат өзін ұстай алмай қалған делінген. Қазақта да «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген сөз бар.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі таңда бізде зорлық-зомбылық көп және өте шулы тақырып. Оған қыздардың өздері кінәлі демексіз бе?


Олжас Отар: Нені насихаттасаң, сол көбейеді. Тағы сол Англияда болған жайтты айтайын. Ол елде суицид көбейе бастаған кезде зерттеу жүргізіп, нәтижесінде БАҚ пен әлеуметтік желіде жариялауды тоқтатыпты. Сәйкесінше суицидтің болуы да азайған. Кез келген ақпарат «вирус» сияқты адамға ой салады. Сол үшін де жамандықты жазбаған дұрыс. Қазір сайтты ашсаң адам өлімі, көлік апаты, зорлық деген ақпаратқа толы. Өткенде ұшақ апатынан қаза тапқан 14 адамды шулатып, барлық жерге жариялады. Ал жол көлік апатанынан одан да көп адам шығыны орын алып жатыр. Бірақ оны ешкім жазып, аттандамайды. Біз пайдадан бұрын, рейтинг ойлап кеттік. Құдай бәрін ниетке береді, ұлан-ғайыр даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен келді деп ойламаймын. Қазақтың ниетіне берді. Баяғыда қазақ біреу келсе, қой соятын халық еді, қазір ауылдан досы келсе ет асудан қалып барады. Бұл - ниеттің тарылғандығы. Адам жақсылықтың жолында әрекет етуі керек. «Баяғыда бір кісі өмір бойы «Лотереядан ұтыс шықса» деп армандап өтіпті. Кейін өмірден өтіп, Құдайдың алдына барғанда «Неге ұтыс ұтпадым» дейді. Сонда Құдай: «Тым болмаса лотереяның билетін сатып алмадың ба?!» деген екен. Айтайын дегенім, дұрыс қоғамды құруға өзіміз әрекет етуіміз керек.


Қарашаш Есенбай: Олжас аға, осы лотерея демекші, қазір танымалдардың бәрі ұтыс ұйымдастырып жүр. Осы қаншалықта заңды және олар салықтарын төлей ме?


Олжас Отар: Азамат ретінде заңсыз лотереяны қолдамаймын! Жұлдыздарды халық онсыз да талант деп көкке көтеріп, концертіне барып жүргенде, сондай сүйіспеншілігін осылай пайда табуға пайдаланғандарын дұрыс деп есептемеймін. Бірақ бәрі салықтарын төлейді, олар біздің қадағалауымызда. Салық қызметкерлері көшеде такси болып жүргендерді де тексеріп, салығын төлетіп жатқан кезде, санаулы әншіні де назарда ұстайды ғой. Дегенмен сол ұтыс ойындарына сұраныс бар, ел билет алып жатыр, сол үшін дамып жатыр. Сол 10 000 теңгеге бала-шағасына азық-түлік алса, болмаса қайырымдылыққа жібергені жақсы емес пе деп ойланасың.



Қарашаш Есенбай: Сол ұтыстың көпшілігіне «Қайырымдылыққа жұмсалады» деген жарнама береді. Оқырман ақшасына қайырымдылық жасайтындай, танымалдар сондай сараң ба?


Олжас Отар: Адам қолынан келген ізгілікті жасауы керек. Көшеде біреу сүрініп кетсе, соны сүйеп қалғаныңыз да жақсылық емес пе? Бірде баламызды балабақшадан алуға барғанбыз, әйелім ішке кіріп кетті. Көліктің жанында тұрған менің қан қысымым көтеріліп, ауырып әрең тұрмын. Сенсеңіз, жанымнан өткен жиырма шақты адамның біреуі «Әй, бауырым, не болып жатыр?» демеді. Өйткені олар ішіп алған немесе сондай теріс дүниелер ойлайды. Қоғамдағы жағдайлар солай ойлауға әсер етті. «Жұлдыздар сараң ба?» дегеннен шығады, астанамызға алғаш келген жылдары осындағы әнші, актер, спортшысы бар, жалпы 70 шақты өнер адамдарынан «Мейірім» деген чат ашып, актер Нартай Сауданбекұлының ұйымдастырумен аптасына әрқайсысымыз мың теңгеден жинап, сол қаржыға 4-5 отбасына азық-түлік апарып беретінбіз. Ол кезде қазіргідей "Каспий Голд" деген жоқ, Берік деген жігіт ақшаны әрбірінің жұмысына барып жинап алатын еді. Сол үрдіс әлі де жалғасын тауып келе жатыр...


Қарашаш Есенбай: Жаңа ұшақ апаты дегенді бастап қалдыңыз, осы жерде түрлі жағымсыз ақпараттардың тарауына олардың ресми мәлімдемелерінің бірден болмауы да әсер еткен секілді. Мысалы, өзіңіз қоғаммен байланыс Басқармасын басқарасыз, сол сіздің әріптестеріңіздің кемшілігі дерексіз ақпарат тарауына әсер еткен жоқ па?


Олжас Отар: Бұл - біздегі ашықтықтан қорқудың көрінісі. Жаңа өзіңіз салық туралы бағдарламаларға көп шығып жүрсіз деп жатырсыз ғой, мен ашықтықтан қорықпаймын. Менің басшыларым егер біз тарапынан кемшілік болса айтылуы, оның шешу жолдары қарастырылғаны дұрыс деп есептейді. Қателік жұмыс істемейтін адамда болмайды. Сонымен қатар, олар сол сәтте ақпарат берген күннің өзінде, біздің алаулап-жалаулап басқа арнаға бұрып алуымыз да мүмкін бе еді? Өйткені көп журналист зерделемей ақпарат таратуға құмар. Мысалы, «Қазақстанда бір жігітке сегіз қыздан келеді деген ақпаратты бәрі біледі» және соны рас деп ойлайды. Бірде соның шындыққа жанаспайтынын журналист, інім Абай Отар дәлелдеп жазды.

Меніңше, осы ақпаратты таратудың астарында қазақтың қыздарын өзге ұлтқа тұрмысқа шығуға итеремелеу тұрғандай көрінеді. Неге қытайлар біздің спортшы қызымызды танымал етті? Қазақ қызының сұлулығын мойындағаны дұрыс шығар, бірақ астарында сайқал саясат жатыр ма екен деген ой келеді. Мысалы, Ринат «Димаш – қытайлардың саясаты» деді, оған мен де келісемін. Ол - Димаштың талантын мойындау емес, пайдалану секілді... Біздікілер «Ойбай, Димашты қаралап жатыр» жарыса жазып кетті, негізі Димашты қытай емес, бірінші қазақ мойындады.



Қарашаш Есенбай: Қалай?


Олжас Отар: Димаштың ең бірінші талантын бағалап, бағасын берген Рамазан Стамғазиев ағамыз болатын. Димаш шетелдік бір конкурстан жүлде алып келген кезі, Конгресс-холлда өткен концертте кездесіп қалдық. Сонда Рамазан ағамыз: «Димаш, сен тойға барма! Сен әлемдік сахнаға шығатын баласың, тек бізде сені қабылдамайды», - деді. Оның ән айту болмысын Қытай, Жапония, Корея сияқты елдер ұнатуы заңды дер едім.

Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, біз шоу бизнесте жүргендерді салыстырмауымыз керек. Мысалы, сіз оң мен сол қолыңызды салыстыра алмайсыз ғой?! «Екеуінің бірі ғана керек» деп айта аласыз ба? Осы секілді өнерде жүрген адамдарды да бір-бірімен салыстырып, сынаудың қажеті жоқ. Керісінше бағалап, барын алайық. Көп қазақ батыс пен орыстың әнін таңдап жүрген кезде Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Төреғали Төреәлі деген әншілер келіп, «орысқұлдарға» да қазақтың әнін тыңдатқан жоқ па? «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабады» дегендей, әрқайсысының өз бағасын білгеніміз дұрыс бола еді. Мысалы, айтыскер ақындар бәйгеге қатысқанда, бәрі бас жүлде алмайды ғой.


Қарашаш Есенбай: Димашқа қатыстыра отырып, әлеуметтік сұрақ қояйыншы, осы жақында шымкенттік бір журналистің жазбасынан осыдан бірнеше жыл бұрынғы Димашқа айтылған сынның видеосын салып, «Осылар қазір қайда екен...» дегендей мысқыл жазыпты. Меніңше, сын айтқандардың да, Димаштың да өз орны бар және олар сол орындарында еңбек етуде. Бірақ желі де солай бос шу көтеріп, атын шығарғысы келетін топ көп. Оған не себеп деп ойлайсыз?


Олжас Отар: Оны айтып жүргендердің өзі де - Димашты бағаламағандар. Асылында қазақ барын құрметтемейді. Мысалы, Бақтияр Артаевты Олимпиада чемпионы болмай тұрып неге құрметтемедік? Сол кезде оған ұлты шешен кісі демеуші болған екен. Бақтияр чемпион болған кезде «Ей, қазақтар, мен болмағанда алтынсыз қалатын едіңдер» дегенде, «мен» деген қазақтың жігіттері аузын аша алмай қалыпты...

Ал, намысқой болсақ, неге баратын кезде көмектеспедік? Димашқа да солай... Біз белгілі дәреже жеткенде сый-cыяпат жасай бастаймыз. Ал, бұл – трагедия. Мені де "ақын шықпайды" деп сынағандар болған, «Ауырмайды жүрек» шыққан кезде де теріс пікір айтқан ақын-журналист болды ғой?! Сынды дұрыс қабылдай білу керек. Шүкір, Димаш қазақтың маңдайына біткен, өз қолтаңбасы қалатын адам. Кез келген адамда жетістік пен кемшілік қатар болады, біз жақсылығын жиі айтып, дәріптеуіміз керек.

Қазір өзім бір талантты тәрбиелеп жатырмын, оған да «тойға шықпайсың» деп шарт қойдым. Себебі біз той мен шоу-бизнесті шатастырып алмауымыз керек.


Қарашаш Есенбай: Неге тойға тыйым саласыз? Тойда әндері хит әншілерден байқағаным, олар шоу-бизнесті екіге бөліп қарамайды. «Тойда неге жүрсіз?» десең, «Тойға шықпайтындар ақшаны қайдан алады?» деп қарсы сұрақ қояды. Той мен сахнадағы әндер бөлінуден қалған. Осы орайда нағыз шоу-бизнесті қалай дамыту керек, бәлкім мемлекеттен жоба керек шығар?


Олжас Отар: Мен бәрін мемлекетке артып қоюды масылдық деп есептеймін. Мысалы, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар алғашында ауыл-ауылды аралап кештерін өткізді. Қазіргілер бәрі бірден болмайтынын түсінбейді. Мысалы, менің де айтыстан меселім қайтып келген кездерім бар. Өзімді мойындату үшін 21 жыл керек болды, содан кейін ғана «Ауырмайды жүрек» шықты. Қарап тұрсаңыз, 21 жыл - бір жігіттің ғұмырындай уақыт.

Одан кейін той мен шоуды шатастырмауға журналистердің де ықпалы бар. Мысалы, өткенде Бекжан Әшірбаевдың аузынан естігенім, Абай Бегей керемет ән жаздырып бір бағдарламаның түсіріліміне барса, ол әнді емес «Аспанға қараймынды» айтыңыз депті. Көрдіңіз бе, рейтинг үшін солай жасайды.



Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар бар?


Олжас Отар: Бір айтыста журналист келіп, «Олжас аға, неге соңғы кезде хит әндерге сөз жазбай кеттіңіз?» дейді. Мен сөз жазбай кеткен жоқпын, ізденбейтін журналистер көбейді. Құдайға шүкір, шығармашылығымды дамытып жатырмын. Осы кезге дейін екі ән жинағым шықты. «Ауырмайды жүрек» және «Аға» деген жинақтар, өйткені ағалардың жақсылығын көп көрген адаммын. Мен 60-қа жуық әкімнен марапат алған ақынмын. Мұны «әкімдер ақынды іздемейді» деген сөзге нүкте болсын деп айтып отырмын. Ақын лайық болса, әкім іздейді.


Қарашаш Есенбай:Әкімге де, халыққа да ұнайтын лайықты дүниелеріңіз көбейсін. Сұқбатыңызға рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ