Гүлжазира Ғалиқызы – «Turkistan» телеарнасының бас редакторы.
Қарашаш Есенбай: Гүлжазира ханым, өзіңізді экраннан жиі көргенмен көп ақпарат жоқ екен. Сондықтан әңгімемізді алдымен жақынырақ танысудан бастасақ.
Гүлжазира Ғалиқызы: Иә, бұрын сұқбат бермеген екенмін, өзімді жарнамалауға құмар емеспін. Өзім туралы айтар болсақ, Жаңақорған ауданының Жайылма деген ауылында дүниеге келгенмін. Әкем "Шалқия" деген кен орнында құтқарушы болып жұмыс істеген. Үйде алты қызбыз, мен соның үлкенімін. Біздің жақтың адамдары ауылшаруашылығымен айналысады, барлығы дерлік еңбекқор, бейнеткеш. Өзіміз де сол қара жұмыспен шыңдалып өстік. Ерте көктемнен қара күзге дейін жер тырмалайтын едік. Қазір еске алсам, қандай қара жұмыс болсын сынып кетпей, шағылып қалмай алға ұмтылған екенбіз. Жұмыстан шаршап келгеніме қарамай, кітап оқудан жалықпайтынмын.
Мектептің кезінде кітапқұмарлығымның арқасында алда болдым. Жетінші сыныпта Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» деген кітапбын сөзбе-сөз дәптерге көшіріп жазып, оқыған едім. Соның арқасында бір шумақ өлең оқысам да, талдай алатынмын. Сосын аудан-қалалық жарыстарға барып, мектептің намысын қорғап жүрдім. Бірақ үнемі екінші орын алатынмын, сонда «Неге облысқа бара алмаймын?» деген сұрақ мазалайтын еді. Кейін білдік қой, ол жаққа да «келісіп қойғандар» баратынын. Бала жүрек ондайды білмеген ғой.
Мен мектеп бітіретін жылдары ҰБТ енді жүйеге енгізіліп жатқан кезі еді, Алматыдан келетін тесттен үнемі 100 баллдан жоғары жинайтын едім. Мектепте жақсы оқығанымның арқасында оқуға түсуге аса қиналған жоқпын. Астана қаласындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінде филология факультетіне оқуға түстім. Әдебиетке деген қызығушылығым, талдауым мен талапшылдығым студент күнімнен газет-журналдарға жақын болуға әсер етті.
Қарашаш Есенбай: Телеарнадағы, жалпы шығармашылық ортадағы еңбек жолыңыз қалай басталған еді.
Гүлжазира Ғалиқызы: Бір қуанатыным, біз Ы.Нұрғали, А.Сейдімбек сынды мықтылардан дәріс алдық. Студент кезімізде қазақ тілін үлкен биікке көтерген ғалымдар сабақ берді. Сонда бізге телевизиядағы, журналистикадағы қателіктер туралы айтып, әр сөзге мән беруді, сөздің астарын ұғынып сөйлеуге үйретті.
Алғашқы кездерде Астанадағы газет-журналдардың редакциясына барып, сонда келген мақалаларды редакциялайтын едім. Ақы алмай бірнеше айлап жүре беретінмін, ал телеарнаға келуім қызық болды. Оқуды бітіріп, жұмыссыз жүрген кезімде группаласым мейрамханаға даяшы болуға шақырды, Рамазан айының кезі еді ауызашар болады екен. Сол ауызашарға Хабар арнасының бір топ қызметкерлер келді, оларға менің мақалаларым туралы группаласым айтып, мақтаған екен (күліп). Сол жігіттердің себепші болуымен «Қазақстан» арнасына ассистент болып жұмысқа орналастым. Алғашында титр теріп, жүргізушілердің қағазын түгендеп деген сияқты телеарнадағы ең төменгі баспалдақтан қызметімді бастадым.
Қарашаш Есенбай: Титр жазудан басталған жұмыс сізді экранға дейін алып шықты. Шеф-редактор болып жүрген ортадан кетіп, облысқа тілші болуға не себеп болды?
Гүлжазира Ғалиқызы: Біріншіден, отбасылық жағдайым себеп болды. Өйткені менің күйеуім де Жаңақорғаннан. Тұңғыш баламызды 8-айлығында ауылға ата-әжесіне беріп жібергенміз. Ол 8-айлығында кеткен бала 8 жасқа келсе де бізге қайтпады (күліп). Ата-әжесінен де жұлып әкете алмаймыз.
Сол кездерде "Түркістан облыс болады" деген сыбыстар шығып жатқан еді. Егер облыс болып, сонда корпус ашылатын болса мен барамын деп айтқан едім. Бірақ біздің телеарна облыс болғанына бір жыл болғанда ғана өз тілшілерін жіберуді ұйғарды. Сол кезде «Бұрын өзің барамын» дегенсің деп, мені жіберді. Бас-аяғы бір аптада жиналып, 15 жыл тұрған Астананы тастап кете бардық.
Қарашаш Есенбай: Қайнаған ортадан келіп, енді құрылып жатқан облысқа сіңу қиындық тудырмады ма?
Гүлжазира Ғалиқызы: Иә, бастапқыда қиын болды. Өйткені Кентауда пәтер жалдап тұрдық, жанымызда кішкентай қызымыз бар. Оны балабақшаға алып барамыз, ал біздің жұмысымыз кешкі уақытта «қызады». Сондайда оны балабақшадан алуға үлгермей қалатын кездеріміз болды. Сондықтан Түркістандағы университетке өтініш айтып жүріп, «Ғалымдар үйінен» бір бөлме алдық. Бұл жерде университет басшылығына да алғыс айтамын!
Мен Түркістанға көшіп келгеніме бір ай болғанда Арыста жарылыс болды. Облысқа келу арқылы нағыз қайнаған оттың ортасынан бірақ шықтым десем болады. Мен жақсы кадр, сәтті стендап үшін басымды бәйгеге тіге беретін адаммын (күліп). Қаланы жауып қойса да, ұрланып кадр түсірген кездеріміз болды. Оқиға болған күннен бастап 3 айға дейін үздіксіз тікелей эфирге шығып, хабар таратып отырдық. Келесі жылы Мақтаралды су алды, одан бір-екі күн өткенде Төле биді де су алды. Ойланып қарасам, төтенше оқиғалардың ортасынан күн-түн демей хабар таратыппыз.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бір постыңызда жазғандай «Он жыл қызмет етіп, мектеп бітіргендей» күймен Ұлттық арнамен өткен күзде қоштастыңыз. Жаңадан ашылып жатқан арнаға қалай келдіңіз, ұсыныс кімнен болды?
Гүлжазира Ғалиқызы: Осы облыста жұмыс істеп жүргендіктен, мұндағы кісілер әркімнің шама-шарқын, мүмкіндігін білетін болар!? Арна ашылатын тұста басшылықтағылар ұсыныс айтты. Көп ойланып, Ұлттық арнадағы басшыларыммен кеңесіп ұсынысты қабыл алдым. Қалай болғанда да Ұлттық арна дегеніміз үлкен мектеп қой, мен онда көп дүние үйрендім, тәжірибе жинадым. Егер ол кісілер рұқсат бермесе, мен бұл қызметке келмес едім.
Қарашаш Есенбай: Сөзіңізге таласым жоқ! Сол мектептен келіп, облыста енді құрылып жатқан телеарнада бас редактор болдыңыз. Әр журналист сіздің алдыңыздан өтеді ғой, олардың қарқыны қандай екен, жалпы қазіргі жұмыстарға қалай баға бересіз?
Гүлжазира Ғалиқызы: Әрине, тақыр жерден телеарна ашу өте қиын. Мен келген кезде бірде-бір журналист болған жоқ, осы жерде бас режиссер мен бас редактор сопайып жүрдік. Сосын «Рухани жаңғыру» деген жобамен 10 шақты адам жүрді. Шынымды айтайын, мен олардың нақты қызметтері мен мақсаттарын түсінбедім.
Негізі бізге әлі мемлекеттен қаржы бөлінген емес. Өзіміз жасаған дүниелерімізді фильм, ролик, сюжеттерімізді сатып, содан түскен ақшаға команда жинадық. Оларды оқытып, үйретіп, арнаны іске қостық. Арнаның ашылуы кезінде көп адам керек болды, сондықтан кадрларды асығыс жинадық. Сол үш апта қалған кезде келіп, кейін кеткен қыздардың «Біз барған кезде ештеңе болмады» деген сөздері жүрегіме қанжар қадағандай болды. Өткен жылдың қазан айынан бері осы жерде жүздеген роликтер дайындадық емес пе, кейбіреулер үш аптада аша салғандай әңгіме айтып жүр. Өзім жыландап тұрған, үйренуден қашпайтын мамандарды жақсы көремін, ал әдебиетке қызықпайтын адамнан көп нәрсе күте алмаймын. Мысалы, кітапханашы Дамира деген қызды жұмысқа алдым. Қазір бізде жұлдыз болып, Ұлттық арнаның түсірілімдеріне түсіп жүр. Мен редакцияға жауап бергендіктен, жазатын адамдарды қатты қадағалаймын. Қазір бағдарламалар бөлімінде Риза Шайқақ деген журналист бар, соған сеніп тапсырдық. Өзім көбінде жаңалықтар бөліміне назар аударамын.
Қазір түскі сағат 15:00-ден бастап түнгі 00:00 дейін хабар таратып жатырмыз. Біздің телеарнаның техникалық мүмкіндіктері өте жақсы, бір рет шетелдік телеарналармен бірлесіп телекөпір ұйымдастырып көрдік. Болашақта қаржылық қолдау болса әлі де шарықтаймыз.
Қарашаш Есенбай: «Қаржылық қолдау болса» дедіңіз, әлеуметтік желіде осы жердің бюджетіне байланысты түрлі әңгімелер шығып жатыр. Ол қаншалықты рас? Шынымен де сіздердің шарықтауларыңызға қаржы жетіспей ме?
Гүлжазира Ғалиқызы: Жаңа айтқанымдай, бізге мемлекеттен бір тиын бөлінген жоқ. Тек мемлекеттік тапсырыс арқылы өзіміздің жасаған дүниелерімізді сату арқылы ақша тауып отырмыз. Мысалы, Бекзат Саттарханов туралы фильмді Спорт басқармасына сатып, осындағы қызметкерлердің айлығын төледік. Оның ішінде салық, жарық секілді де шығындарымыз бар.
Қарашаш Есенбай: Телеарнаға келіп кеткендердің сөздерін өзіңіз де айтып қалдыңыз. Сосын жақында бір жазбаңыздан «Телеарнаны аяққа тұрғызбай кете алмаймын ғой. Онсыз да тәй-тәй баспай жатып, аяқтан шалып үлгеріп жатқандар бар» дегенді көзім шалды. Нақтырақ айтайықшы, кімдер кедергі келтіріп жүр?
Гүлжазира Ғалиқызы: Олар - қыры, икемі, қабілеті жетпей жұмыстан шығып, сыртқа телеарнаның абыройына нұқсат келтіретін әртүрлі әңгіме айтып жүргендер. Телевизияның иісі мұрнынан бармайтындардың «Пәленбай қаржы құйып жатыр» деуі негіссіз. Оны біз дәлелдей аламыз, тіпті оларды сол айтқандары үшін жауапқа да тарта аламыз.
Қарашаш Есенбай: Осы арна ашылар тұста Гүлназ Ауданбаева, Асхат Садырбай сынды халық білетін журналистер келді. Бірақ олардың ұзақ тұрақтамауы да көпшіктің көңіліне күдік ұялатқан сияқты...
Гүлжазира Ғалиқызы: Арна ашылатын тұста бізге шұғыл продюсер керек болды. Сонда көп адамдарды қарастырдық, біздегі кеңестің шешімімен Асхат Садырбай мырзаны шақырған болатын. Ол кісінің іскерлігіне, кәсібилігіне сөзім жоқ. Ол кісі келіп арнаның стратегиялық жоспарын құруға көмектесті, сосын денсаулығына байланысты жұмыстан кетті. Ол кісі айтқан жоқ шығар, бірақ жанындағы адамдардың «Біз келгенде ештеңе болмады» деген сөздері болды.
Ал, Гүлназ оның алдында келген еді. Онымен бірге біз «Астана», «Qazaqstan» арналарында әріптес болғанбыз, ол кезде қарым-қатынасымыз жақсы болған. Бірақ аздап түсініспеушіліктің болғаны бар, оны ашып айтудың қажеті жоқ шығар.
Қарашаш Есенбай: Қазір жаңалықты, тіпті бағдарламаларды да әлеуметтік желіден көреміз. Тіпті қазір сериалдар да желінің талаптарына сай етіп түсіріле бастады ғой, осындай кезеңде телеарна ашудың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?
Гүлжазира Ғалиқызы: «Turkistan» холдингіне арнадан бөлек, үш сайт кіреді. Өзіңіз айтқандай арна бағдарламаларын әлеуметтік желілер арқылы дәріптеудің барлық нұсқаларын қарастырып жатырмыз.
Түркістанда телеарна ашудың маңыздылығы бар деп есептеймін. Өйткені бұл жер тек облыс орталығы ғана емес, Түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда түркі әлеміне ортақ қаншама құндылықтар бар. Түркі әлемі арасындағы интеграциясы ақпараттық жағынан даму үшін телеарна керек.
Қарашаш Есенбай: Желіде соңғы рет 5 жыл бұрынғы жазбаңызды бөлісіпсіз. Онда "Үкіге ұқсап түнде ұйықтамайтынды шығардым, шаршап кеттім және маған не болып жүр?" деп жазған екенсіз. Бұны бөліскеніңізге қарап, дәл қазіргі күйіңізде сондай сияқты деп ұқтым...
Гүлжазира Ғалиқызы: Ия, түнде ұйықтай алмайтын ауруым бар. Жаңағыдай әлеуметтік желідегі сөздер де әсер етеді. Өзім пиярға жоқпын, әйтпесе қаншама жерде жұмыс істедім. Бірақ ешқашан «Мен мынаны істеп жатырмын» деп айтып, жазбаған екенмін. Мысалы, Жанар Байсемізден кейін «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының үшінші маусымын Америкада 40 күн жүріп түсірген едім. Бірақ оның ешбірін ютубқа да жүктемеген екенмін. Ал қазір әлеуметтік желіде белсенді болмасаң, ешкім білмейді. Сондықтан да артымыздан сыпсың сөздер еріп жатыр. Сондай нәрселерге кейде шаршайсың...
Қарашаш Есенбай: Әр еңбек бағаланады ғой, сіздің де еңбегіңізді осы телеарнаның әр бұрышында сақталып жатыр деп есептеймін. Жұмысыңызға сәттілік, өзіңізге күш-қуат тілеймін.