«Талаттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне. Талантсыздар шошқатікен сияқты. Гүлдемейді. Азабы өзгеге. Жамандық – солардан» дейді Шерхан Мұртаза. Саналы ғұмырын өнер мен елдің дамуына арнаған абыздың айтқанымен оқырман да келісетін шығар?!
Таланттар алыстан танылатын сияқты, олардың шеберлігіне ешбір еңбегі, не дипломы дәлел бола алмайды. Тек көрермен ықыласынан аңғарасың. Менің бүгінгі кейіпкерім - актрисалықты арман етіп, қолы жетпесе де, елдің сүйіктісіне айналған желі жұлдызы Диана Тоқтар.
Сәлем, Диана! Уақыт бөліп, сұқбатқа келіскеніңізге рақмет! Сізді желідегі вайндарыңыз арқылы көбі таниды деп ойлаймын, десе өзіңізбен жақынырақ танысып алсақ.
Диана Тоқтар: Сұқбат алып жатқан сізге де рахмет! Өзім туралы айтар болсам, Алматы қаласында туып-өстім. Отбасында үш ағайындымыз, мен үйдің үлкенімін, мамандығым – журналист. Әкем Бақанас деген жерде дүниеге келген, ал анам Семей қаласы, Мақаншы ауданының тумасы. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Созақ ауданы елді-мекенінің келінімін.
Журналист болуды бала кезден армандадыңыз ба, әлде басқа мақсаттарыңыз болған ба еді?
Диана Тоқтар: Негізі мектепте жүргенде актриса болуды қаладым. «Үлкен сахналарда өнер көрсетіп, теледидардан көрінсем» деген арманым болды. Мектепте өтетін театр қойылымдарына қатысып, сонда «Жайдарман» секілді ойындарында бақ сынап жүрдім. Сосын 11-сыныпты тәмамдап, ҰБТ-ны өткізгеннен кейін, құжаттарымды жинап Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясына емтихан тапсыратын болдым. Емтиханға барынша дайындалып барып едім, бірақ ондағы республика танымал өнер майталмандарын көріп, қобалжығанымнан айтар сөздерімді ұмытыңқырап қалдым. Сол абдырап жүріп, емтиханнан құладым (күліп). Одан соң журналистикаға сол мамандыққа жақын ғой деп, осы мамандықтың дипломын алдым.
Қазір сізді журналист емес, блогер ретінде танитындар көп. Түрлі қызықты видеоларды түсіру неден басталған еді?
Диана Тоқтар: Иә, қызықты видеоларды түсіруді бастағаныма аз ғана уақыт болды ғой. Бірақ оған деген әуестігім бұрыннан бар болатын. Алғашында отау құрғаннан кейін, тұрмыстық өмір туралы әртүрлі посттар жаза бастадым. Байқасам желіде менің жазбаларымды оқитын жазылушылардың саны артып жатыр. Сосын әріқарай видеолар түсірсем, оқырманға ұнап, көп қаралымдар жинапды және жаңадан тіркелетін оқырмандар саны көбейе бастады. Кейін жарнама берушілер де пайда болып, ақы да ұсынатын болды. Бір жағынан табыс көзі болса, екінші жағынан өзіме және көрермендеріме де ұнайды. Видеода тым артық, нашар дүниелер түсіремін деп ойламаймын. Керісінше көңілді видеолар арқылы көрерменге қуаныш сыйлаймыз. Оның несі айып?!
Бізде желіде әртүрлі пікірлерді, оның ішінде жөнсіздерін де оқуға болады. Ал кейде жақсы сында болады. Өзіңіз сын қабылдай аласыз ба?
Диана Тоқтар: Әрине, сын-пікірлер айтылуына дұрыс қабылдаймын және шындығы болса, мән беріп соны өзгертуге тырысамын. Бірақ, бізде көбі сын айтумен жағымсыз сөздер жазуды шатастыратын сияқты... "Мына жерің нашар","Мына тұсың мынандай" деп кері ойларын білдіріп, пікір қалдырады. Алайда мен ондайларға мән беріп қарамаймын, көңіліме де алмаймын. Ал егер "Осылай істесең дұрыс болар еді" деген саналы дүниелер айтылса, міндетті түрде қабылдап, нәтиже шығаруға тырысамын.
Сіздің ойыңызша, ең жағымсызы қайсысы:сәтсіздікке ұшырау немесе батылдық танытпау?
Диана Тоқтар: Өмір тек ақ жолақтан ғана тұрмайды, сәттілік пен сәтсіздік қатар жүреді. Егер сәттіліктен ғана құралса, ғұмырымыздың мәні жоғалар еді. Адам сәтсіздікке ұшыраған жағдайда мойымай,сбатылдық таныта білуі керек қой. Ал мен үшін ең жағымсызы - батылдық танытпау. Себебі, қиыншылықтарға қарсы тұра білумен қатар, тәуекелшілдік те адамды өрге сүйрейді. .
Диана, сіздің жарыңыз да елге белгілі азамат, жайдарманшы. Ол кісімен қалай танысқан едіңіздер?
Диана Тоқтар: Біздерді табыстарған «Жайдарман» ойындары, менің күйеуім "ардагер жайдарманшы" (күліп). Бүгінгі таңда Алматыдағы "Жайдарман" филиалының директоры. Мен алғаш университетке түскен кезде команда құрып, КВН ойнауды көздегенмін. Содан жеке команда құрдық, бірақ бізге шыңдалу үшін тәжірибесі бар адамдардың кеңесі керек болды. Сосын жолдасымды инстаграм желісі арқылы тауып алып, жекесіне жаздым. Ол хабарламада "Біз жоғары оқу орнымызда команда құрған едік, сіздің кеңесіңіз қажет болып тұр. Универімізге келіп, қонақ болып кете аласыз ба?",- деген өтініш айтылған (күліп). Ол кісі сөзімді жерге тастамай, келуге уәде берді. Келесі күні кездесіп, жиын үстінде кеңестерін айтып кетті. Сол күннен кейін маған басқаша көзбен қараған болуы керек (күліп), хабарламалар жаза бастады. Солай араласып, табыстық.
Ол кісі көпшілікке жақсы таныс қой, сіздің де танылуыңызға ықпалы болды ма?
Диана Тоқтар: Тұрмыс құрмай тұрып, менде оқырман саны өте аз, ал күйеімде керісінше көп еді. Екеуіміз шаңырақ құрған соң, мені «жұбайым» деп желіде таныстырғаннан кейін, қызығушылық танытушылар көбейді. Оларды одан әрі қызықтыра түсейін деген ниетпен посттар мен видеороликтер сала бастадым. Соның арқасында оқырмандарымның саны қазір жұбайымнан да көп (күліп).
«Жолдасы танымал болған әйелдерге қиын» деп жатады ғой. Шынында да солай ма?
Диана Тоқтар: Әрине күйеуім ел назарында жүргеннен кейін, ол кісінің жары болу өзіме үлкен жауапкершілік деп санаймын. Оның үстіне "Танымал адамның жұбайы қандай екен?" деп сын көзбен қарайтындар да табылады. Жолдасым өнер адамы болғандықтан, түсірілімнен кешірек келеді, отбасына қарағанда жұмысына көп көңіл бөлетін кездері де болады. Ал әйел мен баласы өздеріне назар аудартуды қалайды дегендей (ғой). Арасында осындай «қиыншылықтар» туындайтыны болмаса, шүкір бәрі жақсы.
Қазір танымал жұптардың барлығы дерлік бірлесе бір нәрсе істеп жүреді ғой. Шоу жүргізеді, ән айтады дегендей... Осы секілдісіздердің де сондай жоспарларыңыз бар ма?
Диана Тоқтар: Осы уақытқа дейін бұл жөнінде мүлдем ойланбаппыз. Алайда сіз жақсы ұсыныс тастап отырсыз. Болашақта бағдарлама тізгінін ұстап,жүргізіп отырармыз(күліп).
Қазір бізде комедиялық кинолар көп түсіріледі ғой. Отандық режиссер, продюсерлерден шақырту болды ма?
Диана Тоқтар: Шақырту келмей жатыр ғой.(күліп). Егер күйеуім қолдаса, әрине қабыл алар едім. Тек артық кететін түсірілімдері болмауы керек.
Сізді желіде туыстарыңызда оқитын шығар?! Олардың көзқарастары қандай?
Диана Тоқтар: Жақын жандарым үнемі қолдау білдіреді, жалпы жақсы көзқараста. Олар қарсылық тудыратындай видеороликтер түсірмеймін ғой. Менің енем де күнделікті парақшамды көріп, "Мына видеоны қашан салғансың?"деп күліп отырады. Артық сөз айтып көрген емес. Кейде жұбайым «Мынадай дүниелер түсірсеңші» деп қолдау білдіріп, ой тастап отырады.
Диананың жақсы актерлік шеберлігінен өзге қандай қасиеттері бар?
Диана Тоқтар: Тігін тігетін өнеріп бар. Кейде өзіме көйлек тігіп, киіп аламын. Қазір кішкентайым болғандықтан уақытым бола бермейді. Бірақ болашақта шеберханамды ашқым келеді.
Қазір блогерлер менвайнерлер көбейген заман. Осылардың арасынан үздік болу да қажырлы еңбекті қажет етеді. Десе де оқырманға осыдан келетін пайда бар ма? Ол туралы ойланасыз ба?
Өзім оқырмандарыма позитивті көңіл-күй, күлкі сыйлауға тырысамын. Көптеген жазылушыларым "Сіздің парақшаңызға кірсем, бір серпіліп қаламын. Көңіл-күйім болмаған сәтте видеоларыңызды көремін" деген пікірлерді жиі жазып жатады. Менің салған қандай да бір дүниемнен оқырмандарым сәл жымиятын болса, бұл-мен үшін үлкен жетістік деп білемін!
Әңгімеңізге рақмет, сәттілік тілейміз!