Киімге ыстық үтік табанының табы тұрып қалса, оны жарамсыз деп санауға асықпаңыз. Бұл дақ жуғанда кетпегенімен, оны жоюдың басқа да амалдары бар.
1. Уақыт пен халық сынынан өткен сенімді тәсіл – пияз сөлімен сүрту. Аршылған пияздың сөлін сығып, оған киімнің үтік табы тұрған тұсын малу керек. немесе жай ғана пияз кесіндісімен ысқылауға болады. Бұл әдіс түрлі-түсті, сондай-ақ ақ киімді де тазалайды.
2. Күйік ізіне тұз сеуіп, үстінен лимон шырынын сығу қажет. Осы қалыпта бірнеше сағатқа қойғаннан соң әдеттегідей жуып алынады.
3. Жылы суға мүсәтәір спиртін араластырып, осы ерітіндіге киімнің күйген тұсын батырып қою керек.
4.Үтік табынан қалған өртең дақпен сіркесуы және сутегі асқын тотығы да сәтті күреседі. Ол үшін бар болғаны өртең ізін аталған сұйықтықтардың бірімен дымқылдап қойса болғаны. Сұйықтыққа тұз қосса, әсері арта түседі. Бірнеше сағаттан соң жақсылап жуу қажет.
5.Жібек бұйымның дағын кетіріп, бастапқы қалпына келтіру үшін ас содасы мен су араласпасын қолдануға болады. Су мен соданы қоймалжың етіп араластырып, өртең ізі үстінен жағып қояды. Толық кепкенін күтіп, содан соң жылы сумен шаю керек.
6.Дақ тұрған матаға жұмыртқаның ақуызын көпіртіп, тұз араластырып жағу да тиімді әдістердің бірі. Ақуыз бұйымға жақсы сіңген соң әдеттегі кір жуатын ұнтақпен жуып алынады.
Шалбар жылтырап кетсе...
Қара не басқа да қою түсті киімді дұрыс үтіктемегенде онда жылтыр іздер пайда болады. Бұл, әсіресе, шалбарларда көп орын алады. Осы жағдайдан абыроймен шығу үшін мынадай амалдарға жүгініңіз:
1. Киімнің жылтыр із қалған тұстарына газет парағын қойып, үстінен ыстық үтікпен бастырып өтіңіз. Бірнеше рет қайталаған соң мәселе жойылуға тиіс.
2. Қоюлау етіп қара шай демдеңіз. Оған дәкені малып алып, шалбардың жылтыраған тұстарын ысқылап сүртіңіз. Соңыра кептіріп, бетіне дәке қойып тағы үтіктеу керек. бұл әдіс тек қара не қою түсті киімдерге ғана жарайтынын есте ұстаңыз.
3. Ірі картопты аршып, екі бөлікке бөліңіз. Сулы тұсымен шалбардың жылтыр із тұрған жерлерін ысқылап сүртіңіз. Картоп кебе бастаса, тағы бір тілімін кесіп, қайта сүрту қажет. Соңында киімді өз бетімен кептіріңіз. Картоппен ысқылағаннан кейін үтіктеуге не шаш кептіргішпен кептіруге болмайды.
Дайындаған: А.Мейірхан,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: