​Балабақшада БАЛАҢЫЗҒА қалай ҚАРАП жатқанын БІЛУГЕ болады

0
5 923

Балаңыздың басынан не өтіп жатқанын қадағалап жүрсіз бе?


​Балабақшада БАЛАҢЫЗҒА қалай ҚАРАП жатқанын БІЛУГЕ болады

Өткен аптада әлеуметтік желіде жарияланған балабақшадағы жағдай талай жүректі сыздатты. Бір қызметкердің бір ғана баланы айналып келіп төмпештей беруінің себебі түсініксіз, салдары – белгілі. Өкінішке орай, бұл – осындай тектес жалғыз жайт емес. Бұған дейін де тәрбиешінің баланы таяқ астына алғаны басылып қалған талай таспалар жарық көрген. «Жария болмағаны қанша екен? Біздің бала қалай жүр екен?» деген сауал әр көкейде еріксіз бас көтереді.


Үйіңізде бақшаға баратын балақай болса, оның әр күнін қалай өткізгенінен хабардар болып отырғаныңыз абзал.

Көпшілік ата-ана осы мақсатта бақшадан келген баланы «Бүгін не істедің? Қандай тамақ іштің? Апайың ұрды ма? Ешкім ұрыспады ма?» деген сынды сұрақтардың астына алады. Бірақ, бұл бала тәрбиесі тұрғысынан қарағанда дұрыс әрекет емес. Жас өскіннің психологиясына, қабылдауына кері әсер етеді. Мұндай сұрақтардан соң балада арызқой, жылаңқы мінез қалыптасады, тәрбиешілері мен күтушілерін де сыйламайтын болады.

Сондықтан, мұндай тікелей сауалдармен емес, басқаша әдістер арқылы білуге тырысыңыз.


Бақшаға барардағы көңіл-күйін бақылау

Әрине, балабақшаға баруды алғаш бастаған кезде бұл балаға бірден ұнай қоюы екіталай. «Бармаймын» деп қиғылық салу алғашқы уақыттарда қалыпты. Бірақ, бала тәрбиешілерін жақсы көріп, достар таба бастаған кезде қуана-қуана кететін болады. Ал егер бірнеше ай өтсе де баланың бақшаға баруға құлқы болмаса, қызығушылығы оянбаса, мәселе тек өзінде емес екенін ескеру керек.

Балабақшаға барып, ондағы жасалған жағдай не қарым-қатынас ұнамаған жағдайда бала стресске түседі. Оның мінез-құлқы да өзгереді. Әрине, жақсы жағына қарай емес. осындай жағдайларды байқасаңыз, балабақшаны ауыстыруға асыққаныңыз дұрыс.


Ойын арқылы анықтау

Психологтар ұсынатын тағы бір амал – ойын ойнау. Яғни, кешкісін баламен «Балабақша» ойынын ойнайсыздар. Бұл жерде бала – өзіңіз боласыз, ал балаңызды тәрбиеші рөліне қойыңыз. Аз уақыттан соң бала бақшада тәрбиешісінен көрген іс-әрекетін, естіген сөздерін қайталай бастайды. Осыған қарап-ақ оның күнделікті қандай тәлім-тәрбие алып жүргенін аңғару қиын емес.


Сурет салудың да көмегі бар

Тағы бір маңызды мәлімет көзі – сурет. Балаңыздан бақшадағы апайын, достарын немесе бүткіл тобының суретін салуды өтініңіз. Кейін оның кімді қалай салғанына, суреттегі балалардың және тәрбиешілердің бет-жүзіндегі эмоциясына, балақайлардың бірге не бір-бірінен алшақ орналасқанына, олардың суретте не істеп отырғанына мән беріңіз. Неге бұлай бейнелегенін сұраңыз. егер балам ондай сурет сала алмайды десеңіз, өзіңіз салыңыз. Бірақ, міндетті түрде бладан кімді қалай салу керегін сұраңыз. «Апйыңды қай жерге салайық? Ол не істеп жатыр? Күліп тұрсын ба, ашуланып па? Балалардың не істеп жатқанын саламыз? Мұны қандай түспен бояймыз?» деген секілді сауалдарды қойыңыз. Балабақша көрінісі баланың өз ойынан шығуға тиіс. Соңында осы суретке қарап біраз нәрсені болжалдауға болады.


Баладан достары жайлы сұрау

Егер бұл әдістерді жүзеге асыру қиындық тудырса, онда ең оңай жолы – баламен диалог құру. Бұл арқылы да біраз нәрсені білуге болады. Алайда, осы тұста «Сен» деп баланың өзі жайлы емес, достары жайлы сұрау керегін ескеріңіз. Мәселен, «Бір бала бұзықтық жасап, апайды тыңдамаса, апайың қайтеді?», «Түсте ұйықтамаған балаларға ұрса ма?», «Жаттауды жаттамай келген балаларға апай не деді?» деген секілді формада келтіруге болады.

Қанша жерден жұмысбасты болсаңыз да, шаршап-шалдықсаңыз да, балаңыздың мінез-құлқын, көңіл-күйін бақылауда ұстауға уақыт пен көңіл, күш табуға тиіссіз. Балабақша жасында да, мектеп қабырғасында да. Жас жеткіншектердің жүрегіне жара, көңіліне қаяу түспей, денсаулығына зақым келмей өсуіне бірінші кезекте ата-ана жауапты.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


АНАның әр әрекеті ҚЫЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА әсер етеді


ӘКЕ мен АНАның балаға беретін ең жақсы ҮЛГІСІ