​Баланы АҚЫЛДЫ әрі ТАБЫСТЫ болуға тәрбиелейтін әдістер

0
4 644

Жапондық аналар осылай жасайды.


​Баланы АҚЫЛДЫ әрі ТАБЫСТЫ болуға тәрбиелейтін әдістер

Жапония – балаларды ең ерте жастан бастап оқытып, тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлетін бірден-бір жоғары мәдениетті елдің қатарында. Олар өздерінің кішіпейіл, жақсы мәнерлерімен және ұстамдылықтарымен ерекшеленетін халық.

Өздерінің осы мінездерін, кескіндерін балаларына толықтай беруге, солардың бойына құюға тырысады. «Күншығыс елі» атанып кеткен Жапонияда көше ортасында жылап, көпшілік орындарда ата-анасына айтқанын жасатқысы келіп, қыңырланған, айқайлаған баланы көру екіталай.

Жапондықтардың осындай ақылды балаларды қалай өсіретінін білу, "балабақшаға бармаймын, қалаған ойыншығымды, жейтін тәттімді әпермедің" деп көпшілік арасында қиғылық салатын көптеген балалардың ата-аналары үшін қызық болар? Оның аса бір құпиясы да жоқ екен.

Жапон ата-аналары тәрбие беруде басшылыққа алатын негізгі ереже шыдамдылық және балаға деген жақсы, сүйіспеншілік қарым-қатынас. Бұл елде 5 жасқа дейінгі баланың ешбір ісіне шектеу қоймайды. Ал 15 жастан асқан жасөспірім қоғамның толықққанды мүшесі болып есептеледі және ол өзінің әрбір іс әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Бірақ жапондық ата-аналардың бала тәрбиесінде қолданатын мұнан өзге де қағидалары, өзіндік құпиялары бар.


Ана мен бала арасындағы ерекше байланыс

Жапон отбасында бала дүниеге келгеннен бастап, анасы баласын бір минутқа да қалдырмайды. Себебі, бұл елде баланы ерекше жаратылыс деп қарап, бес жасқа дейін ешқандай айқайсыз, қол жұмсаусыз өсіреді. Егер бала өзіне зиян тигізетіндей етіп ойнаса, анасы оған дауыс көтеріп ұрыспайды, жай дауыспен, ақырын ғана мұны не үшін жасауға, істеуге болмайтынын түсіндіреді. Осылай балалар өздерін қоршаған әлемді жан-жақты, қызығушылықпен тани бастайды.


Ата – ана баланың үлгі тұтар тұлғасы болуы тиіс

Жапонияда білім алуда маңызды принциптің бірі – жақсы үлгі көрсете білу. Осы тұрғыда мамандар өте бір қызық зерттеу жүргізіп көрген. Еуропа мен жапондық аналарды балаларына төртбұрышты затты пирамиданың ішіне қалай орналастыру керек екенін түсіндіруді сұраған. Еуропалық аналар балаларға қалай орналастыру керек екенін тек ауызша айтса, жапондық аналар алдымен өздері істеп көріп,тек содан кейін ғана балаларынан көргендерін қайталауды талап еткен.

Жасөспірім - ересектермен тең дәрежеде

Жапондар мен қазақтардың арасында бала тәрбиесінде көптеген ұқсастықтар бар. Мәселен, күншығыс елі де қазақтардың «балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай күт, 5 жастан 15-ке дейін құлыңдай жұмса және15-тен кейін өзіңмен қатар қой» деген қағиданы ұстанады.

Бала туғаннан қамқорлық пен сүйіспеншілікте болады. Сондықтан егер есі кірмей жатып, баланың айтқанын істемей, істеген, бүлдірген істеріне қаталдықпен ашумен жауап берілсе, олардың нәзік жүрегі тез жараланып, жалтақ бола бастайды деп есептейді. Кішкентайынан ата-анадан қатты сөз естімей, қамқорлығын, сүйіспеншілігін көрген бала, кіші жастағы мектеп оқушысы болған кезде сол ата-анасын құрмет тұтуы, сенімінен шығуға, ренжітпеуге тырысады. 15 жастан асқаннан кейін өзі үшін толықтай жауапкершілікті өз мойнына алады.

Отбасынан артық ешкім жоқ

Жапонияда тәрбиенің негізгі басты көзі отбасы болып табылады. Сүйіспеншілік пен жылылыққа толы ортада өз үйінде баланың алғашқы әдеттері мен мінез-құлқы қалыптасады. 3 жасқа дейін бала үнемі анасының қасында болады. Ол елде бала 3 жасқа толғанша бала күтуші, балабақша, қала берді ата-әже көмегіне жүгіну деген болмайды, толығымен анасының жанында, қамқорлығында жүруі тиіс. Бала үнемі үйде жақындарының жанында болғандықтан, оның өз отбасына деген мықты қарым-қатынасы қалыптасады.

Айналаңды қоршаған жандардың сезіміне құрметпен қарау

Жапондық аналар балаларын өзгенің көңіл-күйін, сезімін түсінуге тырысуға тәрбиелейді. Өзгенің еңбегін бағалауға, жан-жануарға мейірімді болуға үйретеді. Мұны жай сөзбен айтып жеткізеді. Мысал арқылы баланың өз басынан өткізіп көрсетеді.

Ата-аналар жұрт көзінше балаларын мақтамайды

Таныстарымен сөйлесу барысында кез-келген жапониялық ана баласы жөнінде «менің ақымақ балам» дейді. Бұл эпитеттің астарында ата-ананың барлық баланы бірдей ақылды, дарынды деп санауы жатыр. Алайда, мұның барлығына қарамастан, отбасыда баланың жетістігіне айрықша назар аударылады.


Өздеріңіз байқағандай жапондардың бала тәрбиелеу әдісі қазақ халқына өте ұқсас. Екі ел де балаларын кең болуға, кешірімшіл, ілтипатты, үлкенді құрметтей білуге, біреудің ала жібін аттамауға, қиянат істемеуге тәрбиелейді.

Дереккөз: syl.ru.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ