​Балаңыздың БІЛІМДІ болғаны дұрыс па, әлде БАҚЫТТЫ болғанын қалайсыз ба?

0
5 085

Жетістікке жеткен, гений баланы тәрбиелеу әр ата-ананың маңдайына жазыла бермейді. Бірақ, бақытты баланы тәрбиелеп, өсіру әрбір ата-ананың өз қолында.


​Балаңыздың БІЛІМДІ болғаны дұрыс па, әлде БАҚЫТТЫ болғанын қалайсыз ба?

Қайсыбір ата-ана болмасын, баласымен қарым-қатынасы жайлы болғанын қалап, «қалай дұрыс тәрбиелеуге болады?» деген сұрақтарға жауап іздейтін кездері көп. Бүгінгі тақырыпта баланың тағдыры, баланың болашағы жайлы ойланып, күндіз-түні бала үшін тер төгетін, бала үшін өмір сүретн ата-аналарды толғандыратын сұрақтарға жауап іздеп көрелік.


Баланың БІЛІМДІ болғаны керек пе, әлде БАҚЫТТЫ болғаны маңызды ма АТА-АНАҒА?


АСЫҚПАҢЫЗ!

  • * Қазір «біздің үйірмемізге жазылған болсаңыз, балаңыздың болашағы жарқын болады. Оның өте білімді, алғыр азамат болып өсуіне көмектесеміз» деген жарнамалар шынында да ата-ананы қатты қызықтырады. Өйткені, жұмысбасты ата-ананың баласына көп уақытын арнауға, толыққанды көңіл бөлуге уақыты жетіңкіремейтіні де рас. Сондайда ең тиімді жол, сабағына үлгере алмай жатқан, тілді меңгере алмай жатқан баланы дамытудың оңды шешімі осы жол секілді болып көрінеді.

«Балам жесін, балам кисін, балам тарықпасын» деп жүрген ата-анаға алтын балық ілінгендей, тауып жатқан табысының жартысын осындай үйірмелерге, тіл үйренуге, қосымша репетитор жалдауға құйып жатқанын көруге болады.

Одан бөлек, «жан-жақты болсын, заманына тез бейімделсін» деп баланың бойында таланты, талабы бар ма, жоқ па, ол жағын да ескерместен, үйреніп алсын деп түрлі музыкалық аспаптарды үйренуге, спорттық секцияларға, би үйірмелеріне беріп жатады. Бір жағынан, бала шымыр болуы үшін спорттың, өнерлі болуы үшін өнер үйірмелерінің де қажеттілігі бар шығар.

Бірақ, бала деген қашанда балалықтың дәуренін сезінуі керек. Асыр салып ойнауы керек. Бала 4-5 жасынан бастап, екі тілді біліп, 100-ге дейін санаудың ешкімге де керегі жоқ. Алдында 11 жылдық оқу, одан кейін бұйыртса, 4-5 жылдық мамандық алуы бойынша тағы да оқуы бар. Баланың санасына қысым жасамаңыз!


  • 3-4 жастағы баланың миы ақпараттарды қабылдауға, оны қорытуға дайын емес. Бала дүниені ойын арқылы ғана танып-біле алады. Баланың ойы 7-8 жасында ғана мәліметті, ақпараттарды ақырындап қабылдауға дайын болады. Мысалы, балаға күштеп тамақ жегізгенде, (ересек адамның өзі де) асқазаны қорыта алмай ауырсынып немесе кері қайтарғанда, баланың миы да көп ақпаратты қорыта алмайды.
  • Суда жүзу, футбол секілді спорт үйірмелеріне 5-6 жасынан бастап беруге болады. Өйткені, ол да бала үшін ойынның түрі. Оның өзін де баланың қалауымен, таңдауымен санасып барып қабылдаңыз. Егер баланың қызығушылығы болмаса, оны күштеп берудің қажет жоқ.
  • Бала кішкентай кезінде ойнағанды ғана білуі тиіс. Аулаға шығып, секіріп, доп теуіп, көктем-жаз айлары болса, көбелек қуып, қыс айында шанамен сырғанасын. ОЙНАСЫН!

Егер сіз балаңыздың кішкентай кезінде ойыннан тыйсаңыз, яғни, бала ойынға қанбаса, ол 30-40 жасқа келгенше ойнай береді.

Кейде үлкен адамдардың телефондағы атыс-шабыс, тағы сол секілді ойындарды ойнап отырғанын көрген боларсыз?


  • Кішкентайынан оқу-білімге құмартатын балалар да бар. Бірақ, тумысынан осындай балалар аз кездеседі.
  • Баланың қызығушылығына және икеміне қарай үйірмелерге беру жадыңызда болсын! Әйтпесе, баланың уақыты, сіздің ақшаңыз текке кетеді.


Өз ҰСТАНЫМыңызды (амбиция) балаға таңбаңыз!

Кейбір ата-аналар баласының ерте жастан бастап, белгілі бір жетістіктерге жеткенін қалайды. Оның себебі неде?

Қорқыныш

Өмірде балам өз орнын таба ала ма? Өйткені, ол басқалара секілді еті тірі, пысық емес деген ой да болуы мүмкін.

Бірақ, есте сақтаңыз! Сіз қанша әрекет етсеңіз де баланың табиғатын өзгерте алмайсыз, ата-анасы болсаңыз да. Өйткені, Алла солай жаратты, әр балаңыз әр түрлі. Бір балаңыз епті, бір балаңыз икемсіздеу. Әр баланың болмысын сол күйінде қабыл алып, онымен жақын бола білу керек. Әрине, балаңыздың барлығы сіз үшін бірдей, әрқайсысы сіз үшін қымбат. Сондықтан, қай балаңыздың қай салаға қызығушылығы бар, соны дамыта біліңіз.


(Суреттер ашық дереккөзден)


Ер бала міндетті түрде спортқа баруы керек пе?

Оның бойында ұл балаға тән мықтылық, шымырлық болуы қажет деген стереотип қалыптасып қалған. Бәлкім, оның табиғаты гүл отырғызуға, ілім-білім қууға және биге жақындау шығар. Ата-ана баласынан көргісі келгенді оған тықпалай беру де әділетсіздік.


  • Егер ата-анада осындай қорқыныш бар болса, сол қорқынышын жеңуге тырыссын. Өзінің мәселесі мен қалауын, орындалмай қалған арманын балаға таңып қою дұрыс емес.
  • Мектепте жарты күн сабақ оқып келген балаға түстік ішіп болғаннан кейін қайтадан сабаққа отырғызу көп ата-аналардың қолданатын тәсілі. Ұйқыдан қалып, ойынна қалып алған «бестіктің» бағасы қаншалықты жоғары?
  • Егер бала өзі тырысып, өзі талпынып, баға алмаса, ешқандай рахатты сезіне алмайды. Өзі қалап, жаттап, мұғалімінен мақтау естіп алған жақсы бағаның жеңістің дәмін сезіндіретін қасиеті бар.
  • Ата-ананың міндеті баласының жақсы бағаларын санамалау емес, қолдау көрсету, көмектесу.


«ҮЗДІК» және «НАШАР» оқитын балалармен қандай мәміле орнату керек?

Баланың ынтасы әр түрлі. Бірі гуманитарлық пәндерге қызықса, бірі техникалық жағына, есеп жағына жүйрік болады. Баланың күнделіктегі бағасы өмірдің бағасы емес. Кейде тіпті, мағынасын да жоғалтуы мүмкін. Мектепте нашар оқыған оқушының белгілі бір салада жетістікке жетіп, мықты кәсіпкер, атақты адам болып жатқанын да кездестіруге болады. Ең маңыздысы, өзін бағалай алатын, өзіне сенімді, өзін сыйлай білетін және басқалардың күшті және әлсіз тұстарын көре білген баланы тәрбиелеу керек. Нашар оқушыны жерге тығып, жазалау да дұрыс емес. Өйткені, білімге құштарлығы жоқ балалардан көбінесе қолмен жасалынатын жұмыстарға қызығушылығы басым келеді. Олардан мықты спортшы, керемет диқан, құрылыс саласын жақсы меңгерген майталман шығуы әбден мүмкін.

Үздік оқыған балаға да қолдау ауадай қажет. Өйткені, жеңілістің дәмін татып көрмеген олар тұрмыс-тіршіліктің алғашқы қиындығынан-ақ соққы алады. Сондықтан, «сабақты жақсы оқысам, мен мінсізбін» деген ойдың қалыптасуынан азат ету керек. «Сен сабақты жақсы оқығаның үшін емес, менің балам болғандығың үшін жақсы көремін» дегенді көбірек айтып, санасына сіңіру керек.

Ең негізгісі - бала оқығаннан гөрі, көзбен көргенін тез қабылдайды. Сондықтан, «баланы тәрбиелеп қажеті жоқ, алдымен өзіңді тәрбиеле! Балаңа үлгі көрсет!» деген сөздің жаны бар.

Бала 7 жасқа келгенше ананың мейіріміне, махаббатына бөленуі керек, ананың аялы алақанының жылулығын толықтай сезінуі керек. Ал, әкемен байланыс, яғни, әке мен баланың арасындағы байланыс кейінірек қалыптасады.

Жетістікке жеткен, гений баланы тәрбиелеу әр ата-ананың маңдайына жазыла бермейді. Бірақ, бақытты баланы тәрбиелеп, өсіру әрбір ата-ананың өз қолында.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Бала САБАҚТАН ҚАШУды әдет етсе МЫНА 5 шараны қолданып көріңіз


ТАЯҚ ЖЕГЕН бала қандай ҚИЫНДЫҚҚА тап болуы мүмкін?