​Бөтен сөзбен БЫЛҒАНса, СӨЗ арасы...

0
3 636

Олардың бұл мінезіне өзімнің де етім үйреніп келе жатқан сияқты. Осылай өмір сүріп жүре берер ме едім, егер баламның алғаш тілі шыққанда әкесінің боғауызын қайталамағанда.


​Бөтен сөзбен БЫЛҒАНса, СӨЗ арасы...

«Қазір баламды тәрбиелеу үшін қандай жолды дұрыс деп ойлайтынымды да білмей қалдым», осылай деп мұңын шаққан жас келіншектің сөзіне бейтарап қала алмадым. Мүмкін, осылай өмір сүріп, онысын сыртқа білдірмейін деп жасырып жүрген келіндер көп те шығар. Бала тәрбиесіне, оның болашағына кәдімгідей нұқсан келтіретін отбасы, ошақ қасындағы ауызекі сөзімізді де түзеуді, әр сөзімізге абай болуымыз қажеттігін ұқтырғандай еді айтқан әңгімесі.

Ой түйерсіздер, нәтиже шығарарсыздар, қателіктеріңіз болса, түзетерсіздер. Мұның барлығы да баланың кемел болашағы үшін жасалып жатқан еңбек деп түсініңіздер.


-Тұрмысқа шыққаныма көп уақыт болған жоқ. Бәлкім көп те шығар. Үш жылдан асты, күйеуіммен бірге өмір сүріп келе жатқаныма. Бірақ, осы үш жылым мен үшін отыз жылға татиды.

Бір ұлым бар. Жасы екіде. Ұлымның тәтті қылықтарына алданып қана мен олармен бірге тұруға шыдап келе жатқан сияқтымын. Алайда, мен бақытты ана болғаныммен, бақытты әйел бола алмадым.

Жолдасыммен қыз бен жігіт болып жүрген емеспін. Күйеуім ағамның әскердегі досы болатын. Ағамды іздеп үйге келіп-кетіп жүретін. Сол кезде ғана көргенім болмаса, екеуміз тілдесіп те үлгермеген екенбіз.

Ол кезде мен колледжде оқитынмын. Ағам үйленген күні ол мені сабақтан алып кетуге келіпті. Әрине, ағам да маған қоңырау шалып, сол үйге келіп жүрген досын жібергенін, соның көлігімен беташарға дейін жетіп алғанымды қалайтынын айтқан болатын. Көңілімде ешқандай күдік жоқ, мен ағамның досы болғандықтан, сенген едім. Сол күні ол мені үйіме әкелмеді, өз үйіне алып барды. Яғни, мені алып қашты.

Бастапқыда түк түсінбедім. Бұл үйде де беташарға дайындалып жатқан адамдарды көрдім. Ағамның досына қарап «сіз мені қайда алып келдіңіз? Басқа бір досыңыздың үйлену тойымен шатастырған сияқтысыз ғой» дегенімде, «иә, бұл басқа той. Бүгін мен үйленіп жатырмын» деді.

Айтып үлгергенше болған жоқ, көлікке жақындап келе жатқан әйелдерді көрдім. Қолында ақ орамал. Қарсыласқанымнан түк те шықпады. Мен сол үйдің босағасында қалып қойдым.

Ауылдағылар әлі күнге дейін «ағасы үйленген күні қарындасын да алып қашып кеткен, бір үйде екі той болды» деп айтып жүр. Ағам бақытты отбасы. Өзінің қалап алғаны ғой. Ал мен ше? Мен өз қалауыма тұрмысқа шыға алмадым. Тек қана тағдырым солай шығар деп көндіктім.

Үйленгенше танымайтын күйеуімді некеміз қиылғаннан кейін тани бастадым. Сөйлеген сөзіне міндетті түрде боқтық сөз араластырып сөйлейтін әдеті бар екен. Маған бұл ерсі көрінді. Өйткені, біздің үйде әкем де, ағаларым да ешқашан бұлай сөзін былғаған емес.


Күйеуім боқтанып сөйлеген сайын, балағаттаған сайын денем тітіркеніп, одан жиіркенетін болдым. Жүктілік кезеңінде тіпті, оған қарағым да келмейтін. Бірақ, жүкті әйелдің мінез-құлқы өзгереді деп басу айтқан абысынымның сөзіне сендім. Шынында кейбір әйелдерде осындай құбылыстың байқалатынын кейін білдім ғой. Бірақ, бала өмірге келгеннен кейін де бұл жиіркеніш сезімі басылмады.

Біздің үйде тек қана күйеуім ғана емес, қайынатам да сондай. Осындай әкенің ұлы болса, ол қайда барады? Бірақ, қайынатам енді түзелуден кеткен адам, ал, күйеуіме өтініп, «баламыз өсіп келе жатыр, сөзіңді түзеші» деп жалынғанымнан нәтиже шықпады. Тіпті, дастархан басында отырып, әкесі мен баласы екі сөзінің біріне «тұздық қосып» отырмаса ас батпайтын секілді.

«Енем неге үндемейді, жөнге салып, тыйып отырса болмас па еді?» деп те ойлаймын. Бірақ, енем жуас адам, оларға үндемейді. Бір жағынан, енемнің жуас болғанына қуансам, бір жағынан, мұндай жуас болғанша, қатал мінезді болса, күйеуі де, баласы да аз да болса аяқ тартар ма еді деп ойлаймын.

Олардың бұл мінезіне өзімнің де етім үйреніп келе жатқан сияқты. Осылай өмір сүріп жүре берер ме едім, егер баламның алғаш тілі шыққанда әкесінің боғауызын қайталамағанда.

(Суреттер ашық дереккөзден алынды)

Олар да қызық көретін шығар, баламның тілін қызықтап, қайта-қайта айтқызады. Ең жаманы, қайынатам да, енем де, күйеуім де кезек-кезек баламның тілін қызықтап, осы сөзді күніне бірнеше рет айтқызғанда ызам келеді. Тыйым салғым келеді. Атам мен енеме «бұларыңыз не?» деп айта алмаймын, күйеуіме айтсам, төмпештеуден тайынбайды. Содан олардың көзінше баламның аузынан ұрып, «ендігәрі айтпа мұндайды» деп оны шырылдатып жылатқан соң, өзім де қосыла жыладым. Баламның тәрбиесіне алаңдаймын, ажырасқым келеді. Мұндай атадан, мұндай әкеден үлгі алмай-ақ қойса деймін.

Мен сені жақсы көремін, балам! Сенің жақсы азамат болғаныңды көргім келеді!

Жазып алған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз: РАМАЗАН айының әрбір ОТБАСЫНА әкелетін 12 БЕРЕКЕСІ

Бір МИНУТТА не істеуге, қандай іске ҮЛГЕРУГЕ болады?