​Досыңызбен кәсіп бастаймын деп, дымсыз қалмаңыз

0
2 867

Қандай адаммен серіктес болмау керек?


​Досыңызбен кәсіп бастаймын деп, дымсыз қалмаңыз

Әдетте, қандай да бір кәсіп бастар алдында серіктес қажет болса, оны өз ортамыздан іздей бастаймыз. Себебі, бейтаныс жандарға қарағанда, бірнеше жылдан бері танитын, қыр-сырының бәрін білемін деп ойлайтын адамдар сенімдірек көрінеді. Осы себептен бірігіп кәсіп бастап жататын достар мен туыстар көп. Алайда, солардың бәрі бірдей кәсібі өрге жүзіп кетіп жатқан жоқ. Бұған бір себеп – алдын-ала нақты келісімшарт жасалмауында болуы әбден мүмкін.


Жалпы, доспен не туыспен бірігіп кәсіп бастау – мәселесі көп іс. Неге десеңіз, бірінші кезекте сіздердің ұжымда тәртіп болмайды. Досқа, туысқа қанша жерден ереже жайлы айтқаныңызбен, көп жағдайда сөзіңіз желге ұшады. Ешқандай туыстық, достық қатынасы жоқ адамдарға «Әріптестер, бізде мынадай тәртіп. Мынадай ереже. Оны сақтамаған қызметкерге мынадай шара қолданылады» деп шегелеп айта аласыз. Жұмысқа кешікпей келуін, тапсырылған істі уақытылы орындауын, т.б. батыл түрде талап етесіз. Тәртіп бұзған жағдайда шара қолдануда да ешқандай ар-ұят мазаламайды. Ал әріптесіңіз дос не туыс болса, мұндай қатаңдықты сақтау қиындау. Ол күліп отырып айыбын бір әзілмен жуып-шая салуы, тағы бір таныстарыңызды араға салып немесе жеке бас мәселесімен бөлісіп, сізді жұмсартып алуы ғажап емес.


Тағы бір кемшін тұсы – досыңыз не туысыңызбен арада жеке өмірде қандай жағдай болса, соның бәрі жұмысқа да әсер етеді. Арада реніш туса, бір-біріңізді қолдаудан қаласыздар. Қарсы шығып, әркім өзінікінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Ауызбіршілік, қолдау болмаған жерде іс кері кетеді.


Жеке өмір емес, жұмысқа байланысты келіспеушіліктер тұсында да шешімін табу қиынға түседі. Егер бір-біріңізді тек әріптес ретінде танитын болсаңыздар, араңыздағы даулы әңгіме жұмыстың айналасында ғана өрбиді. Негізінде, қандай да бір кісімен келіспеушілік тұсында жеңіске жету үшін барлық аргументті алға тартуға дайын тұрамыз. Ал, қарсыласыңыз өткені мен бүгінін, бойындағы кемшіліктерін, өміріндегі келеңсіздіктерін – бәрін білетін досыңыз не туысыңыз болса, аргумент өте көп. Сәйкесінше, артық сөз де көбейеді.


Қандай адаммен серіктес болмау керек?

Егер дос не туысыңызбен бірігіп іс бастағыңыз келсе, бірінші кезекте оның жауапкершілігіне қараңыз. Жай ғана қатты жақсы көргеніңіз үшін, жаныңыз ашығаны үшін, «ол да жақсы табыс тапсыншы» деген ниеттің жетегінде серіктестікке шақыра салуға болмайды. Егер оның жауапкершілік сезімі аздау болса, жұмыс барысында кедергілер мен мәселелер өте көп болады.

Болашақ серіктесіңіздің бойынан өзімшілдік байқасаңыз, бұл да бірге жұмыс істесуден бас тартуға лайықты себеп. Өзін ғана ойлайтын, өз көзқарасын тықпалауға құмар, өз пікірінің ғана дұрыстығына сенімді жандарды қасындағы екінші адамның мүддесі қызықтырмайды.

Өзіне жұрттың бәрінің жаны ашығанын қалайтын, әрдайым шағым айтып, жыланып жүретін, кез келген жағдайдан тек жаман жағын көретін жандармен де серіктес болудың қажеті жоқ. Ол үнемі сізге шағым айтып, жанашырлық танытуға шақыру, ар-ұятыңызды, өзіңізді кінәлау сезімдеріңізді ояту арқылы сізді басқаратын болады. Екі күннің бірінде драмалық қойылымның көрерменіне не кейіпкеріне айналумен жүресіз.


Қандай шарттарды ескеру керек?

Осындай мәселелердің болуы мүмкін екенін біле тұра, сенімді деп таныған досыңыз не туысыңызбен бірігіп кәсіп бастауға шешім қабылдасаңыз, тым болмаса алдын ала келісімшарт жасаудан бас тартпаңыз. Ортақ шартта мына жайттар міндетті түрде айтылып, келісілуге тиіс.

  • Ортақ кәсіпте нақты немен айналысасыздар, кімнің қызметі мен міндеті қандай, кімнің қызметі жоғары, кім кімге бағынады, соңғы шешімді кім қабылдайды, шығын мен табысты қалай бөлісесіздер – осының бәрін талқылап, келісімге келіп, ресми түрде рәсімдеңіздер.
  • Адамдар арасында сенім болғаны керемет. Серіктестер, әріптестер арасында да. Алайда, бірге жұмыс істейтін досыңыз не туысыңызға қанша сенімді болсаңыз да, атқарған шаруасын тексеріп тұруды ұмытпаңыз.
  • «Кейін көре жатармыз», «Бір мәнісі болар» деп салғырттық танытпай, жұмыс күндері, уақыты, кеңсе, жұмыс тәртібі, ережелер – осының бәрін алдын ала нақтылап, қағазға түсіріп қойыңыздар. Әрқайсыңыз «Таныстым. Келісемін» деген мазмұнда тілхат жазып, қол қою да артық болмайды.
  • Ақша есебі нақты болсын. Кіріс-шығысты жүйелі түрде бақылап, тексеріп отырған артық болмайды. Серіктестердің бірі ортақ қордан қандай да бір қажеттілігі үшін қаражат алса, оны қашан қайтаратыны келісіліп, қолхат жазған жөн.

Сайып келгенде, уақыт тезінен өтіп, дұрыстығын қайта-қайта дәлелдеп келе жатқан «Есепті дос айрылмас» деген сөзді естен шығармаңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

АҚШАНЫҢ АЗДЫҒЫ ғана емес, көптігі де АЖЫРАСУҒА себеп болады