Көптеген ата-аналар қазіргі балаларды тәрбиелеу қиын екенін айтады.
иллюстрациялық фото
Жаңа заманның балалары жүзбе-жүз қарым қатынасқа қарағанда телефон мен компьютерде отырғанды дұрыс көреді. Сондай-ақ қазіргі кездің балалары қалағанына оңай қол жеткізіп, одан тез жалығады. Олардың көп ретте ынтасы төмен, жаңа ортаға бейімделулері қиын.
Туылған кезден бастап әр адам жеке дара дамиды. Әркімнің қабылдау, ойлау дәрежесі әртүрлі. Сондықтан барлық балаға бірдей әсер ететін әмбебап тәрбие әдісін табу мүмкін емес. Алайда баланың дұрыс дамуына кедергі келтіретін, ықпал ететін бірнеше факторлар бар:
Қарым-қатынастың жетіспеушілігі
Көптеген ата-аналар жұмысына кедергі келтірмес үшін баланың қолына телефон ұстата қояды. Мұндай жағдай баланың үлкендермен арадағы қарым-қатынастың, байланыстың азаюына себеп болады. Бала мен ата-ана арасында сенімділік болмайды. Заманауи технологиялар көп ретте ата-ана мен баланың арасын алшақтата түсетіні рас. Қолына смартфонын алған кейбір ата-аналар оның қызығына түсіп баланы ұмытып та кетіп жатады. Дастархан басында да да баланың жағдайын, күнінің қалай өткенін сұраудың орнына телефондағы қызықтар, әлеуметтік желілер, теледидардағы сериал мен бағдарламаларды тамашалап, қызықтап отырады. Бұл жағдай қазіргі көптеген отбасындағы көріністердің бірі. Тіпті балаға ата-анасынан да жақын болатын ата-әжелеріміздің кейбірі телефоннан бас алмай жатады.
Айналамен тез тіл табысу – кез-келген жанды табысқа жетелейді. Мұндай дағды балада ерте жастан қалыптасады. Бұрындары балалар көбіне сыртта достарымен ойнап уақыт өткізсе, қазіргі заманауи балалар оқшауланғанды, тыныштықты, әлеуметтік желіде отырғанды, компьютерлік ойындарды дұрыс көреді. Бұл баланың ортаға бейімделуін қиындатады. Өзге адамдармен байланыса білу өздігінен орындалатын нәрсе емес, оны дамыту керек.
Технология
Қазір балалар да ересектерден қалыспай телефон мен компьютер қарайды. Тіпті қазір өмірімізді телефон, теледидар секілді технологияларсыз елестете де алмаймыз. Ал кішкентайынан телефон мен компьютер, планшет ұстаған бала, ондағы қызылды-жасылды неше түрлі ойындарды оп-оңай игеріп ала қояды. Бар мәселе бала мектепке барғанда басталады. Мектептегі оқулықтар, жаңа орта комьютер мен телефондағы секілді жарқын, оңай емес. Сабақты сүйікті ойынының деңгейлерін жылдам өткендей игере алмайды.Сондықтан бала сабақтан тез жалығады, мектепке алғашқы келген сәттегі қызығушылық тез басылады.
Жоғары технологияға сүйену баланың босаңсуына алып келеді. Жаңа нәрсені танып білуге деген құштарлығын төмендетеді. Себебі ол қалаған, білгісі, көргісі келгенннің барлығын бір нүктені басу арқылы оп-оңай біле алады.
Молшылық, шектен тыс жайлылық
Қазіргі заманның балаларының көпшілігі барынша жағдайы жасалған жайлылықта өсіп жатыр. Тәтті тамақ, әдемі киім, соңғы үлгідегі гаджеттер. Тапшылық уақыттың дәмін татқан ата-аналар балаларына мейлінше бар жақсыны беруге тырысып бағуда. Қазіргі балалар қандай да бір еңбегі үшін емес, жай ғана қалағанын ала алады. Сондықтан олар ата-анасының бар күш-жігерін салып баласын қуанту үшін жасаған дүниелерді бағалай алмайды.
Сондай-ақ материалдық жайлылық жасаудан өзге баланың айтқанын лезде орындау да қазіргі ата-аналардың көпшілігіне тән нәрсе. 5 минут та жаяу жүрмеген баланы шаршап қалды ма деп көтеріп жүреміз, қарным ашты десе бірден үйге қайтуға тырысамыз немесе тамақтанатын орын іздеп кетеміз. Мұндай жағдай баланы шектен тыс жайлылыққа дағдылануға алып келеді. Ондай балалар шамалы қиын жағдайға шыдай алмайды. Ал есейген кезде бұл жағдай тіптен қиындай түседі.
Ара қашықтықтың сақталмауы
Көптеген ата-аналар қазіргі балалардың жүктемесі көп, шаршайды деп аяйды. Әрине қазіргі балалардың бос уақыты тым аз, мектептегі бағдарламаның қиындығы, үйірмелер, үй жұмысы т.б көптеген міндеттемелері бар. Дегенмен оларөз тапсырмаларын орындаудан шаршамайды. Олардың шаршауы ара қашықтықтың сақталмауынан және дұрыс жасалмаған күн тәртібінен болады.
Балалар әдетте өзіне қажеттіні дүниені дұрыс таңдай білмейді. Егер баладан не қалайтынын, өз күнін қалай өткізуді қалайтынын сұраса, онда ол сөз жоқ компьютердің алдында отырып, тәтті, бірақ денсаулыққа зиянды тағамдарды жеп кеш жатып, кеш тұрғанды дұрыс көреді. Ал ұйқының қанбауы, дұрыс тамақтанбау мұның бәрі баланыңденсаулығы үшін аса зиянды. Сондықтан да баланың күн тәртібін, тамақтану рационын реттеп, қадағалау керек.
Баланың дербес болмауы
Әрбір ата-ана баласын кез-келген жағымсыз әсерлерден қорғағысы келеді. Тіпті өсіп дамып жатқан баланы да қорғауын жалғастырады. Мектептен екілік алса, мұғаліммен келісуге, бағасын туралауға, үй жұмысын баланың орнына орындай салуға тырысады.
Әрине балаға ересектердің қамқорлығы, қорғаны маңызды, дегенмен шектен тыс өбектеу баланы дербес болудан алшақтатады. Үнемі ата-анасына арқа сүйейтін бала өз-өзіне өте сенімсіз келеді. Келешегіне кері әсерін тигізеді. Әрбір ата-ана бала мен қоршаған орта арасында мықты қорған болуы қажет.
Заманауи балалардың тәрбиесіне қатысты біраз кеңестер:
- Телефон мен компьютерді пайдалануды шектеу. Оның орнына үй жұмыстарын жасатуға тырысыңыз. Оның еңбекке деген ынтасын ояту үшін мақтап, кейде тиын беріп отырған да жөн.
- Өзіңізден бастаңыз. Телефоннан гөрі балаңызбен жиі сөйлесуге тырысыңыз. Бала өте жылдам өседі. Сондықтан ол сізге мұқтаж кезде мейлінше қасында көп уақыт өткізіп, жиі сөйлесуге тырысу қажет.
- Күн тәртібін қалыптастырыңыз. Баланың уақытында ұйықтап, ұйқысының қанық, тамағының дұрыс болуын үнемі қадағалап отыру керек. Балалар өзіне не қажет екенін білгенімен, оның қайсысы денсаулығы, өмірі үшін дұрыс бұрыс екенін ажырата алмайды. Мұның ажырату ересектердің еншісінде.
- Баланы «керек» пен «қажетті» ажырата білуге үйретіңіз. Барлық арман тілектердің бірден және үнемі орындала бермейтінін балаға ерте бастан ұқтырған дұрыс.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: ҚЫЗ тұрмысқа шыққанда КҮЙЕУІНЕН ТАЯҚ ЖЕМЕСІН ДЕСЕҢІЗ