​Хит ойыншықтар – поп-ит пен симпл-димпл жайлы Сіз білмейтін шындық

0
8 777

Жақын арада олардың сатылуына тыйым салынуы мүмкін.


​Хит ойыншықтар – поп-ит пен симпл-димпл жайлы Сіз білмейтін шындық

Қуыршақ «Лол», слайм, спиннер, сквиш... Әр кезеңнің өзінің вирустық ойыншықтары болатын секілді. Бізге аты да, заты да жат болғанмен, аз уақыттың ішінде балалар үшін ең қат дүние болып шыға келеді. Сосын сатып әперу әлегі басталады. Көп ата-ана түсініп отырған болар, өйткені, басынан кешіп, біраз жүйке жұқарған.

Дәл бүгін бұл кезекті поп-ит, симпл-димпл атты ойыншықтар жалғастыруда. Сіздің де балаңыз сатып әпер деп қыңқылдап жүр ме? Әлде әлі соңына түсе қоймады ма?

Сұраса, әпересіз бе? Сұраққа жауап бермес бұрын ойыншықтың пайдасы мен зияны жайлы біліп алыңыз.


Поп-ит – өндірушілер оны антистресс ойыншық деп таныстырды. Алайда, әуел баста жүйке жүйесінде бұзылысы бар, аутизммен ауыратын науқастарға арналып жасалғанын ешкім айтпады. (Поп-иттің көмегімен науқастар бақылауда ұстай алмайтын негативті эмоцияларын бейсаналы әрекет жасау арқылы басады.) Поп-ит алақандайдан басталып, одан да үлкен көлемде шығарылса, симпл-димпл дәл осының қалтаға салып жүруге арналған шағын үлгісі. Екеуі де Тик-ток блогерлерінің белсенді жарнамасының арқасында танымалдылығы артып, беделі биіктеп, ойыншық саудасындағы ең жоғары сұранысқа ие тауар болып шыға келді.

Алайда психологтар соңғы уақыттары дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, «антистресс» деген атты жамылған бұл ойыншықтың пайдасынан зияны басым.


Клиникалық психолог маман Ирина Коржаеваның пікірінше, поп-итпен көп ойнаған балаға жақын арада білікті невропатолог, психолог мамандарының көмегі қажет болады екен. Өйткені, антистресс ойыншықты жиі қолдану оған тәуелділікке алып келеді. Психикасы қалыптасу үстіндегі жас өскін кез келген жағдайда эмоциясын тануды, оны басқаруды үйрену орнына антистресске қарай жүгіретін болады. Тіпті жақсы эмоцияның өзін ойыншық көмегіне жүгіну арқылы басып тастайды. Көп ұзамай бала эмоциясын білдіре алмайтын, не оны өзі танымайтын, жақсы әлде жаман екенін ажырата алмайтын жағдайға жетеді. Ал адам баласы үшін өзінің не сезінгенін, қандай эмоцияны басына өткеріп жатқанын танып-білуі өте маңызды.


Тағы бір ресейлік психолог Елена Игина «кемпірқосақ-ермектің» зиянын былайша түсіндіреді.

Еш ережесіз, ештеңе ойланбастан ұзақ уақыт бойы бейсаналы түрде бірсарынды жасалған қозғалыс бала психикасында деградацияны оятады. Яғни, даму, жетілу емес, тежелу кері кету орын алады. Мұны баланың кірпігін жиі қағып, көзін жыпылықтатқанынан, шашын аузына салғанынан, тырнағын тістеуінен байқауға болады. Ал поп-итпен ойнау дәл осы бейсаналы бірсарынды қозғалыс арқылы жүзеге асатынын ескерсек, неғұрлым көп ойнаған сайын, психикаына қаншалықты соққы болып жатқанын ғыну қиын емес.

Міне, көптеген психологтардың осындай қаупінен соң көршілес Ресейде арнайы мамандарға поп-ит, симпл-димпл ойыншықтарының бала психикасына зиянын ғылыми тұрғыда зерттеу тапсырылды. Зерттеу қорытындысында психологтардың қаупі расталса, жаппай сатылымға тыйым салынуы әбден мүмкін.

Ал біз әзірше балаларымыздың денсаулығы үшін аталған ойыншықтармен ойнауға тыйым сала тұрайық. Немесе уақытын шектеу әдісін қолданып көріңіз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ата-ана баласына баспана әперуге міндетті ме?