Қыз баланың аздап өзімшілдеу боп өскені де дұрыс...
Қыздар ер баладан тек сыртқы тұлғасымен ғана ерекшеленбейді. Олардың тәрбиесінде де ұлдарға қарағанда ескеретін өзгешеліктер болады. Солардың арасынан қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған негізгі 3 кеңесті ұсынбақпыз.
Қыз баланы ұруға болмайды
Негізі, баланы ұрудың жақсы қасиет емес екенін барлығымыз жақсы түсінеміз. Мейлі ол ұл болсын, қыз бала болсын. Алайда көптеген ата-аналар бала тәрбиесінде дәл осы әдісті қолайлы санайды екен.Кейбір ата-аналар бала бұзықтық жасағанда, жағымсыз қылық көрсеткенде шапалақпен шарт еткізгенді ұру деп санамайды. Ал негізі ол да ұрғанға жатады. Дәл осындай ұрып тәрбиелеулер қыз баласына қолданылмауы тиіс.
Әрине, халқымыз қызды нәзік гүлге балап, тәрбиесіне қатал қарағанымен ұрып өсірмеген. Неге қыз баланы тәрбиелегенде шапалақпен ұруға болмайды? Қыз бала келешек ана, ұрпақ жалғастырушы, бір үйдің отанасы. Сондықтан ересек өмірге аяқ басқан кезде баяғы жеген шапалағы есіне түсіп, көптеген нәрседен бас тартуы мүмкін. Сол сияқты, шапалаққа үйренген санасы жолдасының кейбір дөрекілігін елетпей, үнсіз көтеріп жүре беруіне әкелуі мүмкін. Балаға қол көтермей, нұқымай-ақ көп нәрсені сөзбен түсіндіруге болады.
Бойындағы өзімшілдік қасиетін басып тастауға болмайды
Эгоизм - адам психикасының сау жағдайы. Әрбір бала өзімшіл және бұл қалыпты жағдай саналады. Адам ең алдымен өзіне қамқорлық жасауы керек, содан кейін ғана өз қалауымен, өз ойындағыдай жақынға жасауы керек.
Негізі қыздарға қарағанда ұл балаларға көп еркіндік беріледі, ал қыздар қатаң бақылауда болады. Сондықтан кейбіреулер өз рұқсатынсыз ештеңе істей алмайтын, көбіне ата-ананың сөзі мен іс-әрекетіне сүйенетін тәрбиелі қыз өсірдік деп ойлайды. Бірақ мұндай қыз балалар өмірге бақытты болу үшін емес, өзгелерге қызмет ету үшін жаралғандай күй кешеді. Бұдан қалай арылуға болады?
Бала қай жаста болмасын оның күніне 1 сағат өзімен-өзі өткізетін, өзінің қалауын жасай алтын жеке уақыты болуы керек. Мектеп жасындағы балаларда бұл уақыт кемі екі сағатқа созылғаны дұрыс. Сол уақыт ішінде қызыңыз айна алдынан шықпай немесе музыка тыңдаса да ештеңе деп жекімеу керек.
Қыз баласына уақытынан ерте есеюге жол бермеген дұрыс
Әрбір бала барлық балалық даму кезеңдерін біртіндеп бастан өткеруі керек. Бұл табиғат заңы. Бірақ ұл балаларға қарағанда қыздар ерте жетіледі. Олар ересек өмірді көбірек аңсайды. Кішкентай кезден-ақ анасының біз өкшелі туфлиін, көйлегін киіп сәнденуге құмартады. Сондықтан осындай кезеңде әрбір ата-ана қызына барлығының уақытымен болатынын айтып отыруы керек.
Қыздың тәрбиесі үлкендерді сыйлау, дөрекілік көрсетпеу, таза жүру, жинақы киіну, өзін дұрыс ұстай білуінде. Қазіргі дамып бара жатқан заман ағымына ілесіп кетпей, әрбір нәзік жан өзінің инабаттылығы мен ибасын жоғалтпауы тиіс. Бүгінгі таңның қоғамына байланысты, бұл қасиеттерді бойында сақтап қалу қиынға соғады.
Қазақ халқы қыз баланы « жат жұрттық» дейді. Себебі, өсіп жетілгенде ол басқа үйге, яғни жарының отбасына барады. Сол үйдің түтінінің түзу шығуы әйел адамға байланысты. Ол өзінің көргенін, білгенін сол кезде қолданады, осыған қарап қаншалықты тәрбиеленгені көрінеді.
Э.Базарбаева,