​НЕКЕ үшін ҚАУІПТІ 4 БЕЛГІ

0
2 320

Қандай да бір пікірлеріңіз, армандарыңыз, сезімдеріңіз жайлы оған айтыңыз. Егер махаббаттың аздаған шоғы ғана маздап тұрса болғаны, араларыңызда қандай мұз болса да еріп кетеді.


​НЕКЕ үшін ҚАУІПТІ 4 БЕЛГІ

Ажырасу бірден болмайды, некелі адамдардың арасындағы алғашқы түсініспеушіліктерден ажырасып кетіпті дегенді естімейсіз. Яғни, бұл ұзақ жылдар бойы жалғасып, шегіне жеткен кезде ғана орын алатын айырылысу болмақ. Отбасылық өмірде өзара қарым-қатынасты бұзатын қауіпті белгілер бар, оларды дер кезінде аңғарып, дереу шара көру керек. Әйтпесе, күндердің күнінде қарым-қатынасқа сызат түскені былай тұрсын, шыны кеседей шырт етіп сына кетуі де ғажап емес.


Сондықтан, алдын алыңыз. Ол үшін неге мән беру керек?



1.Ерлі-зайыптылардың бірі ажырасу жөнінде көп ойлайды

Зерттеулер мынаны көрсетеді: отбасы бұзылып, ажырасуға мәжбүр болған жандардың сол кезден біраз уақыт бұрын ажырасу туралы ұдайы ойына ала берген. Ажырасу туралы ойлаған адам мәселені тек қана ажырасу жолымен ғана шеше аламыз деген ойдан басқаға мойын бұра алмай қалады. Және өзін осы жағдайға дайындайды. Әрине, мұның барлығы өзінің еркінен тыс болып жататын жағдайлар. Егер ажырасуды қаламасаңыз, бұл жөнінде ойлауды доғарыңыз! Егерде жұбыңыздың мұндай ойын сезіп қалсаңыз, дереу іске кірісіңіз. Оған ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың көп нәрседен мақұрым қалатынын, нені жоғалтатынын айта беріңіз. Нақты мысал ретінде көрсетіп берер адамыңыз болса, дәлелмен келтіріп бере аласыз. Өйткені, ажырасып кеткен жұптардың қай-қайсысы да бақытты емес. Сырттай бақытты кейіп танытуы мүмкін, бірақ, шындығында оның жан-дүниесінің қалай аласапыран күйге түсіп жатқандығын тек өзі ғана біледі.


2.Ортақ қызығушылықтарыңыз жоқ

Егер некелі одақтың бір-бірімен әңгімесі «қайырлы таң мен қайырлы түн» ғана болса, «тамақ ішесің бе?» деген сұрақтан аспаса, бір-біріңіздің ішкі жан-дүниелеріңізге үңілуді қаламасаңыздар, қуаныштарыңызға ортақтаспасаңыздар, әрине, мұның соңы ажырасудан басқа жолға апармайды.

Бұл мәселені, арадағы байланысты нығайтудың жолдар қандай? Отбасылық өмірде, ерлі-зайыптының арасында туындаған кез-келген мәселені шешу үшін әуелі мойындау керек, болып жатқан жағдайларға көну керек, сабыр сақтай білу керек...

Бір-біріңізбен ерлі-зайыпты ғана емес, дос та бола білгеніңіз жөн. Ішіндегі сырын, мазалап жүрген сұрақтың жауабын тыңдау үшін бір-біріңізге барынша ашылып сөйлесуіңіз мұндай жағдайдың алдын алады.

Өзіңізден бастаңыз, пікірлеріңіз, армандарыңыз, сезімдеріңіз жайлы оған айтыңыз. Егер махаббаттың аздаған шоғы ғана маздап тұрса болғаны, араларыңызда қандай мұз болса да еріп кетеді.



3. ТЕКЕТІРЕС

Мәміленің жоқтығынан да жаман нәрсе болуы мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?

Бар екен... Күн сайын қайталанатын, жәй ғана қайталанбай, күннен күнге өршелене түсетін ұрыстар. Егер сіз некелі жарыңызбен айқайлап, дауыс көтеріп сөйлеспей түсінісе алмасаңыз, некеңіз әрине, қауіп үстінде. Барлық жұптардың арасында болатын, бірақ, сондай бір кезеңдер туындап қалған жағдайда ғана «жанжалдасады», бұл отбасылық өмірдің ажырамас бір бөлшегі.

Бірақ, үнемі ұрыс-керіс шаңырағыңыздан кетпесе, әрине, ортасына түспегенде қайтсін?! Егер жағдайды өзгерткіңіз келсе, тағы да алдымен өзіңізден бастаңыз. Онымен ерегісіп «өзі бастады, бірінші ол кешірім сұрасын», «жанжалды ол көтеріп, мен неге кешірім сұрауы керек?» деп қырсыққаннан ештеңе өнбейді, керісінше, жағдай одан әрмен ушыға түсуі де мүмкін. Оның өзгеруін күткеннен гөрі, өзіңіз өзгеріп бастаңыз, құрмет көрсетіңіз. Содан кейін ол өз қылығына ұялатын болады.


4. Бос уақыттарыңызды бірге жоспарламайсыз

Егер сіз некелі жарыңызбен бірге көңілді уақыт өткізуден гөрі, жалғыз өзіңіз немесе досыңызбен т.б. басқа бір жерге баруды көздесеңіз, бұл да қауіпті белгі. Ерлі-зайыптылар бірге уақыт өткізбесе, бір істі бастағанда ақылдасып-кеңеспесе бір-бірінен біртіндеп суый бастайды. Бір-бірінен алшақтаған соң, әрине, бөгде адамдарға айналады. Сондықтан, бір-біріңізге арнайы уақыт бөліп тұрғандарыңыз жөн.


Жалпы алғанда, ажырасу жақсы іс емес. Ажырасқан жағдайда, тек ерлі-зайыптылар ғана емес, айналасындағы оған қатысы бар барлық туыстарына, жақындарына жағымсыз әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, ортада бала болса, ең көп зардап шегетін де бала болмақ. Әрине, өмір болған соң, бас қосқан ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүре алмайтын кездері де ұшырасып тұрады. Оған үлкендердің ақылы да, жанашыр жандардың жаны ашып, көмек бергені де көмектесе алмайды. Мұндайда әрине, олар үшін ең дұрыс жол екі бөлек жолмен кету.

Соған қарамастан, адам Алла-Тағаланың құзырындағы ең бағылы құндылық болған отбасын күші жеткенше сақтап қалуға әрекет етуі керек.
Ер адам әйелімен жұмсақ мәміле орнатуы, қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылуы және оны барлық артықшылықтарымен қоса, кемшіліктерін де қабылдауы тиіс.

«...Және әйелдеріңмен жақсы шығысыңдар. Егер оларды ұнатпайтын болсаңдар, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алла Тағала көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін» (Ниса сүресі, 19 аят).

Әйелдер күйеулеріне бағынуы және оларға құрмет көрсетуі ләзім:

«Еркектер; әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін- бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһер, нафақа береді.) Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектеріңде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында Алла өте жоғары, тым ірі» (Ниса сүресі, 34 аят).

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ЖАҚСЫ АНА болу үшін... (болашақ аналарға кеңес)


«ҰЛЫМДЫ СОЛАЙ ТӘРБИЕЛЕГЕН ӨЗІМ КІНӘЛІ»: Күйеубаланың қолына қараған әжейдің әңгімесі