​Үй шаруасына ЕПТІ бала есейгенде КӨПКЕ жетеді

0
5 831

Ал икемсіздер білімді болғанымен, сәтсіздікке көп ұрынатын көрінеді.


​Үй шаруасына ЕПТІ бала есейгенде КӨПКЕ жетеді

Баланы үй шаруасына ерте араластырып үйреткеннің берері қанша? Оның келешегіне, жеке тұлға болып қалыптасуына оң әсер ете ме әлде терісі басымырақ па?


Қазақта басқаныкінідей емес, әр отбасында кемі үш-төрт баладан. «Жан жей ме, жақ жей ме» демекші, отбасында адам саны көбейген сайын шаруаның да қатары артатыны сөзсіз. Басқасын былай қойғанда, жуылатын ыдыс пен киім, пісірілетін ас пен шашылатын бөлменің де саны артатыны рас. Бұған түзде жүрген еркектің басы қата қоймасы анық, барлығы әйелдің иығына артылады.

Мұндайда қолы үй шаруасынан, бала тәрбиесінен босамайтын ананың ең сенімді көмекшісі – ересек перзенттері. Кішілеріне қарайласудан бастап, үй шаруасының біразын атқарысатын баладан айналмайсың ба?

Десек те, осы «баланы жұмсауды» теріс көретіндер жоқ емес екен. Осы жағдайға орай мысалға көз жүгіртсек...


Қыздың тәрбиесі жайында сөз болғанда, жиында отырған таныс әйелдің айтқан сөзі еді.

«...Ата-енеммен тұратынмын. Дүниеге әкелген бес перзентімнің үлкен үшеуі басыбайлы ата-әжесінің балалары болды. Есейгенше мені жеңге деп таныған оларды менің жұмсауға хақым жоқ болатын. Үлкен екеуі қыз, үшіншім ұл бала. Қара шаңырақта тұру оңай емес, келімді-кетімді кісі көп. Жұмысым тағы бар. Үй шаруасына үлгермей жататын кезім көп болды. Сондайда өз қызымды өзімнің жұмсауыма енем жол бермейтін. «Күйеуге тигенде істейді, оған дейін мен тірі тұрғанда қыздарымды ешкім жұмсамайды, ана өз балаларыңды жұмса» деп... Ата-енем өмірден өткен соң сол екі қызымның да, ұлымның да шаруаға олақтығы өмірлеріне кесірін тигізді. Әсіресе, қыздарым тұрмысқа шыққанда құдағидың алдында қызарғаным көп болды...»

Мұндай мысал жеткілікті. Бұған да әркімнің айтар өз уәжі болса керек. Дегенмен, баланы үй шаруасына икемдеп, жұмсап үйретудің қаншалықты пайдасы көп екенін білсек, көп қателіктің алдын алар едік.


«Ыдыc жуамын» десе, меселін қайтармаңыз

Барлық бала 4-5 жастан бастап ата-анасы көмектескісі келеді. Қыз балалар ыдыс жуып, нан илеуге, дастархан жабдығын жасауға құмартса, ұлдар әкесінің қасында жүріп көлікті жөндеуге немесе малға шөп салуға ықылас білдіреді.

Осындайда «әрі тұр, әлі кішкентайсың» дегеннен гөрі «жарайсың, менің балам өсті, енді маған көмекші болуға жарады» деп арқасынан қағып, шамасы келетіндей шаруаға жұмсау – балаға деген сенім артудың арқасында оның жауапкершілікті түйсінуінің алғашқы баспалдағы болмақ.


Үй шаруасына икемді болу - түрлі курсқа қатысқаннан артық нәтиже береді

Көптеген ата-аналар мектеп бағдарламасы қиындығын айтып, баланы үй шаруасынан босатқысы келеді. Оның орнына түрлі курсқа қатыстырса, келешекте іскер де көпке өол жеткізе алатынына сенімді. Оның дұрыс жағы да бар, дегенмен кемшін тұсы да жетерлік. Баланы мүмкін болғанынша, үйдегі шаруалардың біріне (ыдыс жуу, үй жинау, бақша суару және т.б.) жауапты еткен жөн.


Мұның берері не?

Біріншіден, бала өзінің уақытын игеріп үйренеді. Сабақ пен курстан басқа да мойнында белгілі бір шаруасы бар екенін сезініп, оған уақыт табады.

Уақытты басқара білу - келешек білікті маман, табысты кәсіпкер үшін ең қажеттісі.


Екіншіден, бір мүшесі ретінде отбасына қосар үлесі бар екенін сезінеді. Мұндай сезім болашақта өзі де бір отбасының иесі болғанда жауапкершілік арқалай білуге септігін тигізеді.

(Үйленіп немесе тұрмысқа шықса да жауапкершілікті сезінбей қиындыққа ұшырап жатқандарды көргенде бұл кеңесті мақұлдасаңыз керек-ті).


Үшіншіден, баланың теріс ортаға бейімделуіне уақыты болмайды. Өйткені, оны үйде өзіне тиісті, сеніп тапсырылған шаруа күтіп тұр.

Бос уақыты көп, айналысар ісі жоқ балалардың басым көпшілігі компьютерлік ойын сияқты зиянды әдеттерге үйір келеді.


Төртіншіден, өзіне тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай етіп істеп үйренген сайын ол келесі бір істі де нәтижелі атқаруға тырысады. Сол шаруадағы қиындықтарды жеңген сайын өзіне деген сенімі арта түседі.

Ал ол есейгенде жолында кездесетін қиындықтарды жеңе білуге, жігері жасып қалмауына көп көмегін тигізеді.


Бесіншіден, үйдегі ұсақ-түйек шаруаны атқарып үйрену – келешекте үлкен істерді игеруге деген дайындық, жаттығу.

Мұндай жаттығуларды қазір кейбір ересектер ақша төлеп, тренингтерде үйреніп жатыр.


«Баланы жұмса да, артынан өзің бар»

Бұл сөзді баланың алдында ешқашан айтпағаныңыз дұрыс. Неге?

Ең алдымен, баланың меселін қайтарасыз. Жиі айтыла берсе, «дұрыс істемедім» деген ой баланың санасына сіңе береді де, өзіне сенімсіз бола бастайды. Содан кейін барып үй шаруасына деген қызығушылығы кеми береді. «Дұрыс істей алмаймын» деген оймен де кежегесі кейін тарта беруі мүмкін.

Бақшаны дұрыс суармады ма, су ішпей қалған көшеттердің не күй кешетінін айтып беріңіз. Ыдысты таза жумады ма, салақ болудың жаман әдетке айналатынын түсіндіріңіз. Соның өзі де жеткілікті.


Баланы жұмсау – қылмыс емес. Баланы үй шаруасына икемдеу –тәрбиенің ең бір маңызды тұсы.

12 маусымда әлем елдері Дүниежүзілік бала еңбегін пайдалануға қарсы күрес күнін атап өтеді. Әлбетте, баланы үйде жұмсау мен кәмелетке толмаған баланы ауыр жұмысқа мәжбүрлеудің арасы жер мен көктей.

Қандай жағдайлар бала еңбегін пайдалану болып табылады?

Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiн ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылығының дамуына зиян келтiруi мүмкiн жұмыстарда (ойын бизнесi, түнгi ойын-сауық мекемелерiндегi жұмыс, алкоголь өнiмдерiн, темекi бұйымдарын, есiрткi психотроптық заттарды өндiру, тасымалдау мен сату) қолдануға тыйым салынған.

Сонымен қатар, он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң өздерiне белгiленген шектi нормаларынан артық жүктердi тасуына және қозғалтуына тыйым салынады.

Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шарттары алдын ала мiндеттi медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады. Одан әрi қызметкерлер он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.


Ата-бабамызда дүниеге әр перзенті келген сайын еншісіне мал атап отырған жоралғының да бала тәрбиесінде ойып алар орны бар. Өз еншісіндегі малға бала ерекше ықыласпен қарайды, оның күтімін жасайды, қорғайды. Осылай-ақ бабаларымыздың баланы малсақ, епті де қамқор етіп тәрбиелей алуы көрегенділіктің тағы бір белгісі.

Есейгенде кез келген іске икемді болып, ұлыңыз сегіз қырлы, бір сырлы, қызыңыз үй шаруасын дөңгелетіп әкететін пысық та епті болғанын қаласаңыз, жастайынан баулығаныңыз жөн-ақ.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Баланы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚтан қорғау үшін ата-ана нені білу тиіс?

Жазғы демалысты балалар үшін КЕРЕМЕТ өткізудің үздік 3 тәсілі