Үйдің үлкенін де, кішісін де тәрбиелеудің ЕҢ ТИІМДІ ӘДІСІ

0
4 514

​Танысымның бұл оқиғасы кез келген ата-анаға сабақ әрі тәрбие боларлық...


 Үйдің үлкенін де, кішісін де тәрбиелеудің ЕҢ ТИІМДІ ӘДІСІ

Бала тәрбиесінде әркім түрлі әдіс-тәсіл ұсынып жатады. Біреу баланың әр қателігіне байланысты мысал әңгіме айтып беріп, түсіндіру арқылы тәрбиелеген дұрыс десе, тағы біреу жазалап отыру керек дейді. Меніңше, нәтижелі тәрбие – іс-әрекет арқылы, яғни үлгі болып тәрбиелеу.


Мұнда сөз де, мысал да, мақал-мәтел де айтпайсың, жақсы үлгі боларлық іс-әрекет жасайсың. Бұл тәрбие түрі кішіні ғана емес, үлкенді де тәрбиелейді. Яғни, ата-ана өзін тәрбиелей отырып, балаларын тәрбиелейді. Осылай үйдің үлкені де, кішісі де тәрбиелі болады.


Түсінікті болу үшін, бір танысымның айтып берген ой саларлық әңгімесін келтірейін. Әрине, бұл оқиғада үлкендерге кішкентай бала үлгі бола білген. Сонымен танысым автобустардың бірінде куә болған оқиғасын былай баяндап берген еді:

«Қаланың шетінде тұрамын. Бір ғана автобус жүреді. Ұзақ күттім. Күздің суығына қарамай бас киімсіз шыққан едім, екі құлағым қызарып, тоңып қалған мен қоғамдық көлікке асығыс мініп, бос орынға жайғаса кеттім.

Барар жерім 10-15 аялдамалық. Ұйықтап алуға да болады. Күртешемнің жағасын көтеріп, орындыққа басымды сүйедім. Терезеден түскен күннің сәулесі маужыратып, автобус тербеп көзім жұмылып енді бір тәтті күйге бөленіп бара жатыр едім, баланың жылаған дауысы бәрін бұзды.

Көзімді ашсам, дәл алдымдағы орындықта шамамен 4-5 жасар бала аңырап жылап отыр. «Мама... мама...» деп, теріс қарап отырған анасын түрткілеп, қолынан тартып қояды арасында. Жас келіншек терезеден сыртқа қараған күйі мізбақпай отыр. Баласына бұрылып та қарамады. Бала тоқтаусыз жылап жатыр. Ана жүрегі қалайша шыдап отыр екен, мұндай жайбарақат ананы бірінші рет көруім.

Оның үстіне келіншек өз көлігінде немесе үйінде емес қой, шаршаған соң бала өзі-ақ жылағанын қояды дейтін. Қоғамдық көлікте неге басқалардың мазасын алуы керек? Жан-жағыма қарадым. Автобуста адам көп. Бірақ бәрі анау баланың анасы секілді жайбарақат, жылаған дауыс түк әсер етіп жатқан жоқ оларға.

Баланың дауысы ашуыма тисе, жолаушылардың үнсіз отырғаны зығырданымды қайнатты. «Әй, балаңды жұбатсайшы» дейтін ешкім жоқ па?» дей жаздадым. Өзім айтайын десем, менен үлкен ағалар, үлкен апалар отыр. Мүмкін жастардың бірі айтыпсалар деп, артыма бұрылдым. Бәрі құлаққап киіп алған ба, ешқайсысы баланың жылаған дауысын елеп жатқан жоқ.

Шыдамым таусылып, балаға да, анасына да ұрыспақ боп аузымды аша бергенім сол еді, терезеден көз алмай отырған келіншек жалт бұрылды. Селк ете қалдым.

Иә, ол маған емес, баласына бұрылып қарады да, екі қолын көтеріп «Жапшы аузыңды, жапшы. Не керек саған? Үніңді өшір деймін. Жүйкемді тоздырып бітетін болдың ғой. Болды, жап деймін аузыңды. Көргім келмейді сені» деп тістене сөйлеп, төне түсті. Бала дауысын сап тыйды және анасының көздеріне қараған күйі «қатты» да қалды. Бала дірілдеп отырған секілді, әлде автобус па? Дірілдемей қайтсін, ол түгілі 40-тағы мен қорқып кеттім.

Анасының дауысы қандай қатқыл әрі ащы болса, көздері де сондай қатігез әрі қорқынышты еді. Ол да баласының көзіне біраз қарап отырды да «Түрің құрсын» деп, басын бұрып, қайтадан терезеден сыртқа телмірді. Дауысымды шығармастан, іштей «Өзіңнің түрің құрсын. Осындайда ұсқынсыз, сүйкімсіз әйел болады екен-ау» деп күмбірледім.

Расында, тартымсыз, жаман боп көрінді көзіме. Ал, бала сол күйі қозғалыссыз отыр. Баланы аяп кеттім. Әлгінде баланың жылаған дауысы құлағыма түрпідей тиіп, оны ұнатпай отырсам, енді керісінше, «Бала қорыққаннан тілін жұтып қоймады ма екен? Неге жыламай жатыр? Сөйлесейші» деймін іштей. Уайымдай бастадым.

Бұл көріністі менен басқалар да көріп отырғаны анық. Бірақ, автобус іші тола адам тағы да үнсіз қалды. Анау отырған үлкен апайлар «Қандай анасың?» деп жас келіншекке ұрысып, ақылын айтса қайтеді? Тағы да жан-жағыма бұрылып, барлық жолаушыға кезек-кезек қарап шықтым. Бәрі жайбарақат.

Балаға қарап отыра беріп көзім талып кетті, ал оның мойны қалай талмай отыр екен. Анасына ашуым келгені соншалықты, екі қолыммен оның басын жұлқи бұрып баласына қаратқым келді. Іштей өз-өзіме «Ұстамды бол, ашуыңды бас» деп, терең-терең тыныс алып, жүйкемді тыныштандырмақ болып көзімді жұмдым. Басыма қатты бірнәрсе тиді де медитациямды бұзды. Алдағы аялдамадан түсуге дайындалып орнынан тұрып есікке қарай жылжып бара жатқан жас жігіттің сөмкесі екен басыма тиген. Үстіне киген киіміне қарағанда студент. Көпшілік ортада неге адамдар айналасында басқалардың да бар екенін ойламайды. Ашуым енді қайта бастағанда басыма тиген сөмке ақырып тұрған ашуды кері шақырды. «Абайламайсың ба?» деп айтпақ болдым. Мұндайларға ескертіп айту керек деп, сөзімді дайындап айтуға ұмтыла бергенім сол, жігіт қалтасынан екі шоколад шығарып кішкентай балаға созды. «Бұл саған, ал» деп жұмсақ сөйледі. Анасына қарап тапжылмай отырған бала басын бұрып күлімсіреп шоколадты алды. Жас жігіттің мынау әрекетінен соң ашуым қашып кеткендей, аузымнан шығайын деп тұрған ащы сөздерімнің қайда кеткенін таппай қалдым.

Студент жігіт автобустан түсіп кеткен соң кішкентай бала анасын түртті. Бұрылмады. Екінші рет түрткенде де анасы басын бұрмады. Бала да қайтпайды екен, үшінші рет тағы түртті анасын. «Не керек саған?» деп, көзімен де, сөзімен де ызғар шашып бұрылған келіншек баласының ұсынған шоколадын көрді де абдырап қалды. Жүзіндегі мұз еріп сала бергендей көздері де, сөздері жылып, баяу ғана «жемеймін» деді. Бала үндеместен, анасының алақанын ашты да ұстатты. Шоколадты баласына қайта ұстатқан келіншек «Өзің жей бер. Мен жемеймін» деді де, терезеге бұрылды. Басқа бала осы сәтте шоколадты өзі жеп қояр ма еді?! Ал, бұл бала енді екі шоколадты да анасының тізесінің үстіне қойды. «Балам, рас айтамын, жегім келіп тұрған жоқ» деген келіншек ұлының басынан сипап, оны өзіне қарай тартып құшақтады. Баласы да анасын құшақтады. Бір уақытта баласы анасының құлағына бір нәрсені айтып сыбырлады. Анасы күліп, оны одан сайын құшақтай түсті.

Келіншектің күлгені де, баласының маңдайынан сүйгені де неткен сұлу еді. Көздері де мөлдіреп тұр.

Өзімді түсіне алмай отырмын. Бірер минут бұрын көзіме құбыжықтай көрінген келіншек енді әдемі боп сұлуланып кетті. Ал, жылап есімді шығарған кішкентай бала көз алдымда есейіп кеткендей күй кештім. Таңдана қарап отырмын оған.

Қалай таңданбайын? Қатал, қатігез келіншекті бір сәтте-ақ жуасытып, мейірімді анаға айналдырды. Анасы ашуланды, айқайлады, ұрысты, жекірді, зекіді, бірақ кішкентай бала сөйлемей-ақ оның осы эмоцияларын жеңе білді, жоя білді. Кішкентай балаға риза болдым, ал өзімнің әрекетімнен ұялдым.

Кішкентай бала маған бұрылып қарағанда ұялғанымнан көздерімді терезеге бұрып әкеттім.

Ашудан өзімді басқара алмай отырған менің денем қайтадан маужырап, басымды шалқалатып орындыққа сүйедім. Ұйқым келді, бірақ автобус мен түсетін аялдамаға жетіп қалыпты.

Жетектескен ана мен бала да түсті. Олар бірдеңелерді айтып сықылықтап күліп кетіп бара жатты.

Үйге жеткенше өзімнің ақымақтығымды қайта-қайта еске алумен болдым. Орнымнан тұрып жас келіншектің басын жұлқи баласына қаратқым келді. «Қандай анасың?» деп ұрыспақ болдым. Тіпті, кішкентай баланы да жекіп, «Доғаршы, жылай бермеші» демек те болдым ғой. Солай еткенімде не болар еді?

Әрине, солай еткенімде, әрекеттерімнен түк те шықпайтын еді. Баланың жылағанын үдетпесем, қойдыра алмас едім. Әйелдің де реакциясын өзгерте алмайтыным анық еді.

Студент жігіттің әрекетін еске алып, жасым 40-тан асса да өзімнің әлі бала екенімді мойындадым. Студент жігіт пен кішкентай бала менен әлдеқайда ақылды екен.

Автобустағы осы бір көрініс менің жадымда жатталып қалды. Арада он шақты жыл өтсе де ұмытпадым. Ұмытпадым, бірақ ол оқиғаның сабағын, тәрбиесін түсіну үшін маған ұзақ уақыт керек болды.

Иә, кішкентай баладан үйренгенімді тәжірибеде талай рет қолданып көргеннен соң ғана үлгі болу арқылы және күшсіз-ақ адам жүрегіне жол табуға, оның қателігін ұқтыруға, ұялтуға болатынын түсіндім. Сөзден гөрі үлгі болу арқылы адамды өзгерту, түзеу оңайырақ сияқты...»


Танысымның бұл оқиғасы кез келген ата-анаға сабақ боларлық. Тәрбиелеуде сөз әсер етпей жатса, онда іске көшіңіз. Өз іс-әрекетіңізбен үлгі бола біліңіз. Үлгі болу арқылы тәрбиелеу адамға сөзбен түсіндіре алмағаныңызды оңай ұқтыратынына сенемін.

Ал, оқырман сіздің өміріңізде осындай өзгеге сабақ боларлық, ой саларлық қандай оқиға болып еді? Бөлісе отырыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


Оқу үлгерімі нашар балаға НЕГЕ шахмат ойынын үйрету керек?

Бала тәрбиесінде ҚАТАЛ болған дұрыс па, әлде ЖҰМСАҚ па?