Өтпелі кезеңнен барлық адам өтеді. Сондықтан, өз балаңыздың бойынан түсініксіз мінез-құлықты, сізге ұнамсыз қылықтарын көрсеңіз, сабыр сақтаңыз. Өйткені, бұл ӨТПЕЛІ кезең. Баланың ыңғайына жығыла отырып, оған өз ойыңыздағыны жасатуға болады. Ол үшін ақыл мен шыдам керек.
фото: dadandmom.ru
Жасөспірім кезеңдегі бала тәрбиесінде ата-ана мұқият болуы керек. Өйткені, жасөспірім шақтағы ұл-қыздың жан-дүниесіндегі өзгерістерге дер кезінде көңіл қойып, онымен сырлас болуды қажет етеді.
Жасы 12-ге толған ұл бала өзін ересек сезініп, 15-16 жасқа дейін ата-анасымен арасында түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Ұл бала ата-анасының айтқанын тыңдамаса, ол өзін ақылды деп сезінеді. Ата-анасының бала кезінен бері айтып келе жатқан ақылдарын қабылдамайды. Сондықтан, ең дұрысы, мұндай кезеңде ұлыңызбен қатар құрдас секілді сөйлесіңіз. Оның жан-дүниесіндегі өзгерістерді ең алдымен ана байқаса, әкенің рөлі осындай кезде қажет болады.
*Әке ер жетіп келе жатқан ұлымен ақылдасып, оның пікірімен санасып отырса, бала өзін керексіз сезінбейді.
Байқасаңыздар, өзін ересектер қатарына жатқызатын баланың бойында үлкендерге еліктеушілік басым болады. Сонымен қатар, бала айналасына басқаша көзқараспен қарай бастайды. Жаман әдеттерге де үйір болуы осы кезден басталады. Сән қуамын деп өзіне жарасымсыз киімдерге де әуес келуі мүмкін. Айна алдында айналшықтап, сыртқы келбетінен де мін іздеп, өз-өзіне көңілі толмаушылық та байқалады мұндай кезеңде. Бұл өтпелі кезеңде жасөспірімнің жалғыз қалуына болмайды. Әрине, ата-анасынан қолдау таппаған, түсініспеген бала түрлі жаман әдеттерге міндетті түрде бас ұрады. Ол өзін не бала санатына, не жігіттік шаққа жеткенін түсіне алмай, әрі-сәрі күйге түсіп, өзін қоғамға жат, керексіз адам сезінуі мүмкін. Бала бойындағы өзгерістер де осы мәселелерден келіп туындайды.
Өзінің ішкі мені қалыптасып, «барлығын өзім жасай аламын, менің ақыл-ойым жетілді, мен барлығын өзім шеше аламын» деген ойға тірелген бала мен оның ата-анасының арасындағы «қақтығыс» осы кезеңде белең алады. Ақылын айтып, бағыт-бағдар көрсеткен ата-анасының ойы баланың көңілінен шықпайды. Ол қырсығып, тіл алмайды немесе бүк түсіп, өзімен-өзі оңаша қалғысы келеді.
Білім ордасында сыныптастарымен де жиі сөзге келіп немесе төбелесіп қалуы да мүмкін. Мұғалімдерін де шаршатып, білімге деген қызығушылығы мен талпынысы төмендеп кету ықтималдылығы да жоғары.
Өтпелі кезеңнен барлық адам өтеді. Сондықтан, өз балаңыздың бойынан түсініксіз мінез-құлықты, сізге ұнамсыз қылықтарын көрсеңіз, сабыр сақтаңыз. Өйткені, бұл ӨТПЕЛІ кезең. Баланың ыңғайына жығыла отырып, оған өз ойыңыздағыны жасатуға болады. Ол үшін ақыл мен шыдам керек.
Сіздің «қулығыңызға» да пысқырмайтын болса, тек қана қадағалауды керек етеді. Бірақ, кейде бала мұндай «қадағалауды», яғни, ата-анасының қыспаққа алып, жүрген-тұрғанынан есеп алуы да баланың мінезін одан сайын қиындатып жіберуі мүмкін. Балаға мейлінше сездірмеңіз. Өйткені, оған еркіндік қажет. Еркіндік беріңіз, бірақ, еркінсітпеңіз. Шектен шығуына жол бермеңіз.
Егер ойына алғаны бар болса, жасап көруіне де мүмкіндік беріңіз. Алайда, тағы да айтарымыз, қадағалаусыз болмасын. Өтпелі кезеңнен өтіп, жан-дүниесі тыныштыққа кенелетін уақытты сабырмен күтіңіз. Оған дейін балаға шектен тыс қысым көрсете көрмеңіз. Өйткені, бала өзі тәжірибе арттырып, өмір сүруге дағдылануы тиіс.
Егер осы сәттен абыроймен өтіп, ұлыңыздың жанын түсіне алсаңыз, ары қарай қалыптасуына кедергілер килікпейді.
Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА