Туризм саласының негізгі индикаторлары алдыңғы жылдармен салыстырғанда өскен.
Өткен жылы Қ.А.Яссауи кесенесіне келген келушілер саны 1,5 миллионды құрады. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 5 млн-ға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мейіржан Иябайұлы туризм саласының негізгі индикаторлары алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсіп жатқанын айтты.
«2019 жылдың 11 айында орналастыру және тамақтану орындарына тартылған инвестиция көлемі 13 млрд. тг. құрап, республикада үздік үштікке кіріп отырмыз. Түркістан-Отырар бағытында тарихи-мәдени, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру, Түлкібас, Төлеби аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы облыста 168 қонақ үй, 51 шипажай, 60 демалыс базасы қызмет көрсетеді. Экологиялық, тарихи-танымдық туризм бағытында 57 туристік маршрут әзірленген. Биыл 20 орналастыру орындарын ашу жоспарлануда. Олардың қатарында 8 қонақ үй жаңадан іске қосылса, 7 қонақ үй қайта жөндеуден өткізіледі. 5 емдік-сауықтыру орны ашылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында орналастыру орындарын халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін қонақ үйлер күрделі жөндеуде өткізілуде.
Қазіргі таңда, Түркістан қаласында туристерге толық ақпарат ұсынатын «Визит орталықтың», «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығының», халықаралық әуежайдың, «Яссауи мұражайының» және т.б. нысандардың құрылысы жүргізілуде.