Алматылық әйел түркістандық 10 сатушының алтын тауарын ұрлап кеткен

0
1 038

Күдікті өзінің жымысқы әрекетін сатушылардың көзінше жасаған.


Алматылық әйел түркістандық 10 сатушының алтын тауарын ұрлап кеткен

Түркістандық полицейлері сауда орнынан 10 сатушының алтын бұйымдарын көз алдында жымқырып кеткен күдікті әйелді ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласының орталық базарында алтын сатумен айналысатын бірнеше жеке кәсіпкер әйел алтын сатып алуға келген белгісіз әйел өзінің арам ойын іске асырып әрқайсысынан қолына ілінген алтындарын жымқырып кеткенін айтып қалалық полиция басқармасына арызданған. Ұрланған заттардың жалпы сомасы 1,5 миллион теңгені құрады.

Тез арада іздеу нәтижесінде тәртіп сақшылары 1 сағат ішінде күдіктіні базардан ұстады. Тергеу барысында күдіктінің Алматы облысының тұрғыны екені және ол Түркістанға ұрлық жасау мақсатында келгені анықталды.

Күдікті орталық базардың алтын сататын орнынан сатушыларды сөзге айналдырып, білдіртпей алтындарды қалтасына салып алған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіден айғақты зат ретінде 10 жәбірленушінің алтын бұйымдары табылып, тәркіленіп алынды.

Күдікті әйелдің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер тез арада күдіктіні құрықтап, жоғалған алтындарын тауып берген тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді.