Азаматтары еңбексүйгіш, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Отырар өңірі Тәуелсіздігіміздің 27 жылында тұрақты даму жолына түсіп, еліміздің ілгері басуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Бүгін Түркістан облысы, Отырар ауданында «Алтын күз» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар ауданы әкімдігінің ресми парақшасына сілтеме жасап.
Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов барша ауыл шаруашылық саласының мамандарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
- Еліміз егемендігін алғаннан кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің ауыл шарушылығы саласы өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі мереке аяында өтіп жатқан ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мен тарату, ауданымыздың табиғи байлықтарын насихаттау т.б. қызметтер атқаратын жүйелі орынға айналып отыр. Бұған ауыл еңбеккерлерінің сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан да барша аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Алтын-күз 2018» құттықтай отырып, аудан қорын ауыл шаруашылық өнімдеріне толтыра беріңіздер дегім келеді", -деді аудан әкімі өз сөзінде.
Шаруа шаттанып, дихан рухани күш-қуат алған мерекеде сан саланың үздіктері марапатталып, ширек ғасырда жеткен жетістіктер мақтанышпен айтылды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан көркемөнерпаздары шаруа шаттығын еселеп, әсем ән, тәтті күймен көптің көңілін көтерді.