Арыс қаласына жақын маңдағы штаб пен уақытша қабылдау орны тәулік бойы жұмыс істеуде

0
1 229

Уақытша қабылдау пунктінде арнайы әскери палаткалар орнатылған.


Арыс қаласына жақын маңдағы штаб пен уақытша қабылдау орны тәулік бойы жұмыс істеуде

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы "Таукехан" атындағы жалпы орта мектебінде Арыс қаласынан зардап шеккен азаматтарды уақытша қабылдау пункті өз жұмысын жасауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Онда бүгінде 89 адамға көмек көрсетіліп жатыр. Уақытша қабылдау пунктінде арнайы әскери палаткалар орнатылған. Сондай-ақ жататын орындар ұйымдастырылған бұр жерде төсек-орындар толығымен қамтылған. Сонымен қатар, киім-кешектер мен азық-түліктер жеткізілуде. Арнайы психолог мамандар, медицина қызметкерлері де өз қызметтерін көрсетіп жатыр.

"Бүгінде келген азаматтарға 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілуде. Алғашқы күні Төлеби ауданы 150 адамға лайықтап дайындықпен келген болатынбыз. Бүгінде 300-ге жуық суымыз бар, қазір тамағымыз 3 күнге жетеді. Қажет болған жағдайда кез келген уақытта жеткізілетін болады", - дейді аталған пунктке келіп көмек көрсетіп жүрген Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданы Ақжол ауылында орналасқан Жамбыл атындағы мектепте де арнайы штаб жұмыс істеуде.

Штабта қазір ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыс прокуроры Н.Әбдіров, аудан, департамент, басқарма басшылары бар. Сондай-ақ, полиция, қорғаныс, БАҚ қызметкерлерінен құралған топ тәулік бойы штабта жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласындағы 3 орында жиналу пункттері ашылған болатын. Ақдала, 41 разъезд және Водозабор деп аталатын аумақтарға жиналған тұрғындарды әскери көліктер мен автобустар қауіпсіз аймақтарға көшіріп үлгерді. Жалпы саны эвакуациялау жұмыстарына 100-ден астам көлік жұмылдырылып отыр.

Қала аумағын тәулік бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетуде.