Арыс маңында жарылыс болып, әскери қызметші қаза тапты

0
2 029

Қайғылы оқиға арнайы жабдықталған полигон аумағында орын алған.


Арыс маңында жарылыс болып, әскери қызметші қаза тапты

Бүгін Арыс қаласы маңында оқ-дәрі жарылып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

11 қазанда арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) жиналған оқ-дәрі фрагменттерін жою кезінде оқ-дәріге уақытынан бұрын детонация жасалған. Салдарынан топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А. С. Ақышев ауыр жарақат алып қаза тапты.

«Оқиға орнынан жеткен ақпаратқа сәйкес, жұмыс қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілді. Орын алған оқиғаның нақты себебі мен салдары анықталуда. Арнайы тергеу тобы жұмыс жасап жатыр. Бұл жағдай полигонға жақын орналасқан қала тұрғындарына қауіп төндірмейді, өңірде үздіксіз бақылау жүргізілуде» делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшінің туыстары мен достарына көңіл айтады және оларға барлық қажетті көмекті көрсетеді.