​Арыстанбаб кесенесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді

0
2 993

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кесененің айналасы абаттандырылып, зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасалды.


​Арыстанбаб кесенесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді

фото uko-expedition.kz

ERNUR.KZ.Түркістан облысындағы Арыстанбаб кесенесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кесененің айналасы абаттандырылып, зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің мәліметінше, кесенені қалпына келтіру жұмыстары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылуда. «Қазқайтажаңғырту» мекемесі тарихи-мәдени орынды қайта жаңғыртып, бірқатар жөндеу жұмыстарын атқарды.

Айта кетейік, өткен жылы да аталған мекеме Арыстанбаб кесенесіне толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Атап айтар болсақ, кесененің намазхана бөлмесінің төбе жабындысы қайта аршылып, қамыс салынды. Үстінен темір жабындымен қапталып, едендердің астына суықты және суды өткізбеу үшін гидрооқшау орнатылған еді. Сонымен қатар есіктер ауыстырылып, ғимараттың ішкі қабырғалары әрленді.

Еске салайық, Көне Отырар жеріндегі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың кесенесі ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің туындысы. Кесене Арыстан баб өмірден озғаннан соң көп уақыт өтпей тұрғызылған. Құрылысқа күйдірілген қыштар пайдаланылған. Уақыт өте келе құрылыс құлап, жермен-жексен болған-ды. Кейіннен Әмір Темірдің ықпалымен XIV-XV ғғ. аралығында Арыстан баб қабірі үстіне қайта тұрғызылды. Республикалық дәрежеде қорғалатын ескерткіштің жәй-күйі әрдайым бақылауда ұсталып, қажет жағдайда кесенеге жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады.