​«Байланысы жоқ ауыл»: ОҚО-дағы тұтастай бір ауыл халқы билікке ренжулі

0
3 761

ОҚО, Бәйдібек ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғындары ұялы телефонмен сөйлесу үшін қырға шығып отыруға мәжбүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


​«Байланысы жоқ ауыл»: ОҚО-дағы тұтастай бір ауыл халқы билікке ренжулі

ОҚО, Бәйдібек ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғындары ұялы телефонмен сөйлесу үшін қырға шығып отыруға мәжбүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бәйдібек ауданының түкпірінде орналасқан Сарыбұлақ ауылының тұрғындары қаладағы баласымен, алыстағы ағайынмен хабарласу үшін жаздың шыжыған ыстығында, көктем мен күздің жел мен жаңбыры, қыстың қақаған аязы мен боранында ауыл сыртындағы қырға шығып сөйлесуге мәжбүр. Оған себеп – ауыл ішінде ұялы байланыстың мүлде ұстамайтындығы.

Расында ауыл іргесінде төбе басынан түсетін жолға қойылған «Сарыбұлақ» деп жазылған қақпадан түскен соң-ақ ұялы байланыс мүлде жоғалады. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқан заманында бүтіндей ауылдың ұялы байланыссыз, интернетсіз отыруы ауыл тұрғындарының шамына әбден тиген.

Мемлекетіміздің әрбір тұрғынының өмір деңгейін жоғарылатуды көздеген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бұл ауылға әлі жетпегендігі байқалады. Ел болып үміт артып отырған ауыл жастары кеш болса ауыл айналасындағы төбелерге барып жайғасатын көрінеді. Басқа аудандағы замандастары сияқты олар да интернетке қол жеткізіп, мобилді байланыстың қызығын көргісі келеді.

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Қайсар Нұриддинұлы бұл жайында ашына айтып берді:

- Интернетті пайдалану үшін тек қырға шығамыз. Сонда ғана ұстайды. Ауылда ұстамайды. Мал ұрлығы немесе басқа да жағдайларда хабарласа алмаймыз. Полицияға дер кезінде хабарлау үшін қырға жүгіруің керек. Осындай оқыс оқиғалар болған жағдайда байланыс болмағандықтан уақытында хабарласа алмай қаламыз. Аудан әкіміне айтқанбыз, шағымдандық та. «2020 жылға дейін болады» дейді.

Түнде шаруадан босаған балаларымыздың барлығы қырға шығып кетеді, таппай қаламыз. Сол интернет үшін. Ауылдың ішінде ұстамайтын болған соң айнала қырға шығып отырады. Түнде бір ауылдың айналасына жұлдыз қонған секілді көрінеді. Телефонның жарығы жылт-жылт етіп қыр басынан көрініп тұрады. Болмаса сонау ауылдың басындағы мектептің жанына барады. Мектепке деп кіргізіп қойған, ол да болса әлсіз. Соның вай-файын пайдалануға барады. Өзім қарауылмын мектепте. Бірдеңе бүлдіріп қоя ма деп мен қуамын, олар жалынады. Сосын қырға шығып кетеді.

Депутаттарымыз да «міне, болды, істеп береміз» деп кетеді. Бәрі тек уәде береді. Қанша жыл болды уәде беріп келе жатқанына?!

Өлім-жітім болады ел болған соң... Сол кезде хабарласа алмаймыз. Баланы жүгіртеміз, амал жоқ. Ескі мектептің тұсында әлсіз ғана байланыс бар. Сонау ауылдың басынан осы жерге келіп сөйлесетіндер де бар.

Осылай түкпірде қалып отыра береміз бе? Ауылда не байланыс болмаса, не интернет болмаса жастарды ауылда қалай ұстап қаламыз?, - деді ол.

Бұл мәселеге қатысты Бәйдібек ауданы әкімінен қандай да бір пікір алмақ болып бірнеше рет хабарласқанымызда алған жауабымыз – «ол жиналыста» болды.