"Басыма тапанша тақаған" - Жетісайдағы үш қыздың туған анасы оларды неге тастап кеткенін айтты (видео)

0
10 771

Жетісайда өгей шешесінен қорлық көрген үш қыздың туған анасы өз шындығын айтты.


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жетісай ауданында өгей шешесінен қорлық көрген қыздардың туған анасы заңгер, әлеуметтік желі белсендісі Айгүл Орынбекке өз шындығын айтып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Заңгер Айгүл Орынбек өзінің "фэйсбуктағы" парақшасында тікелей эфирге шығып, өгей анасынан қорлық көрген апалы-сіңлілі үш қыздың туған анасынан сұхбат алды. Өзін Жұлдыз деп таныстарған қыздардың анасы тікелей эфирде, қыздарын тастап кетпегенін, оны күйеуі үйінен қуып шыққанын айтады.

Ол қыздардың әкесімен 2002 жылы отау құрған. Күйеуі 2006 жылы деструктивті діни ағымның ішінде сәләфиттік бағытты ұстана бастапты.


"Менің дінімде жүресің, ағаларыңмен араласпайсың деп ешкіммен араластырмайды. Үйге әр жұмада сақалдылар жамағат болып жиналады. Мені қыздарыммен бір бөлмеге қамап қоятын. Өзім қарсы алып, өзім шығарып саламын дейтін. Олардың діндерінде әйелдерін көрсетпейді екен бір-біріне", - дейді қыздардың туған анасы Жұлдыз.

Жұлдыздың айтуына қарағанда, қыздардың әкесі оған дөрекі сөйлеп, балағаттаған екен. Әр ісіне көңілі толмай жанжал шығарып, қол жұмсаған да көрінеді. Тіпті қыздарын да ұрған. Ағайын-туыстарын жамағатпен атып кететінін айтып қоқан-лоққы көрсеткен. Жұлдыздың өзін де "поляға" апарып басына тапанша қойып қорқытқан көрінеді.

Заңгердің "қашан ажырастыңыз, неге қыздарды тастап кеттіңіз?" деген сұрағына Жұлдыз: "Мен тастап кеткен жоқпын қыздарды. Мені мәжбүрледі. Мені үйден қуып шықты. Ұра бергеннен кейін..." - деп жауап берді.