Еріктілер мен жастардың бастамаларымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмек керуендері Мақтаарал ауданына толассыз келіп жатыр.
2020 жылы 2 мамырда төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Жамбыл ауылдық округі, №36 жалпы орта мектеп базасында Түркістан облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еріктілер штабына Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы директоры Амалбек Өміртай жетекшілік етеді. Штаб комиссиясы құрамына Мақтарал ауданы жастар ресурстық орталығы басшысы Сүндет Кенжебаев, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман, Ахмет пен Ықылас және Олжас Мамыр, Азат Дидарбек, Айгерім Айтаханова сияқты т.б. белсенділер бар.
Еріктілер штабының негізгі мақсаты – техногендік апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру, қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі жүзеге асыру мен еріктілердің жоғарғы үлгілік мәдениеттін сақтай отырып, көмекке мұқтаждардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағына, еріктілер мен жастардың бастамаларымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмек керуендері Мақтаарал ауданына толассыз келіп жатыр. Жалпы, Мақтаарал ауданына келген гуманитарлық көмектің көлемі 500 мың тоннадан астам. Облыстық әкімдік пен волонтерлық штаб жанынан құрылған қоймаларда жинақталған азық-түлік, тұрмыстық заттар т.б. гуманитарлық материалдық көмектерді түсіру-тиеу, сондай-ақ эвакуациялық пунктерге шоғырланған тұрғындарға барынша ыңғайлы жағдай жасау – волонтерлардың басты міндетіне жатады.
«Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы құрамында төтенше жағдайдың бастапқы күндері, тоғандар мен дамбылар жасауға жұмылдырылған адамдармен қоса есептегенде 500-ге жуық волонтерлар қызмет етсе, бүгінгі таңда тұрақты түрде жұмыс жасайтын 100-ге жуық ерікті бар. Оның ішінде 25 ерікті орталық қоймадағы жұмыстарға жұмылдырылса, 15-ке жуығы штаб қоймасында, 20-дан астам ерікті үлестіру-тасымалдау жұмыстарына тартылған. Сонымен қатар барлық эвакуациялық орталықтарда, түрлі бағыттар бойынша еріктілер қызмет көрсетеді.
Бүгінгі күнге дейін эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға үш мезгіл ыстық тамақ (ауызашар) ұйымдастырылып, короновирус індетінің таралуын алдын алу бойынша сақтық шаралары жолға қойылған. Волонтерлардың көмегімен 20000-нан астам бетперделер мен антисептикалық құралдар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар, жасөспірімдер мен балалардың қорқынышын сейілтіп, жақсы өмірге үмітін арттыру мақсатында ерікті психологтар арнайы тренингтер мен ойындар өткізуді жалғастырады.
Зардап шеккен тұрғындардың кейбірі, түрлі себептерге байланысты арнайы эвапункттерден бөлек өз туыстары мен жақындарының үйлеріне орналасқан. Осы ретте, «Біргеміз, Мақтарал» штабының эвакуациялық орталықтарға қоныстанбаған тұрғындарға азық-түлік пен қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету үшін мекенжайлық көмек көрсету үлгісі бойынша қызмет көрсетеді. Он күн ішінде «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы 1100-ден астам тұрғынға, 150 отбасыға 50 тоннаға жуық азық-түлік, қажетті киім-кешек, құрал-сайман, тұрмыстық, жеке гигиеналық заттармен жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетті.
Айта кетейік, 2020 жылы 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба су қоймасындағы дамбаның бір бөлігін су шайып кетті. Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара маңына жақын бірнеше ауыл су астында қалып, өңірде төтенше жағдай жарияланды.
Алғашқы күндері 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланса, нақты 5 елді мекен - Жаңа Тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған болатын.