Ел спортшылары Түркістандағы ескек есу базасында жаттығады

0
671

Бұл жобаға республикалық деңгейде көңіл бөлініп отыр.


Ел спортшылары Түркістандағы ескек есу базасында жаттығады

Мамыр айында Түркістандағы ескек есу каналы мен «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығына су жіберіліп, тексеруден өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында су спорты түрлерімен айналысатын және жағажай туризміне қызығатын азаматтар үшін қуанышты сәт жақындап келеді. Мамыр айында Түркістанда салынып жатқан ескек есу каналы мен «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығына су жіберіліп, тексеруден өткізілмек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған құрылыс нысандарына барып, жұмыс барысымен, қазіргі жай-күйімен танысты.


«Түркістанға ағын су жеткізу жолдары табылып, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Ескек есу каналы су спортын дамытуға тың серпін береді. Өңірде ескек есу спортынан мықты команда бар. Қазақтың жастары Түркістанда шеберліктерін шыңдап, халықаралық додаларға қатысатын болады. Бұл жобаға республикалық деңгейде көңіл бөлініп отыр. Сондықтан сапалы әрі заман талабына сай болуы тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Жалпы аумағы 100 гектардай жерді алып жатқан базада ескек есу, академиялық есу және өзге де спорт түрлері дамиды. Сонымен бірге, бұл нысан туристерді тартатын орталыққа айналмақ. Кәсіби спортпен қатар, каналда қайықпен серуендеп, демалыс өткізуге болады. «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан су келіп, жоба жүзеге асырылады. Ал, ескек есу базасындағы су Түркістан қаласының климатын өзгерту, жасыл алқапты көбейтуге де қолданылады.


Түркістаның жазы өте ыстық болатындықтан, бұл — жағажай туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Бұрын қала аумағында бірнеше бассейннен басқа шомылатын жер тапшы болатын. Енді шаһар жаңа жасанды көлмен және жағажаймен қамтылады. Қалада «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Жасанды көлдің дамбалары орналастырылып, бетон құю жұмысы аяқталған. Туристік орталық маңы абаттандырылып, ағаштар егіледі. Жағажайға құм төселіп, демалысқа арналған нысандар салынады. Облыс әкімі мердігерлер мен жауапты басшыларға құрылысты сапалы әрі уақтылы тапсыруды жүктеді.