Түркістандық өнімдер Нұр-Сұлтанда сатылды.
Түркістан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі Нұр-Сұлтан қаласында өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
5-6 қыркүйек күндері «Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Аталған жәрмеңкеде 447,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтық бағадан 15–20 пайызға төмен бағада қала тұрғындары мен қонақтарына сатылды. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақовтың айтуынша, Нұр-Сұлтанға рухани астанадан 34 жүк көлігіне тиелген 267,7 тонна көкөніс, бақша, картоп, 29,5 тонна жеміс-жидектер, 72 тонна ет және ет өнімдері, 47,5 тонна сүт өнімдері, 10 тонна балық, 6 тонна әсел, 14,5 тонна жеміс шырыны мен консерві өнімдері әкелінген.
Негізгі өнімдер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында сиыр етінің нарықтағы орташа бағасы 2000 – 2100 тг/кг құраса, жәрмеңкеде 1700-1800 тг/кг., қарбыз, қауын 130-200 тг/кг. болса, жәрмеңкеде 75-100 тг/кг., көкөніс өнімдерінің орташа бағасы 150-200 тг/кг. болса, жәрмеңкеде 100-150 тг/кг. қала тұрғындары мен қонақтарына сатылды.
Атап өтейік, елімізде наурыз айынан бері өтіп жатқан карантин режиміне қарамастан Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешені саласында даму қарқыны тұрақты түрде жалғасуда.
2020 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің түсімі 235,5 млрд.тг құрап, тиісті кезеңмен 23,8 млрд. теңгеге артқан. Айта кетейік, Республикадағы жалпы өнімнің 14,0 пайызы Түркістан облысына тиеселі.