Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты Түркістанда өтетін концерт кейінге шегерілді

0
2 433

Тектілік пен кісіліктің керемет үлгісі болған Шерхандай ағамыздың қадір-қасиетінің айрықша екендігін жан жүрегіммен түсінемін. Ағамыздың мұраттас шәкірті әрі шынайы оқырманымын деп нық сеніммен айта аламын. (@) Жансейіт Түймебаев.


Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты Түркістанда өтетін концерт кейінге шегерілді

Бүгін, 10 қазан күні Түркістан қаласында «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өтуі тиіс болатын. Алайда Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты бұл концерт кейінге шегерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл тоғызыншы рет қолға алынған өнер мерекесі Түркістанда тұңғыш рет өткелі тұрған. Еліміздің әр өңірінен келген белгілі өнер жұлдыздары мен ұжымдары, түсірілім топтары да концертке дайын еді. Ұлт қайраткерінің қазасына байланысты Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай шешім қабылдады.
Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтардан, өнерпаздардан түсіністік танытуларын сұранамыз. Ретро-фестивальдің қашан өтетіні туралы алдын ала хабарланады делінген баспасөз хатында.

Естеріңізге салар болсақ, бүгін облыс әкімі Жансейіт Хансейітұлы Түймебаев заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

Ал. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада: - Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаұлы Мұртазаның өмірден өтуіне байланысты, 11 қазан күні сағат 10.00-де М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрынан ақтық сапарға шығарып салады. Жазушы Кеңсай зиратына жерленеді. Қоштасу рәсімін өзі туып-өскен Жамбыл облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері, Жазушылар одағы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірге ұйымдастырады, - делінген.