​ҚР Президентінің жарлығымен Түркістан облысының өрт сөндірушілері мен полицейлері марапатталды

0
1 379

Төтенше жағдай болған сәтте шарасыз қалған адамдарды аман алып қалған 6 қызметкер "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.


​ҚР Президентінің жарлығымен Түркістан облысының өрт сөндірушілері мен полицейлері марапатталды

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Түркістанға арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Министр төтенше жағдай болған сәтте шарасыз қалған адамдарды аман алып қалған 6 қызметкерді ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері, өрт сөндіруші Бақдаулет Әлімқұлов, Құралбек Жұмабаев, Рүстем Сайдахметов, Бағлан Убайдиллаев пен Полиция департаментінің полицейі полиция майоры Қанат Рақышевты "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Сонымен қатар, полиция подполковнигі Ермек Өсербаев пен полиция лейтенанты Қайрат Алекешевтер Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалдерін табыстады.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі өрт кезінде өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындаған қызметкерлерді құттықтады.

«Біздің ішкі істер органы қатарында өзінің ерлігін көрсетіп, антына адал болып келе жатқан сіздер секілді қызметкерлер барда халықтың ұйқысы тыныш және қауіпсіз болатындығына сенімім мол»,- деді ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаев.

Министр Түркістан облысы ТЖД қызметкері азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаровтың үйіне барып, оған 2-ші дәрежелі "Айбын" орденін табыс етті. Өрт сөндіруші өртті ауыздықтау кезінде ауыр жарақат алып, қазіргі уақытта үйінде емделуде. Министр подполковник Б. Абдуғаппаровқа және оның отбасына өрт сөндіру және адамдарды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, батырлығы мен жанқиярлығы үшін алғысын айтып, сауығып кетуіне тілек білдірді. Бақытжан Абдуғаппаров Арыс қаласында азаматтарды құтқару кезінде де өзінің қайсарлығымен ерекше көзге түскен.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде Түркістан қаласындағы ірі қонақүйлердің бірі «Роял Гранд» отқа оранған болатын. Оқиға орнына келген облыстың ТЖД қызметкерлері мен полицейлер жақын маңдағы аумақты қоршауға алып, қонақ үйдің қонақтары мен қызметкерлерін дереу эвакуациялауға кіріскен болатын. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 50 адам эвакуацияланды.

Сол сәтте, тәртіп сақшысы Қанат Ракишев өз өмірін қауіпке тігіп отқа оранған ғимараттан шыға алмай қалған Түркия елінің екі профессоры мен 4 жасар бүлдіршінді дін аман алып шыққан еді. Осындай ерлігімен көзге түскен батырымыз бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Патрульдік полиция батальонының қызметкері, Отанына деген адалдығымен қалтқысыз қызмет етуде.

Министр өзінің киелі мекендегі іссапарының соңында облыс орталығына келгеніне бір жыл уақыт болған Полиция департаментінің ғимаратын аралап, полицейлердің қым-қуыт жұмысымен де танысты. Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев департамент жанынан ашылған халықтық-кеңсеге кіріп, полицейлердің жаңа форматқа көшіп халық алдындағы ашықтық пен мөлдірлігін көрсетіп, сол бағытта жүйелі жұмыстар атқарып жатқандығына ерекше мән берді.