​«Лай суды тасып ішеміз»: түркістандық тұрғындар шу шығарды (видео)

0
1 809

Әлі күнге дейін есекпен арық суын тасып ішеміз дейді Ынтымақтың тұрғындары


​«Лай суды тасып ішеміз»: түркістандық тұрғындар шу шығарды (видео)

ERNUR.KZ. Таза ауыз суға жарымай отырған Түркістан облысы, Келес ауданындағы Ынтымақ елдімекені тұрғындарының билікке деген өкпесі қара қазандай, деп жазады Elitar.kz.

Әлі күнге дейін есекпен арық суын тасып ішеміз деген олар өзгелерден неміз кем деп ашынды. Мал мен иттің өлекселері ішіп отырған суымызбен бірге ағып келеді дейді.


Арықтың суы болған соң әрнәрсе өліп қалады бұл суда. Таза су жоқ. Жазда бұл су лайқа болып, ботана келеді. Адамдар шомылады бұған. Ит, мал өліп қалады суда. Бас жақта не болады, оны білмейміз біз. Міне, мына есігімнің алдында мына су ағады... Әрнәрсе ағады. Әйтеуір ішеміз осыны амалдап",-деді Ынтымақ елдімекенінің тұрғыны Жұмагүл Усманова.

Пайғамбар жасына толған ауыл биі Әбдіәкім Аманов арық суын ішеміз деп қолымнан дәрі тастамайтын болдым деп отыр.

Шамамен 3 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауылда қалтасы көтеретіндер құдық басынан фильтрленген таза ауыз судың литрін 2 теңгеден сатып алады. Алайда тіршілік нәрінауылдың мына басындағы құдығынан келесі бір шетіне алып кету азапқа толы дегенді алға тартты. Бірі көлігімен келсе, келесісі есек арбамен тасиды. Ал жаңбырлы күндері батпаққа батып, өлместің күнін кешеміз деп отыр. Елдімекен халқын тек ауыз су емес, электр жарығы мәселесі де әбден мезі етіпті. Кеш батса, жарық жиі сөніп қала береді екен.

«Құдық жоқ емес бар, Құдайға шүкір. Бірақ ауылдың арасы шалғай. Біреуі 1 км болса, екіншісі 5 км жерден келіп су алып кетудің өзі қиын. Біреудің көлігі, екіншісінде жоқ. Светіміздің тұрысы мынау. Екі сыммен елу үй жалғанған. Ақырында кешке қарай адамдар балдарының басын сипап жүріп мынау пәленше, мынау түгенше екен деп ажыратып алады»,-деді ауыл биі.

Көкейді тескен проблемамызды айтып талай есікті қақтық, табан тоздырдық деген ынтымақтықтар билік жыл сайын құрғақ уәдені үйіп-төгуден шаршамайды, шалғайда жатқан ауылдан әкім қаралар тіптен хабар да алмайды деп отыр. Ал шағымын айтқан қараша халық "бәлеқор, жазғыш" дегенді атқа ие болдық дегенді алға тартты.

"Бізге ешкім келмейді ғой. Жағдайың қалай деп ешкім хабар алмайды халықтан. Не істеп жатсың демейді...

Халыққа қамқор боп жүгіріп жатырмыз ғой. Бәлеқор, жазғыш дейді бізді. Сондай атаққа ілініп жатырмыз. Бірақ біз өзіміз үшін емес, бүкіл халықтың қамын ойлап отырмыз",-деді мазасы қашқан тұрғындар.

Ашынған халықтың жанайқайынан билік хабардар. Тіпті жылдар бойы халыққа уәде беріп келгендерін де жоққа шығармайды. Тек сағызша созылған түйткілді шешуге қазына қаржысы қолбайлау болып келіпті.

"Бұрын Сарыағаш кезінде болды кем-кетік, оны мойындаймын. Істейміз деп келдік, енді істелініп жатқан факті бар ғой. Осы уақытқа дейін ондай жұмыс болмаған, кеше 2018-де басталды, Құдай қаласа 2019-да шешімін табады деп күтіп отырмыз. Қаржы табылса, оны биыл-ақ бітіріп тастауым мүмкін" деп ағынан жарылды Ақтөбе ауылдық окурігінің әкімі Бақтияр Кенжебеков.