Бекет иелегінде «Джон-дир» комбайны бар. Төрт жүйекті бір мезетте теруге қауқарлы текника мақтаның әр гектарын 50 мың теңгеден теріп беріп жатыр.
Жетісай ауданында мақта теру науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда ауданымызда 6 мақта зауыты мен 94 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істеуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солардың бірі – Атамекен ауыл округіндегі Атамекен ауылында орналасқан «Қансуар-инвест» ЖШС-нің мақта қабылдау бекеті 364 тонна ақ алтын жинап үлгерген. Осы науқан кезінде бекет басшылығы 1 мың тонна мақта қабылдауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қабылдау пунктінде 11 адам жұмыс істейді.
«Бекет иелегінде «Джон-дир» комбайны бар. Төрт жүйекті бір мезетте теруге қауқарлы текника мақтаның әр гектарын 50 мың теңгеден теріп беріп жатыр. Шаруаларға мақтаның әр тоннасына 180 мың теңгеден төлеудеміз. Таразымыз жаңа, мақта шығынына қойылып отырған бағамыз да шынайы»,- дейді бекет басшысы Қалдан Ратов.
Айта кетейік, жалпы биыл Атамекен ауыл округінде 6250 гектар жерге мақта егілсе, соның бүгінде тең жартысынан астамы бірінші терімін аяқтаған.