Мақтааралдағы тасқын судан зардап шеккен азаматтарға 500 ерікті көмектесіп жүр

0
876

Оның 150-ге жуығы тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.


Мақтааралдағы тасқын судан зардап шеккен азаматтарға 500 ерікті көмектесіп жүр

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Мақтаарал ауданында жұмыс істеп жүрген еріктілермен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олар басқосуда волотерлардың жұмыстарымен танысып, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды түсіндірді.

Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жастар орталығының жанынан "Біргеміз, Мақтарал" волонтерлар штабы құрылған. Штаб жетекшісі болып «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Амалбек Өміртай бекітілді.

«Мақтаарал ауданындағы тасқын су салдарынан қиын жағдайда қалған ауыл азаматтарына көмектесу және төтенше жағдайдан келген зардаптарды жою жұмыстарына жалпы 500-дей ерікті атсалысуда. Оның 150-ге жуығы тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Еріктілер Жамбыл ауылдық округіндегі №36 жалпы орта мектебіне жайғастырылып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Қазіргі таңда волонтерлар облыстық төтенше жағдай штабы тарапынан ұйымдастырылған барлық жұмыстарға атсалысуда. Атап айтқанда, тасқын суда қалған ауыл азаматтарын эвакуациялық бекеттерге орналастыру, гуманитарлық көмекке келген тауарды тасымалдау, мұқтаж азаматтарға үлестіру сияқты шаруаларды атқаруда», – деді А.Өміртай.

Аудандағы ауылдарды тасқын су басуына байланысты жалпы 31 мыңнан астам азамат қауіпсіз аймаққа эвакуацияланса, бұл жұмыста да да еріктілердің үлесі бар.

«Волонтерлық жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері де белсене қатысуда. Еріктілер эвакуациялық бекеттерде күштік құрылымдардың шаруасына да көмектесіп жатыр. Төтенше жағдай орын алған алғашқы күндерде жергілікті ауыл жастарынан ұйымдастырылған волонтерлық топтар 12 шақырым қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға атсалысты. Сонымен қатар, олар мәдениет, қоғам қайраткерлерімен бірігіп, тұрғындарды сабырлыққа шақыру жұмыстарына да белсене араласуда», – деді облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман.

Бұдан бөлек, Шымкент, Нур-Султан, Алматы қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық "Jas Otan" жастар қанатынан гуманитарлық көмектер келуде. Бүгінгі таңда волонтерлардың күшімен 10 мыңнан астам медициналық бетперде мен антисептикалық құралдар таратылып берілді.