Мақтаралда өлекселер жол бойында өртеліп, қалдықтары ашық жатыр

0
5 735

​Ең сорақысы – елді мекендердегі иесіз ит-мысықтардың өлекселерінің тиісті орындарда емес жол бойларында, елді мекендерге жақын маңдарда өртелуі.


Мақтаралда өлекселер жол бойында өртеліп, қалдықтары ашық жатыр

Суреттер: автордыкі

Автор: Бауыржан НАЙМАНОВ

Түркістан облысы, Мақтарал ауданында ешкімнің балансына енбеген 8 беккери шұңқыры бар. Ветеринария мамандары түрлі аурулармен өлген малдардың өлекселерін шұңқырға емес оның сыртына өртеуді әдетке айналдырған. Өйткені, аталмыш шұңқырлардың маңында жаңадан өртелген мал өлекселері мен сүйектерінен көз сүрінеді.

Бейресми мәліметтерге қарағанда олардың саны 12-ге жетеді. Бірақ, түрлі себептермен тендері өткізіліп, салынып бітті делінген мал өлекселерін өртейтін төр торынның аты да, заты да жоқ бұл күнде. Ал, көзге көрінетін сегізі ешкімнің еншісінде болмаса да, тиісті талаптарға сай келмесе де оларды аудандық ветеринария бөлімі пайдаланып келеді. Олардың бірінің бетіндегі қақпағы жоқ болса, енді біреулерінің шатыры желге ұшқан. Бөгде адамдар мен ит-мысықтардың кіруіне тыйым салынатын орынның қоршауы құлаудың сәл-ақ алдында тұр.

Мақтарал – егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дұрыс жолға қойған аграрлы аудандардың бірі болғандықтан мұнда мал басы санының артуы да күн санап байқалуда. Мал басы артқан жерде ветеринария саласына жасалатын жағдайлардың да жақсаруы тиіс екені айтпаса да түсінікті жағдай. Алайда, мұндағы жағдай мүлдем басқаша.

"Аудандағы ветеринария саласындағы кемшіліктердің орын алуына талдау жүргізіп (мал өлекселерін тастайтын және мал шомылдыратын орындардың дайындығы, мал соятын орындардың жұмысы мен қаңғыбас ит-мысықтарды аулау), оларды жою үшін кешенді шаралар қабылдап, жұмыс жүргізілсін. Орындау мерзімі – 2016-жылдың соңына дейін». Бұл кезіндегі ОҚО, бүгінгі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Мақтарал ауданына жасаған іс-сапары кезінде қадап айтылған күрделі тапсырмаларының бірі еді. Аталмыш тапсырма қалай орындалды? Бүгінде аудандағы мал өлекселерін тастайтын орындардың жай-күйі қалай? Иесіз ит-мысықтар қалай ауланып, олардың көзі қалай жойылуда? Жалпы облыс басшысының тапсырмасын аудандық ветеринария бөлімі қалай жүзеге асырып жатыр деген сұрақтарға аз-кем тоқталсақ.

Ең сорақысы – елді мекендердегі иесіз ит-мысықтардың өлекселерінің тиісті орындарда емес жол бойларында, елді мекендерге жақын маңдарда өртелуі.

Осы бір жұмысты атқару ісіне жергілікті бюджеттен жылына 9 млн-ға жуық қаржы қарастырылады екен. Көзі жойылған әрбір ит-мысыққа 813 теңгеден қаражат та төленеді. Қаралған қаржы қаңғыбас ит-мысықтарды жойып қана қоймай, оның залалсыздандырылуына да есептелген шығар? Әлде, бұл жерде аудандық ветеринария бөлімі үнемшілдікке иек артып отыр ма екен? Шіліңгір шілденің аптап ыстығында шала өртенген өлекселерге қонған кез-келген шыбын жақын маңдардағы елді мекендердегі азық-түлікке қонып, жұқпалы ауру таратса кінәні кімнен іздейміз? Сала мамандарының салғырттығы сан мыңдаған адамның өміріне, денсаулығына қауіп төндіріп отырғанын неге ешкім байқамайды?

Жауабы жоқ сансыз сұрақтар. Шешімін келер күннің еншісіне қалдырайық. Десек те, бір-екі адамның жауапсыздығы мен өз қызметіне немқұрайлылығының салдарынан ауру жұқтырып, адам шығынына ұшырап жатпасақ болды.