Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімін қабылдады

0
556

Түркістан облысын дамытудың 2018-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын қайта жаңартуды тапсырды.


Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысына Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты қабылданған шаралар, өңірдегі коронавирус індетіне қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өмірзақ Шөкеев облыста ковид-менеджмент бойынша жүйелі жұмыс жасалғанын, санитарлық-эпидемиялық тәртіптің қатаң сақталғанын, халыққа екпе егу ісінің қарқынды жүріп жатқанын айтты. Жалпы Түркістан облысы бойынша 1 миллион адамға екпе егілуі керек болса, бүгінде 200 мың адамға вакцина салынған. Аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, қажетті құралдармен жабдықталған. Өңір басшысының айтуынша, қазір облыс «жасыл аймақта», соған сәйкес кейбір шектеулер алынып жатыр.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толады. Мемлекет басшысына осы аралықта атқарылған жұмыстар мен өңірдегі өзгерістер туралы айтылды. Өмірзақ Шөкеев облыстың жалпы ішкі өнімі 41 пайызға өскенін, инвестиция 2,4 есе артқанын, құрылыс саласында ірі жобалар іске асқанын, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес бойынша оң көрсеткіш бар екенін атап өтті.

Облыс әкімі Түркістан қаласында қолға алынған жұмыстар жөнінде бөлек баяндады. Қалада 250-ден астам жоба жүзеге асырылған. Түркістанға 445 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев алдағы уақытта атқарылатын жобалар туралы да мәлімет берді. Мемлекет басшысы Үкіметпен бірлесіп Түркістан облысын дамытудың 2018-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын қайта жаңартуды тапсырды.