ОҚО әкімдігінде аудандардың даму концепциясы талқыланды

0
1 401

​Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдерінің 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен 2018 жылы атқарылатын жұмыстарын тыңдауға кірісті,-деп хабарлайды баспасөз қызметі.


ОҚО әкімдігінде аудандардың даму концепциясы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдерінің 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен 2018 жылы атқарылатын жұмыстарын тыңдауға кірісті,-деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Әр ауданды жекелей дамытудың жаңа концепциясын дайындау облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр.

Қабылдау барысында Бәйдібек ауданының әкімі Бахытбек Танагөзов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы - ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамыту және туризмді өркендетуге бағытталып отырғанын атап өтті.

«Аталған даму құжаты аясында 2025 жылдар ішінде ауданда жалпы құны 134 млрд. теңге шамасында болатын 26 жоба іске асып, жаңадан 700-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал аудан бойынша жасалған тұрғындардың тұтынуын талдау нәтижесінде өнеркәсіптің төмендегі салаларын дамыту қажеттілігі анықталды. Олар - ет-сүт өнімдері, өсімдік майы, макарондар, жармалар мен құрылыс заттары»,-деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, концепцияда туризм саласы мен ауданның негізгі салаларының бірі болып табылатын аграрлық саланы дамыту жайы да қаралған. Аймақ табиғатының жағдайы мен тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы екенін ескерілген бұл құжатта 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 46,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығының дамуына негізгі серпіліс беретін фактордың бірі жерлерді заманауи үнемдеу және жаңа технологияны қолдану арқылы суландыру. Осыны назарға алған облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алып, игерілмеген жерлерді қолданысқа қосуды айтты.

«Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылық саласын өркендетуге қолайлы аймақтардың бірі. Осындай ауданда жалпы жылыжай көлемі аз болғаны түсініксіз. Мен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға сыртқы инвесторларды тарта отырып, кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарын ашу жұмыстарын қарқындату керек. Яғни, осы арқылы салық көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетесіздер», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев ауданның дамуына серпіліс беретін тұжырымдамада ауыл шаруашылығына, яғни, мал шаруашылығы мен егіншілікке басымдық берілгенін айтты. Концепцияда көрсетілгендей, ауданда 2018-2025 жылдар ішінде жеміс-жидек көлемі 150 гектарға ұлғайтылып, жалпы 915 га жерге көпжылдық жеміс ағаштары егіледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде 9 мың тонна өнім алу күтілуде. Ал жүзім 70 гектар жерге егіліп, жалпы 385 га жеткізілмек. Осылайша өнімді 8 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар осы жылдар ішінде 80 гектар жерге жылыжай салу жоспарланса, 72 шаршы метр болатын су нысандары қайта жөндеуден өтіп, нәтижесінде 790 гектар жер қайта айналымға қосылмақ.

Мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың басты құралы екенін айтқан аудан әкімі 2025 жылға дейін ірі қараны 9 мың 400 басқа, ұсақ малды 36 мың басқа көбейту жоспарда бар екенін атап өтті. Содай-ақ ол жылқыны 13 мың 600 басқа, құстың барлық түрін 7 мыңнан астам басқа жететінін жеткізді. Осының нәтижесінде 4 мың тонна шамасында ет, 0,8 млн дана жұмыртқа, 8 мың тонна сүт өндіру жоспарлануда екен.

Аудан әкімінің даму концепциясын мұқият тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев «Қазығұрт - Кеме қалған» туристік аймақты басты назарда ұстауды және жылыжай көлемін арттыру жайы мен интенцивті бауды өркендетуді тапсырды. Мұнан басқа, мал шаруашылығымен айналысатын кооператив құруды, оның ішінде құс шаруашылығымен айналысатын кооперативтерді дамытуды жүктеді. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан егістік жерлерді анықтап, оған тиісті шараларды қолға алуды жүктеді.

Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқармалардың қатысуымен жасалған ауқымды құжат аудан халқының әлеуметтік, тұрмыстық салаларында кездесетін өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.