ОҚО-да тағы да үшем дүниеге келді

0
2 342

Үшемдердің ата-анасы Кенжалы Серікбаев пен Мәдина Карибаеваның отбасында мұнан бұрын, 2 ұл, 1 қыздары бар болатын. Енді олардың шаңырағы үшеммен толығып, 6 бала болып отыр.


ОҚО-да тағы да үшем дүниеге келді

4-маусым, Мемлекеттік Рәміздер күнінде ОҚО Түлкібас ауданында үшем дүниеге келді. Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны, 34 жастағы Мәдина Карибаева 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Оңтүстік Қазақстан" газетіне сілтеме жасап.

Ұлдардың бірінің салмағы 2440, екінші ұлдың салмағы 2230, ал қыздың салмағы 2220 болған. Дәрігерлердің айтуынша анасының да, балаларының да жағдайлары жақсы.

Үшемдердің ата-анасы Кенжалы Серікбаев пен Мәдина Карибаеваның отбасында мұнан бұрын, 2 ұл, 1 қыздары бар болатын. Енді олардың шаңырағы үшеммен толығып, 6 бала болып отыр.

Кенжалы жеке шаруамен айналысса, Мәдина үй шаруасында. Қолдарында 82 жастағы қарт аналары бар. Дариха әжені құттықтап барғанымызда қуаныштан толқып, «бергеніне шүкір» дей берді.

«Менің шешем, нағашы апам егіздер туған екен. Ал өзімде болмады» дейді. Кейуананың өзі де 10 баланы өмірге әкелген батыр ана екен. Бүгінде немерелер мен шөберелердің думанына бөленіп отыр. Кенжесінің қолында тұрады. Үшемдердің өсіп-жетілулеріне қолынан келгенше көмек бермек.

Мәдинаның анасы Құрманкүл де 11 бала тапқан. Тұқымдарында үшем тапқан аналар болмағанмен, егіз бар екен. Қуанышқа кенеліп отырған отбасының үлкен баласы Нұрбол 14-ке қадам басса, екінші баласы Амантай 11-де, ал үшіншісі Зарина 8 жаста.

Үшемдер Кенжалы мен Мәдинаның 8 жылдан бері көріп тұрған перзенттері. Астанадағы әпкелері үшемдерге Ілияс, Мирас, Мәриям деген есімдер қойыпты.