Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі кешен көрмесі өз жұмысын бастады.
Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі кешен көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстан елінің қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрмеде оңтүстікқазақстандықтар назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылады. Яғни, Астанадағы Елбасы музейінен 800-ге жуық түпнұсқа қолжазба, суреттер және жеке заттары әкелінді. Еліміздегі облыстар арасында алғаш рет Оңтүстік өңірінде бастау алған көшпелі көрме 2018 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын болады.
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ-нің директоры Махмұт Қасымбеков пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және облыс зиялылары мен жастары қатысты.
Шарада сөз алған Махмұт Қасымбеков көрмені шырайлы Шымкент қаласында өткізу кездейсоқ емес екенін атап өтті.
«Бүгін аяулы Алматыдан кейін көрмені шырайлы Шымкент қаласында ашқалы отырмыз. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысының еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы рөлі аса зор. Екіншіден, бұл өңір - халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің кеніші, ана тілімізбен ұлттық құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмаған ордасы. Сондықтан Шымкент баршамыз үшін әрі ыстық, әрі жүректерімізге жақын. Көрменің аясында киелі Түркістан қаласында кездесулер және облыстың бірнеше оқу орындарында семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады. Сондықтан, бұл көрме облыстың мәдени және рухани өмірінде елеулі оқиға болады деп үміттенеміз»,-деді М.Қасымбеков.