Олимпиадаға қатысатын түркістандықтарға құрмет көрсетілді

0
411

Ел намысын қорғайтын бес спортшы бар.


Олимпиадаға қатысатын түркістандықтарға құрмет көрсетілді

Париж Олимпиадасына қатысатын түркістандық су спорты шеберлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкен спорты қауымдастығының төрағасы Денис Жәрменов Олимпиада лицензиясын жеңіп алған спортшыларды қабылдап, оларға құрмет көрсетіп, сыйақы тапсырып, төртжылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарында үкілеген үмітті ақтауларына сенім білдірді.


Ұлттық құрама сапында өңірімізден Олимпиада және Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын бес спортшы бар.


Олардың қатарында байдарка мен каноэда есушілер – Бекарыс Раматулла, Сергей Токарницкий, академиялық есуден Владислав Яковлев, параканоеден Бибарыс Спатай мен Жаңыл Балтабаева сынды талантты сайыпқырандарға мол сенім артылып отыр. Түркістан облысында су спорт түрлері қарқынды даму үстінде. Халықаралық деңгейдегі додаларда жерлестеріміздің қоржыны жүлделермен толығуда.


Айта кетейік, XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 10 күннен кейін алауы жанатын Олимпиада ойындарында қазақ спортшыларының бағы жанып, жүлделермен қуантады деген сенім бар.