Омбудсмен Артур Ластаев Түркістан облысына келді

0
702

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Омбудсмен Артур Ластаев Түркістан облысына келді

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті. Түркістан облысының әкімдігінде өткен кеңесте ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Түркістан облысы әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Мәжіліс отырысында өзара ынтымақтастық және ҚР Адам құқықтарын қорғау мәселесі туралы кеңінен талқыланды. Кеңеске Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова, Түркістан облысының құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері қатысты. Омбудсмен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын дамытудың бірнеше негізгі бағыттарын атап өтті. Сондай-ақ әр адам жасы мен жынысына қарамастан, зорлық-зомбылықсыз және кемсітусіз өмір сүруге құқылы екеніне басты назар аударды.


«Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты өте маңызды. Біз адам құқықтарын қорғаудың басқа шаралары тиімсіз болған кезде әрекет етеміз. Сонымен қатар біз басқа атқарушы немесе құқық қорғау органдарының құзыретін алмастыруға емес, толықтыруға және көмектесуге атсалысамыз», – деп атап өтті Артур Ластаев.


Мәжіліс отырысында құқық қорғау органдарында азаматтардың Конституциялық құқықтарының сақталуына қадағалауды жүзеге асыру туралы Түркістан облыс прокурорының орынбасары Ж.Нұрғали, Полиция органында азаматтардың Конституциялық құқықтарының сақталуы және оның бұзылуын болдырмау барысында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Қалдарбеков, Қоғамнан оқшауланған азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы туралы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары А.Серғазин баяндама оқыды.


Түркістан облысы бойынша өкіл кеңсесіне түсетін шағымдар әртүрлі. Олар барынша қысқа мерзімде қаралуы тиіс. Басты міндет – бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесу. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ынтымақтастық тығыз болатынын айтты.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударады. Өкінішке орай, қоғамда адамдардың құқықтарын бұзу фактілері орын алып жатады. Сондықтан бүгінгі қаралған мәселелердің барлығы аса маңызды екені анық. Біз, өз тарапымыздан, әрқашан азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстарына қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз. Осындағы барлық басшылармен біз ақылдаса отырып, қоян-қолтық жұмыс істейміз. Және осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастырамыз», - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.


Алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша арнайы жиналыстарды өткізіледі.


Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында Омбудсмен Артур Ластаев облыстағы Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен этномәдени бірлестіктер төрағаларымен кездесу өткізді. Қатысушылар сұрақтарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.