Өмірзақ Шөкеев Келестің қордаланған мәселелерін жедел шешуді тапсырды

0
709

Өзекті мәселелер ортаға салынып, нақты шешу жолдары талқыланды.


Өмірзақ Шөкеев Келестің қордаланған мәселелерін жедел шешуді тапсырды

Өмірзақ Шөкеев Келес ауданының экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері сараланған есептік жиынға қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданын газдандыру, ауыз сумен қамту, ағын су және инфрақұрылым салаларындағы қордаланған мәселелер жедел шешілуі тиіс. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамытып, инвестиция тарту ісі жандануы керек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданының экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері сараланған есептік жиында аудан әкімі Ақментай Есбаевқа осы және өзге де міндеттерді жүктеді. Ауданда бір жылда атқарылған жұмыстар сараланған жиында өзекті мәселелер ортаға салынып, нақты шешу жолдары талқыланды.


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір көрсеткіштер толық орындалмағанын қатаң сынға алып, жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жаңа жобаларды қолға алуды жүктеді.


«Келестің ауа райы мен табиғаты өте қолайлы. Бірақ ол мүмкіндік пен артықшылықты толық пайдаланып отырған жоқсыздар. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, агросала мен мал шаруашылығын дамыта түсу керек. Неге ұйымдастырмайсыз? Әлде жұмыс күші жоқ па?», – деді өңір басшысы.


Келесте 83 елді мекеннің 50-і табиғи газбен қамтылып, қамту көрсеткіші 80,1 пайызға жеткен. 2021 жылы 9 елді мекеннің газ нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталған. 14 елді мекенде ауыз су құрылысының жұмыстары жүргізіліп, қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткен. Өңір басшысы ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жобаларды жалғастыруды тапсырды.


«Елді мекендерді газдандыруды күшейту керек. Жер асты суларын барлау, жылыжай шаруашылығы, су қоймаларды тиімді пайдалану бағыттарында жұмыс жандансын. Ауыл ішіндегі сапасы сын көтермейтін жолдарды ретке келтіріңдер», – деді Ө.Шөкеев.


2021 жылы Келес ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 89,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,2 млрд. теңгеге артты. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 69,4 пайызды құрап отыр. 2022 жылы жалпы өндірілген өнім көлемін 95,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ауданға барлығы 13,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 543,5 млн. теңгеге өскен.


Аудан әкімі мал шаруашылығына қуаңшылықтың әсер еткеніне және осы саладағы өзге де мәселелерге тоқталып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Аймақта ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд. теңгені құраған. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұмысын бастап, 121 мың тонна бақша және көкөніс өнімі жиналған. Солтүстік Ташкент каналының аудан аумағындағы Жүзімдік, Бірлесу, Ақтөбе ауылдық округтерінің 19,2 шақырым бөлігі механикалық тазалаудан өткізілуде. Нәтижесінде 1500 га жер қайта айналымға түсетін болса, 2922 га жерге су өткізу мүмкіндігі жақсаратын болады.