Оннан астам елдің өнерпаздары Түркістанда бас қосады

0
644

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр


Оннан астам елдің өнерпаздары Түркістанда бас қосады

Түркістанда қазан айында халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы өткізілмек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде өңір мен облыс орталығы түрленіп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, адам тәнті боларлықтай өзгерді десек, артық айтқандығымыз болмас. Оның үстіне қазір мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде, облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен осы салаға қатысты мекемелер де руханият саласының жаңғыра түсуіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Алдағы уақытта да облыс мерейтойына арналған көптеген іс-шара өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде арнайы баспасөз жиынын өткізген қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қонысбеков Әділ, САҚ киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев пен облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов мәлім етті.


Қала әкімі орынбасарының айтуынша, қазан айында халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы өткізілмек. Жалпы, бұл жоба 2020 жылдан бері өткізіліп, Қарашай-Шеркес Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Татарстан, Куба, Украина, Беларусь, Бурятия, Грузия, Түркия, Сербия секілді елдердің жүзге тарта өнерпазы қазақ әндерін нақышына келтіріп орындаған. Тиісінше, малдовалық Галина Шкода, бурятиялық Цыден Еши Бимбаев сынды әншілер жеңімпаз атанып, ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті бүгінде қазақ әндерін насихаттауға зор үлес қосып жүр.


Сондай-ақ, түркітілдес мемлекеттердің мәдени байланысын нығайтып, жасөспірімдерді елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында 16-18 маусым күндері «Farab» кітапханасында «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өткізіледі. Одан бөлек, бұған дейін Астанадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында өткен Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Менің Қазақстаным!» атты ән кеші 17 маусым күні Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өтетін болады.


«Сонымен бірге, тамыз айында «Арыс жағасында» ретро фестивалі, «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы және «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерті ұйымдастырылады. Оған қоса, мекемелерде «Түркістанның жаңа дәуірі», «Түркістан – түркі дүниесінің ордасы», «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы», «Түркілер төрі Түркістан», «Түркістанның бүгіні мен болашағы», «Түркістан ер түріктің бесігі», «Түркістан – киелі мекенім», «Түрленген Түркістан» деген тақырыптармен мерекелік іс-шаралар мен көрмелер өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығынга арналған «Балбырауын» күйшілер фестивалі өткізіліп, «Жеңіс» саябағындағы ойын-сауық кешендері мүмкіндігі шексіз балалар үшін тегін қызмет көрсетеді», - деді Ерлан Бақытжанұлы.


САҚ киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев болса, осыған дейін Түркістанның тарихына арналып шығарылған туындылар кеңінен насихатталып, «Turkistan» телеарнасынан көрсетілетінін және Қ.А.Ясауидің 930 жылдығына арналған көпсериялы мультсериал дайындау қолға алынатынын жеткізді. Ал, облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспановтың айтуынша, 16-28 маусым аралығында облыс орталығында АРТ Түркістан халықаралық өнер фестивалі өтеді. Оған еліміздің 12 үздік қылқалам шебері қатысады. Олардың туындылары арнайы көрмеге қойылады. Түптеп келгенде, атқарылатын ауқымды жұмыстар оң нәтижесін беріп, Түркістанның ерекше мәртебе беруге әбден лайық екендігін айқындай түседі деп үміттенеміз.