ОҚО-да өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 6,8 пайызға артқан

0
1 238

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі орын алғанын айтқан Арман Сәбитов өнеркәсіп өнімінің көлемі 216,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8 пайызға артқан


ОҚО-да өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 6,8 пайызға артқан

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен селекторлық режимде аппараттық мәжіліс өтті.

Жиын барысында 2018 жылғы 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және экономиканың нысаналы өсу индикаторларының орындалуы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Сәбитов, бюджет қаражатының игерілуі бойынша қаржы басқармасының басшысы А.Тасыбаев, бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы жөнінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басшысы М.Отаршиев, ал халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету туралы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Б.Есқараевтың баяндамалары тыңдалды.

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі орын алғанын айтқан Арман Сәбитов өнеркәсіп өнімінің көлемі 216,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8 пайызға артқанын мәлім етті.

«Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 180 818 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 69,4 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Бұдан бөлек, облысқа 207,3 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2,5 есеге өсті. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада алғашқы орында, үлесі жағынан 2-орында»,-деді басқарма басшысы.

Баяндамада мәлім болғандай өңірде жыл басынан бері жалпы алаңы 198 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген болса, осы уақыт аралығында 2 428 жаңа жұмыс орны ашылған.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған қаржы басқармасының басшысы А.Тасыбаев І тоқсанда жергілікті бюджетке 31,8 млрд. теңге түсіп, кірістер жоспары 114,6 пайызға орындалғанын атап өтті.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы Ж.Түймебаев Елбасының жариялаған 5 әлеуметтік бастамасының орындалуын тұрақты түрде бақылауды және индикаторлардың орындалуы бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, барлық аудан, қала әкімдері мен тиісті сала басшыларына терең өңдеу ісі мен абаттандыруды қолға алуды және әр апта сенбілік ұйымдастыруды жүктеді. Бұдан басқа әкім халықты еңбекке жұмылдыру мәселелері мен мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту жайына баса назар аударды.

ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.