ОҚО-дағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті артып келеді

0
1 156

Облыс аумағында орналасқан 11 индустриялық аймақта 168,8 млрд. теңгені құрайтын 171 жоба жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.


ОҚО-дағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті артып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысында 2018 жылдың қаңтар-ақпан айында сыртқы сауда айналымының көлемі 478,7 млн. АҚШ долларын құраса, оның ішінде экспорт 224,8 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев селекторлық режимде өткен Үкіметтің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өз баяндамасында аймақ басшысы биылғы жылы шетел нарығына шығарылған өнімдердің ішінде 168 млн. АҚШ доллары болатын тауар өңдеу өнеркәсібінің өнімі екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық экспорттық стратегиясы» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 11 тармағын орындау мақсатында экспорттық әлеуеті бар өндірістерді қолдау және өңірдегі кәсіпорындардың экспорт көлемін арттыратын технологияларды енгізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бағдарлама экспорттың әлеуетін арттыруға, қазақстандық тауар өндірушілердің өнімін сыртқы нарыққа шығаруға қолайлы жағдай жасау, салаға бағытталған өндірісті дамытуға мүмкіндік береді», - деді Ж.Түймебаев.

Бұдан бөлек, әкім экспорттық әлеуетті ұлғайту мақсатында облысқа Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Сауд Арабия мемлекеттеріне жақын екендігін ескере отырып, өңіріміздің ет өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарын «Халал» стандарты талаптарына сәйкес аккредиттеу, кедендік тосқауылдарды жою, экспортталушы тірі салмақтағы және ет өнімдерін сапалы жеткізу үшін транспорттық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысынан экспортқа шығарылатын өнімдердің басым көпшілігі трансформатор, насос, тыңайтқыш және құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек препараттары, кілем және кілем бұйымдары, тоқыма бұйымдары, ұн, үндік еті мен одан жасалған дайын өнімдер.

Сонымен қатар, облыс аумағында орналасқан 11 индустриялық аймақта 168,8 млрд. теңгені құрайтын 171 жоба жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Казіргі таңда 171 жобаның 75 жобасы іске қосылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бұл жобаларға құны 43,4 млрд. тг. инвестиция тартылды. Аталған аймақта 2017 жылы 5 жоба 1900 тонна өнімді 7,8 млрд. теңгеге экспорттаған.